» » Жаңақорған аудандық сотында заңнама жаңашылдықтары талқыланды

Жаңақорған аудандық сотында заңнама жаңашылдықтары талқыланды



Жаңақорған аудандық сотының мәжіліс залында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 21 желтоқсан 2017 жылғы №118-VI заңын талқылау мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға аудандық соттың төрағасы мен судьялары, кеңсе қызметкерлері, аудан прокуроры, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы міндетін атқарушы және қызметкерлеріқатысты.
Сот төрағасы Н.Қосанов дөңгелек үстелді ашып, өз сөзінде қылмыстық процесті әрі қарай жаңғырту мен сот төрелігін жетілдірудегі қабылданған шаралар құқық қорғау тетіктерін күшейтетінін, қылмыстық сот ісін жүргізудегі ашықтықты қамтамасыз ететінін жеткізді. Сот төрағасы жаңашылдықтардың бірі ретінде бұйрықтық өндірісі енгенін, күдіктілерді ұстау мерзімінің 72 сағаттан 48 сағатқа, ал кәмелетке толмағандарды ұстау мерзімінің 24 сағатқа дейін қысқарғанын атап өтті.
Аудандық соттың судьясы Б.Елшібеков өз баяндамасында тергеу судьясына қатысты өзгерістер мен толықтыруларды баяндады. «Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу санкциясы, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімін ұзарту, оған қатысты жасырын тергеу іс-әрекеттері жүргізілген туралы сол адамды хабардар ету прокуратурадан соттарға беріледі. Оның ішінде, прокуратурадан сотқа санкциялау бойынша кепілді қолдану функциялары, мәжбүрлеп куәландыру, үлгілерді алу ұсынылады», - деді Б.Елшібеков.
Іс-шара барысында дөңгелек үстелге қатысушылар заңнама түзетулерін және практикалық жүзеге асыру мақсатында енгізілген жаңалықтарға әрдайым семинар, дөңгелек үстелдер өткізу қажеттігін айтып, тиісті ұсынымдарды жасады.
15 қаңтар 2018 ж. 1 390 0