Жаны жайсаң азамат
«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені олар – ақиқат пен шындық сөздің жебесі».
Ақын Есенқұл Жақыпбектің осы өлеңі бойында ұлт рухы бар кез-келген қазақ азаматын ерекше шабыттандырады. Бойына қуат құйып, жігерін тасытады.
Композитор Жәкен Омаровтың әніне жазылған осы өлеңді тыңдаған сайын шабытым шарықтап, кейіпкер іздейтінім бар-ды...
Мемлекеттік мұрат жолында елге қызмет етіп жүрген жерлестерді «Біздің елдің жігіттері» айдарына арқау етіп, азаматтығын танытуға бел байладық. Әрі алғашқы кейіпкер ретінде облыстық мәслихаттың депутаты, қоғам қайраткері Жанкелді Ысқақты таңдадық. Неге дейсіз бе? Оны мақаланы оқып біле аласыз...
Шәкәрім шығармаларының философиялық танымы терең, ойы асқақ, адамдыққа бастайтын үгіт-насихат айтады. Мәселен мына өлеңінде:
«Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл» – деп жол көрсетіп, елге сыйлы болуды ұғындырады.
Әрине, әр адамның өмір жолы әртүрлі өріліп, философтың тәлімді жолымен астаса бермейді. Ал, қоғам қайраткері Жанкелді Ысқақтың «Ақ жолдан айнымай» жүргенін жерлестері жақсы біледі.
Оның балалық шағы Жаңақорған мен Жалағашта өрілді. Иә, Жаңақорғанда туып-өссе, Жалағаш ауданы қалыптасу кезеңіне тура келді. Ондағы №31 мектепте білім алып, бітіреді. Жоғарғы оқу орнын Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтын, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, үш мамандықтың иесі атанды. Яғни инженер-құрылысшы, экономист-менеджер, мұнай газ ісінің бакалавры және техникалық ғылымының магистрі атанады. Мұның бәрінен Жанкелді ағаның ілім-білімге деген құштарлығын, өмірге тез бейімделудің қарекетін көруге болады.
Кейіпкеріміз қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен ерекшеленсе, өзінің елшіл, қоғамшыл болып қалыптасуын текпен келген қасиетке санайды.
– Менің атам Жолдыбайдың Ысқағы ауданға белгілі азамат болды. Бар өмірін мұрап қызметіне арнап, су шаруашылығы мекемесінде жұмыс істеді. Елден ол кісінің өте қарапайым, әрі іскер болғанын еститінбіз. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» демекші, менің Сүлеймен Қошқаров, Садықбек Сапарбеков, Зікір Қошқаров сынды нағашыларыма ұқсамасқа құқығым жоқ, – дейді ол.
«Қарты бар ел – қазыналы» демекші, бүгінде оның әкесі Ойшы Ысқақов елдік істерге тілекшіл болып отыр. Білікті инженер-механик ретінде ол кісі уақытысында Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш ауданы және Қызылорда қаласында қажырлы еңбек еткені де белгілі.
Ағамыз еңбек жолын Сырдария ауданында Қараөзек совхозында құрылыс шебері болып бастайды. Көп уақыт өтпей пророб қызметі иығына жүктеледі.
– Ол кезде Сыр өңірінің тізгінің Еркін Әуелбеков ағамыз ұстап, өміршең істерімен ерекшеленіп жүрген кезі еді. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қайта құру жұмысының жүруіне үлкен үлесін қосқан қайраткер ағамыз қарапайымдылығымен және мәселе туындаса шұғыл шешетін шешімталдылығымен есте қалды.
Еркін Нұржанұлының қатысуымен өткен бір жиында құрылыс шебер ретінде баяндама оқыдым. Жиналыстан кейін қабілет-қарымымды байқаса керек-ті, пророб қызметіне ауысуыма пәрмен берді. Міне, ол кісінің осындай қамқорлығын көрдім, – дейді халық қалаулысы.
