№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Айнымас асыл

Айнымас асыл


Ұрпақ сабақтастығы. Егемен елдің ертеңі жарқын болуы үшін өткеннің өнегесін ұмытпауымыз керек. Алдыңғы толқынның жүріп өткен өмір өткелі, көкірекке түйген даналығы теңіздей терең, сарқылмас қазына іспетті. Адам баласы бұл жалған фәниге пенде болып келген соң, міндетті түрде Жаратқанның берген ғұмырына риза болып, өнегелі ұрпақ өрбітіп, олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуына еңбек сіңіруі тиіс. Ұлағатты ұстаз, «Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі», Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», ақын Хадиша Баязитованың бүкіл болмысы, ғұмырдариясы бұған айқын мысал бола алады.


Ақын. Ұстаз. Ана. Осы үш қасиетті бір арнаға тоғыстыра алған Хадиша апамыздың соңында өлмес, өшпес мұра қалыпты.
Жер беті ана мейірімімен шуақты. Адамзат заманалар көшінде көктеп-көгеріп, үлкен мақсатқа арманын үзбесе соның түп негізінде анааның аңсар тілегі, өмір деп соққан жүрегінің құдіреті жатса керек. Тұлғаны тарих тудырады. Өзі өсіп-өнген, еңбегі сіңген ортада орны ерек, болмысы бөлек жандардың қатарында аудан ағарту саласының саңлағы Хадиша Баязитқызын еске алу кеші туған жер тарихының жартығасырлық сырлы шежіресіне сыналап көз жіберер табиғилығымен тәнті етті. Олай дейтініміз, алпысыншы жылдар аудан өмірінде алғашқы лекте білім алып келген, көзі ашық нәзікжандылардың қоғам өміріне имене енсе де игілігін тарту еткен, мешеу тұрмыс­тың мәдени нақышын қалыптастырған қуатымен ерекшеленеді. Зиялы ортада білім алып, биік мәдениеттілік, көркем болмысымен бүтін аудан өміріне өзгеше өрнек алып келген сол кезең қарлығаштары – Мавжуда Бегалиева, Антонино Огурцова, Жәмила Омарова, Манзура Құлымбетова, София Илялет­динова, Фатима Тілеубаева сынды аналар сапында Хадиша апамыздың орны бір төбе.
Шара шымылдығын ашқан аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының арнайы құттықтауын оқып берді.

– Хадиша анамыз өлең жазуға жас кезінен әдеттеніп, туындылары мерзімді басылымдарда жиі жарық көрген. Кезінде «Қазақстан әйелдері» журналына шыққан өлеңдері Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова сынды ақиық ақындардан жоғары бағасын алған. Хадиша Баязитова алғаш еңбек жолында аудан орталығындағы №51, 162 мектептерде ұстаздық етті. Одан әрі сол кездегі Төменарық кеңшары «Коммунизм» елді мекеніндегі №162 мектебін 14 жыл басқарды. 1983 жылдан бастап аудан орталығындағы №125 мектепте директор болып қызмет атқарды.

