» Әскер әлеуеті әлсіремеуі керек

Әскер әлеуеті әлсіремеуі керек


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент мәжілісінің отырысында ұлтты қорғаудың маңыздылығын айтып, кешегідей ел басына күн туғанда халықты қорғайтын әскери күштің құрылымына арнайы тоқталды. Осы орайда аудан жастарының да әскери борышқа деген жауапкершілігін арттыру керектігі айтпаса да түсінікті. Міне, нақ осы себептен әскери оқу сала қызметкерлерінің жастармен жүзбе-жүз кездесулерінің маңызы үлкен. Осындай шара аудан орталығындағы №110 мектеп-лицейінде өтті.


Кенттегі №125, №163 және №110 мектеп оқушыларының басын қосқан жиын Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Өрендердің өн бойында өскен өңірге деген ыстық ықылас өз алдына, оның қорғаны болуға ұмтылыс кәсібилікпен бекемделуі керек. Осы бағытта сөз алған аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жасақтау бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Ерік Ахметовтың сөзі былай сабақталды:
– Отанды қорғау, отбасын асырау әр ер азаматтың айнымас міндеті. Дүниеге азамат болып келген соң, туған жерді қорғау керек. Біз бүгінгі жастарға, яғни сендерге ел ертеңін үлкен сеніммен тапсырғалы отырмыз. Ұлан-ғайыр жерімізді болашақта өздеріңдей жігіттер қорғамаса, кім қорғайды? Біздің елді шет мемлекеттердің әскері қорғамайды. Мемлекетіміз өзімізге аманат. Сондықтан сендер бүгіннен осыны ойлауларың керек. Дүниеге ер жігіт болып келген соң әскерге бару, әскери сауатты болу керек. Бұл – талқыланбайтын міндет, – деді Ерік Жұмаділлаұлы.
Одан әрі Шоқан Уалиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінің оқытушысы Шанияр Мырзабаев сөз алып, оқушыларға әскери білімнің артықшылығын түсіндірді.
– Біздің оқу орнынан бүгінге дейін 2500-ден аса әскери түлек қанаттанды. 11- сыныпты бітіріп әскери колледжге түскен түлек 1 жыл 10 ай оқиды. Оқу барысында негізгі әскери пәндер (оған қару ату, әскери техниканы жүргізу сияқты сабақтар кіреді) мен ағылшын тілі пәні оқытылады. Колледжді бітірген түлек міндетті түрде дипломмен, әскери билетпен, «В,С» категориялы жүргізуші куәлігімен және жұмыспен қамтамасыз етіледі. Оқу барысында ағылшын тілін жақсы меңгеруге мүмкіндік бар. Оқуды бітірген соң курсанттың шет елде оқуына, жоғарғы оқу орнына түсуіне болады,– деді Шанияр Ғаппарұлы.
Оның айтуынша, әскери колледжді бітірген курсант «Бөлімше командирі» немесе «Взвод командирі» лауазымына тағайындалады. Оқуды тәмамдап, 10 жылға келісім-шартқа отырған курсантқа 6 айдан соң қажеттілік үшін, әскерлерді қолдау мақсатындағы 1 млн 500 мың теңге ақша беріледі. Әскери қызметкерге жалақы уақытылы беріліп, қосымша пәтерақы төленеді. Кез-келген әскери қызметтегі азаматтың жұмыс жасап жүріп оқып, жоғарғы диплом алуына мүмкіндік бар. Жоғарғы диплом әскери шен алуға көмектеседі. Колледжде курсанттарға барлық жағдай жасалады. Жатын орын мен тамағы тегін.
Сонымен қатар, әскери теңіз күштері, Мемлекеттік күзет қызметі, арнайы жасақ сияқты қызмет түрлеріне маманданғысы келген курсанттар арнайы емтиханнан өтіп, өз еркімен барады. Оқуға түсуге ниетті мектеп түлектеріне ҰБТ-ның нәтижесі маңызды емес. Ол үшін 18 сабақтың қорытынды бағаларын қосып, оны 18-ге бөлесіз. Шыққан балл 3,3-тен кем болмаса жеткілікті. Оған қоса дене тәрбиесінен емтихан тапсырып, қажетті құжаттарды жинайды.
Талапкердің 17 мен 22 жастың аралығында болуы міндетті. Мерзімді әскери қызметін өткерген және келісімшартпен әскери қызметтегілерді 24 жасқа дейін қабылдайды. Оқу процесінде әрбір кадетпен Қарулы Күштерде сержанттар құрамы лауазымдарында әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасалады. Кадеттер әскери бөлімдерде бөлімше команждирлері лауазымдарынан бастап, Қарулы Күштердің бас сержантына дейін мансаптық жолмен өсе алады.
Расында, Алтайдан Алатауға дейін созылған ұлан-ғайыр жеріміздің болашағы бүгінгі жастардың қолында. Әскери оқуға немесе әскерге баруға ынтасы жоқ ұлан ұлтына қорған бола ала ма? Алла бетін аулақ қылсын дейміз, ел басына күн туа қалса қару алып, Отанды, артындағы отбасын, қаракөз қарындастарын қорғауға аттанатын нақ осы ер азаматтар ғой. Кей азаматтарымыздың «Әскерге барудың қажеті қанша, бір жағдай болса қолға қару алып, ел қорғаймыз», – деген уәждерін де естіп жүрміз. Оны қалай түсінеміз? Тәжірибесі жоқ адам қай істің болмасын басын ұстай алмайды. Соңы бақытсыздықпен аяқталары сөзсіз. Міне, нақ осы себептен әр азамат өз елінің патриоты болуы керек. Тіпті әскери адам болмаса да әскерге барып, меңгеруді үйреніп, техниканың тілін тапқанда табанды жауынгер болып қалыптасады. Ел тұтқасы көк байрақты желбірететін жастардың қолында.

Айсұлу АЛДАНАЗАР

---
22 ақпан 2022 ж. 167 0