1988-1990 жылы Тереңөзек ауданы агроөнеркәсіп бірлестігінің бас маманы, құрылыс кооперативінің басшысы, 1990-1994 жылы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының құрылыс бөлімінің бас маманы, басшысы, 1994-1996 жылы «Гауһар» КЖК директорының орынбасары, 1996-2001 жылы «ОSТ» ЖШС директоры қызметін атқарып, елдік істерге араласып, бастамашыл, іскер, мақсатшыл қабілет-қарымымен көпке танылды.
2001 жылы «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС негізін қалап, өңірдегі өнім өндіретін бірегей кешенге айналдырды.
Жәкеңнің депутат ретінде атқарған шаруасы шаш-етектен. Мәселен, аққұмдықтар облыстық мәслихат депутатына дән риза.
Аққұм елді мекенінде мектеп бой көтерді, медициналық бекет пайдалануға берілді. Жол түсті. Осындай жұмыстарда Жанкелді Ысқақов хал-қадірінше қол созды. Облыстағы басқарма басшыларымен бірге дүркін-дүркін келіп, туындаған мәселелерді шешудің жолын іздеді. Олар: мектептің орнын ауыстыру, әлеуметтік нысанға электр жарығын әкелу, халықаралық жол мен елді мекенді байланыстыратын жолды түсуіне көмегін тигізді.
Айта берсе, бұдан өзге де өміршең істері көп. Соның бірі – шаруа қожалықтардың қыстауына күн сәулесінен электр қуат алатын панельдер орнатуға бастамашыл болды.
Бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратын жобалау, салу жұмысымен айналысуда.
– Ұлы Дала елінің қайнар көзін Сығанақ, Өзгент, Сауран, Аққорған және т.б қаладан іздеуге болады. Біздің ауданның тұсындағы Қаратау тауында қаншама тарихи құндылықтар бар. Дін-ағарту саласында ізі қалған әулие-әнбиелерімізбен мақтанамыз. Осы тарихи-рухани орындар мен құндылықты жастарға дәріптеп, қонақтарға көрсететін орын, ол – музей. Сондықтан заманауи музейді құрып, рухани байлығымызды насихаттау керекпіз, – деп айналысып жатқан ісіне салмақ бере айтты ағамыз.
– Музей аудан орталығының қай жағында салынады?
– Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолынан көрініп тұратын жерді таңдадық. Ол – МАИ бекеті аумағында. Халықаралық жолмен Жаңақорған кентіні өтетін қақпа тұсынде биік көпір бар. Аумағы соған жақын жерде.
– Аумағы қанша, нысанның талап-талғамы қандай деңгейде болады?
– Бұл іспен айналысқаныма 6 жыл болды. Алғашында Жаңақорған кентінен бірнеше жерді қарастырдық. Бірақ біздің көңілге МАИ бекеті аумағы қонды. Осы жақтан 2,4 гектар жерді белгілеп отырмыз.
Бұл музей – халықаралық жол бойындағы Яссауи кесенесі мен Қорқыт ата мемориалды кешеніне дейінгі аралықта еңселі, құнды жәдігерімен ерекшеленетін бірегей кешен болады.
– Музейде қандай залдар болады?
– Музей 9 залды қамтиды. 10-шысы көрме залы. Одан бөлек, конференция залы, кітапхасы болады.
– Бәрекелді! Заманауи музей болады дейсіз ғой?
– Иә! Заманауи талаптарға толық жауап беруі тиіс. Осы бағытта жұмыс істеудеміз. Жобалаушылардың жұмысынан бөлек, Алматы қаласына арнайы барып, архитектура-сәулет құрылысының жобасын істейтін мамандармен ақылдасып қайттым. Биыл құжаттандыру жұмысын аяқтап, келесі жылы негізін қалауға күш саламыз. Оның ішінде, цифрлық элементтер: мультимедиялық қондырғылар арқылы тас дәуірінен бастап казіргі кезеңге дейінгі тарихты баяндау жағын қарастырамыз.
Міне, елдің ықыласына бөленген азамат осындай өміршең істерді атқарса керек-ті!