Жас ұрпаққа саналы білім, сапалы тәрбие берумен қатар қоғамдық жұ­мыстарға да белсене араласып, Төмен­арық ауылдық кеңесіне, Жаңа­қорған қоныстық кеңесіне депутат бо­лып сайланды. Зейнетке шыққан соң да Жаңақорған аудандық мұсылман әйелдерінің төрайымы ретінде талай істердің ұйытқысы бола білді, – деген мәслихат төрағасы ұрпақтар сабақтастығына негіз қалаған тағы­лымды кешті ұйымдастырған Жаңа­қорған аудандық білім беру саласының ардагерлер ұйымына алғысын айтты.
– Өткенін ұмытқан болашаққа ие бола алмайды деген сөз бар. Өткен заманда­ғы аға-апаларымыздың өнегелі жолын, ерен еңбектерін жастарға насихаттап отыру біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз. Тарих бедеріне көз салсақ, ертеде өткен абыз аналардың өмірі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Сонау қиын-қыстау жаугершілік заманда ері елін қорғаса, аналарымыз бір әулеттің киелі отын сөндірмеуді бәрінен маңыз тұтты. Міне, біздің Хадиша анамыз отбасын ғана емес, қазақ балаларына білім мен тәрбиені қатар берген, тіпті қазақ қыз-келіншектеріне үлгі бола білген нағыз қазақтың абыз анасы бола білді. Бүгінгі шарада көзкөргендер мен шәкірттері анамыздың өмірінен әдемі естеліктер айтып, жүріп өткен жолына шегініс жасап, осы отырған жеткіншектерге өнегелі әңгіме айтатынына сенімдімін, – деп алғаусыз ақ тілегін жеткізді ұйым төрағасы Аллаберген Ахметов.
Кеш барысында көрермен Хадиша анамыздың әні мен сөзіне жазылған «Қызыма» әнін Майра Алаудинқызының орындауында әсерлене тыңдады.
Игі шараға арнайы келген қоғам қайраткерлері, ел ағалары атынан Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудан­дары және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ибрагим Әбибуллаев сөз алды.
– Шығыстың бір ойшылы айтқан екен, құрметтеу құрметті адамға ғана жарасады деп. Бүгін міне, Хадиша апайымыздың құрметіне арналған шараны көріп отырмыз, бәрі жарасып тұр. Кезінде осы ауданда қызмет атқардық. Ол ауданда білім саласын арттыруда, қоғамдық қызметте әйел-аналардың ұйытқысы ретінде сенімді әріптес болды. Оның сондай сыпайы, ақылды, келбетті, көркем мінезді, нағыз ұрпақ тәрбиесіне лайықты болмысымен үлкен-кішінің жүрегінен орын алар табиғи мінезіне тәнті болдық. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі, ұстаздардың ұстазы болды, білім ордаларына басшылық етті. Жаратылысынан бойында барды шыңдай түскен, өмір жолында естiген және аңғарған нәрселердiң бәрiн жадында жақсы сақтайтын, айналасына әдiл, жұрттың бәрiне жақсылық тілеуден жаңылмаған, кәсібіне адал, нағыз айнымас жан еді, – дейді ол.
Одан әрі қоғам қайраткері Нәж­мадин Мұсабаев сынды ағаларымыз тамаша естеліктерін айтып, ізгі тілектерімен бөлісті.

– Жұмыр басты пенде өмірге әкелген ата-анасына қарыздар болса, өмір сүруді үйреткені үшін ұстазға қарыздар. Қазақ халқы кез келген зиялы қауым жиналған жерде төр мұғалімдікі деген екен. Расында да солай, мұғалімнің дәрежесі ешнәрсемен тең келмейтін, биік тұлға. Бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған ұрпақтарына үлкен ризашылығымды білдіремін. Бес жылдай ауданға басшылық еттім, әлі де байланысым үзілген жоқ. Барлықтарыңызға мың алғыс, сіздермен қауышқанымызға қуаныштымыз, – деді ел ағасы.

