БҰЛТАРТПАУ ШАРАЛАРЫН САНКЦИЯЛАУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасының Конституциясының 16-бабына сәйкес, әркім өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар, ал заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады делінген.
Осыған сәйкес, қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз ету мақсатында аталған тақырып бойынша аудандық соттың мәжіліс залында дөңгелек үстел өткізілді.
Шараға сот төрағасы Ә.Түбекбаева, судья Э.Рыскулов, аудан прокурорының орынбасары А.Саркөбен, аудандық заң кеңес беру бөлімінің адвокаты Г.Жүсіпалиева, АПБ-нің тергеу бөлімінің бастығы Р.Сұлтанқұлов пен тергеушілер қатысты.
Аудандық соттың төрағасы Ә.Түбекбаева шараны ашып, аталған тақырып бойынша түсіндірме беру үшін аудандық соттың судьясы Э.Рысқұловқа сөз берді.
Өз кезегінде судья Э.Рысқұлов ҚПК-нің талаптарына сәйкес, күзетпен ұстау мерзімі нақты ұсталған кезден бастап есептеледі, осыған байланысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қаулыда: осы мерзімді есептеудің басталу минутына дейінгі дәлдікпен; осы бұлтартпау шарасы санкцияланатын мерзім; осы мерзімнің аяқталу уақыты бір минутқа дейінгі дәлдікпен көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ күдіктіге, айыпталушыға бұлтартпау шараларын санкциялау туралы тергеу судьясына өтінішхат жолдау барысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының жіберетін кемшіліктерін де атап өтті.
Тергеу іс-әрекеттерін санкциялау кезіндегі түйіткілді мәселелерді көтере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы заң бұзушылықтарға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеуді, жол берілген жағдайда оларды жоюға дереу іс-шаралар қабылдау керектігін айтып өтті.
Шара соңында қатысушылар туындаған сұрақтарын ортаға салып, өзара пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.