Айтқандай, жыл басында қос бірдей кітаптың тұсауын кесіп, рухымыз шаттанып, Жәкеңе алғыс жаудырған едік. Иә, ақын Адырбек Сопбековтің өлеңдері, Жаңақорған өңірі жайлы ғылыми-зерттеу еңбектері, мақалалары топтастырған «Адырбек» және Отан қорғау жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен жауынгерлердің ерлігін насихаттайтын «Борыш» кітабын көпшілікке ұсынды. Қос кітап Жанкелді ағамыздың демеушілігімен баспа жүзін көрді.
Арамызда дүниесі асып-таситын бай-бағландар аз емес. Бірақ руханиятты қолдауға келгенде тарылып, «көреміз» дегеннен әрі аса алмайды. Өмір көшінде талай дәулетті адамдар өмірден өтті. Дәулетін өміршең істерге бағыттауға өрісі жетпей бүгінде аты мен заты елеусіз, ескерусіз, ұмыт қалды. Әрине, руханият, мәдениет саласын қолдап, демеу көрсету үшін адамның тегі, тамыры мықты болуы тиіс. Ал, біздің Жәкеңнің тегі мықты, өрісі кең, азаматтық ұстанымы нық.
Ауданда Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің көзі бар кезде арнайы келіп, сәлем беретін. 2018 жылы Сунақата ауылдық округінен басталған салтанатты шеру Жайылма, Ақүйік, Бесарық, Аққорғанда ауылдық округінде жалғасып, Жаңақорған кентінде аяқталғаны есімде қалыпты. Осы елді мекендерде соғыс ардагері Шаймерден Сүйіндіков, Айтіміш Матенов, Найманбай Құрбанов, Нұрман Асанов, Сайфулла Жұмаділлаев, Махметжан Сапарбаев тұратын. Жанкелді Ойшыұлы оларға өз отбасының атынан сый-сияпат жасап, батасын алғанына куәміз. Бұл дағды-әдет 2018 жылға дейін де, кейін де орын алды. Бұл жөнінде ауданның төл газетінде көлемді мақалалар жазылды да.
Жаңақорғанға аяқ басқан сайын қара шаңырақ – «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясына да арнайы соғып, мерейімізді тасытып тастайды. Жиі пікірлесіп, ой алмасып тұрамыз. Бірде: – Қуанышты сәттеріңіз неден тұрады? – деген сұраққа:
– Қуанышты сәттерім ол отбасымның, немелерімнің күлкісінен тұрады. Солардың есейіп, ер жетіп келе жатқанын көруден асқан қандай бақыт бар? Бір сөзбен айтқанда, менің басты құндылығым – отбасым, – деген жауап алдық.
Отбасы құндылықтарын жоғары бағалайтын, ұрпағының саналы, салауатты болуын басшылыққа алатын ағамыздың ұл-қыздары елдің дамуы жолында еңбек етуде.
– Төрт ұлым, екі қызым бар. Бүгінде ұл-қыздарым өздері қызмет ететін саласында абыроймен жұмыс жасауда. Мен балаларымның туған жерінің әрбір құндылығын құрметтеп, елдің дамуына үлес қосқанын қалаймын. Тек ұл-қызымнан ғана емес, қазақ жастарынан зиялылық қасиетті көргім келеді. Іске төзімді, қиындыққа шыдамды, ақылды, білікті, қарапайым, кішіпейіл, намысшыл қасиетті көрсем деймін!
– Айнаға жиі қарайсыз ба? Кімді көресіз?
– Ел үшін әлі де еңбек ету тиіс тұлғаны көремін. Себебі, елге қызмет – үлкен міндет. Осы орайда өз-өзіме есеп беріп отырамын. Осы уақытқа дейін қандай іс істедім, кімді қуанта алдым, кімге тісім батты. Осыны саралап, соңынан нәтиже шығаруға тырысамын.
Бұл сұрақты неге қойдым? Қазір көп адамдар айнаға жиі қараса да ішкі әлеміне үңіле алмайды. Не істеп, не бітіріп жүргені жайлы пайымдай алмайды.
Міне, Жәкеңді «Біздің елдің жігіттері» айдарының алғашқы кейіпкер ретінде таңдап алуымның сыры осы!..
Құрметті оқырмандарым, күтіңіздер, әлі елдің талай жақсысы мен жайсаңын кейіпкер ететін боламыз...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