Ақынның студенттік жылдардан бастап бүгінге дейін ақ қағазда қатталған өлеңдері жинақталған «Бақытымды босағамнан күтемін» деп аталатын кітабы 2005 жылы жарық көрген болатын. Қаламгер тек поэзиямен ғана емес, прозаға да жиі қалам тартады. Ұстаз-ананың болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні зор «Шәкіртіме хат», «Қызыма хат» деген тақырыпта ұдайы баспасөзде жарияланып жүрген циклдық материалдары бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ. 30 жылға жуық еңбек жолында қоғам өміріне де белсене араласып, Төменарық ауылдық кеңесі­нің, Жаңақорған қоныстық кеңесінің депутаты болып, елдің әлеуметтік-саяси өміріне де етене араласқан қайраткер-ана еңбегі орынды бағаланып, саланың марапаттауларымен қоса, аудандық, облыстық партия комитетінің Құрмет грамоталарымен наградталған.
«Зер қадірін зергерлік еткен ұғады,
Лаулатып жүрген өмірлі өнер шырағын.
Жандары егіз, тілегі ортақ, ойы бір,
Іздеген бірге өмірдің қилы сұрағын» дегендей, ардагер-ұстаз, ақын аға, Қазақ КСР Оқу ісінің үздігі, облыстың Құрметті қайраткері Зинабдин Шермұхамедұлы арнайы бейнежолдау жолдап, одан жиналған қауым өткен күндерді көрінісін көргендей күй кешті. Тағылымды кеште бұдан жарты ғасыр бұрын білім шаңырағында бірге қызмет атқарған әріптестері атынан Хадиша Шүкірова анамыз сөз алып, жүрекжарды тілегін қосса, шәкірттері және ізбасарлары қатарында Әзия Қыстаубаева, Айсара Нәлібаева, Үміт Қасенова, Күләнда Жақыпбекова, Гүлбадан Байтелеевалар өткен күндердің парақтарын ақтарып, ерекше естеліктерді ортаға салды.
Рухани кеште немересі Рухия жү­регінен шыққан жүрекжарды жырын жатқа айтса, келіні Сара Бекахмето­ва Х.Баязитованың әні «Ана жүрегі» әнін орындады. Ақын-ананың «Қоштасу вальсі» әнін қызы Айнұр орындап берді.
Аудандық білім бөлімінің басшы міндетін атқарушы Бекжан Шахизат­ұлы, №125, №162 орта мектептің директорлары Серік Дүйсебаев, Болат Шерімбетов жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ал әдебиетші Батырхан Жо­ланов ұстаз шығармашылығын талдады.

***

Шара барысында ақын ана, ұлағатты ұстаз, Жаңақорған ауданының құрмет­ті азаматы Хадиша Баязитованың өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылған талапкерлер қатарында №110 мектептің 11 сынып оқушысы Әмірхан Ғарифулла бас жүлдені, 125 мектептің 10 сынып оқушысы Тасболат Нұрсезім және №168 мектептің 9 сынып оқушысы Бибасарова Нұрсауле 1 орынды, №169 мектеп 9 сынып оқушысы Қожан Аяжан 2 орынды, №286 орта мектебінің 5 сынып оқушысы Қалмахан Әлихан 3 орынды иеленді. Сайысқа қатысқан оқушыларға арнайы жүлделер табыс етілді.
Сайыстың қорытындысы бойын­ша, әділ қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған жас өрен Әмірхан Ғарифулла:
– Ұлағатты ұстаз Хадиша Баязи­тованың шығармалын арқау етіп, мәнерлеп оқу сайысына түстім. Өзім бала күнімнен ақынның шығармаларын оқып, өлеңдерін жатқа білемін. Осы сайыс ұйымдастырылып жатқанын естігенде қатты қуандым. Өйткені бұл кісінің шығармашылығы жаныма өте жақын. Сайысқа қатысқан 13 оқушының ішінен жұлдызым жанып, бас бәйгені жеңіп алдым. Өте қуаныштымын, маған үлкен шығармашылық шабыт сыйлады, – дейді.

Хадиша Баязитова атындағы сынып ашылды

Тағылымды кештің екінші бөлімінде кент орталығындағы Садықбек Сапар­беков атындағы №125 орта мектебінде ұлағатты ұстаз, «Қазақ ҚСР Оқу ісінің үздігі», «Күміс алқа» иегері, ауданның «Құрметті азаматы», қаламгер, ақын Хадиша Баязитова атындағы сынып ашылып, тұсауы кесілді.
Ұстаз атындағы сыныптың лента­сын қиған ел ағалары Ибрагим Әбибуллаев, Нәжмадин Мұсабаев, аудандық арда­герлер кеңесінің төра­ғасы Өмірсе­рік Тақырбасовтар мектеп ұжымының білім сапасын арттыра беруіне зор ті­лектестігін жеткізді.
Ардақты ана атындағы сы­ныпты арнайы жабдықтап отыруды ұрпақтары міндетіне алды.

Әсел Рзаева


---
13 қараша 2023 ж. 104 0