» » "Жаңақорған тынысы" жастардың жанашыры

"Жаңақорған тынысы" жастардың жанашыры

Аудан жастарының әр салада жетістігін жария етуде «Жаңақорған тынысы» жолынан жаңылған емес. Дарынды, дара жастарды «Талантты жастар тұғыры» айдарына кейіпкер етіп, елге танылуына үлес қосты. Жастар жылында 50-ге тарта талантты, талапты жастар насихатталды. Біз сол жөнінде тоқталсақ.

Жыл басында сөз өнері қонған Зейнеп Амангелді біздің алғаш­қы кейіп­керіміз болды. Жас ақынның шы­ғар­машылық байқауларда қатар­ластарынан дараланып жүргенін оқыр­манмен бөлістік.
Бойындағы талантын таба білген жастың бірі Азамат Бектас. Бокстан ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшы. 
Ауданның төл басылымы жетістікке жеткен жастарды насихаттауда белсенді. Өнер, мәдениет саласында жарқылдай өнер көрсетіп жүрген Тоқтар Әжімұратов, Жасдәурен Сабырханов, ағайынды Айдын мен Бақберген, Нұрай Нұрдін, Мұхтар Абдулла, Айбике Серікқызы, Сұлтанмахмұд Төлегенов, Аманжол Сламов, Қарақат Қыдырбай, Заңғар Серік, Сафиянұр Жарқынқызы, Жаннұр Ғалымжанқызы, Бекарыс Бөрібай, Нұрасыл Қансейіт, Нұртас Шамшудин, Ақнұр Сматова, Нұрлан Сұлтанұлы, Рамазан Нұржанұлы, Мақсат Маратұлы жайлы жазылды.
Түрлі деңгейдегі жауапты бәсе­келерде елдің намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар – Диана Ғайбулла, Мейрамбек Әбдіхалық, Мадина Нұрсейіт, Гүлжайна Үббіниязова, Әселхан Сейденнің жеткен жеңісін арқау еттік.
Бүгінде озық елдер адами капиталды дамытуға мән беруде. Оның себебі де түсінікті. ХХІ ғасыр білім, ғылым, инновацияның дәуірі. Білімді, білікті жастар елдің дамуында шешуші рөл атқарады. Сондай жастардың қатарына Нұрғали Ақылбеков, Арман Мәжитов, Альгида Айдарханқызы, Арсен Мұратұлы, Назым Әбутәліп, Индира Нұрланқызы, Айзере Бектасты жатқызуға болады. Оларды да ақпараттық-насихаттық материалдарымызға арқау еттік.
Рухани демеп, насихатшысы болған аудан үнжариясына олардың алғысы шексіз. Өнерпаз жас Айбике Серікқызы жан-жақтылығымен «Талантты жастар тұғырына» кейіпкер болды. Біздің ұжымға арнайы алғысын айта келген Айбикенің әжесі Нағима апа:
– Ауданның тыныс-тіршілігіне, жаңа­лықтарына «Жаңақорған тынысынан» хабардар болып отырамыз. «Талантты жастар тұғыры» айдарының жастарға тигізер пайдасы мол. Немерем сүйіншілеп келгенде отбасымызбен қуандық. Әрине бұл бастамаларыңыз келер жылы да жалғасын тапса құба-құп. Ұжымға алғысым шексіз, жастардың жетістігін жеткізуде талмай еңбек ете беріңдер, – деді.
Аудандық балалармен мәдени тәрбие орталығының робототехника үйірмесінің жетекшісі Дастан Кадировтың айтары бар.
– Арсен Мұратұлы төл басылымға кейіпкер болып шыққалы робо­тотехникаға қызығушылығы артты. Үйірмеге келуші талаптылардың қатары көбейді. Әрине бұл қуантарлық жағдай. Ол түгілі ересектер де еңбегі еленіп, насихатталып жатса шаттанады. Тіпті орталықта тегін үйірмелер барынан хабарсыз ата-аналар да бар. Олар да естіп, баласын әкелді. Қысқасы, балалардың қызығушылығы мен құлшынысының артуында «Жаңақорған тынысының» септігі көп, – деді ол.
Ақүйіктік Сафиянұрдың анасы, әрі ұстаз Дина Ануарбекқызы шығар­машылық ұжымға деген алғаусыз тілегін хат арқылы жолдапты. Онда: «Ата-ана ретінде, ұстаз ретінде де алғыстан басқа айтарым жоқ. Баласының жетістігін көру әрбір ананы қуантары анық. Талантты балаларды басылым беттерінен қалдырмай елге насихаттауда, талмай еңбек ете беріңіздер» делінген.
Иә, «Жаңақорған тынысы» жастар­дың қолдаушысы, дәріптеушісі болуда ізденіп келеді. Егер ел арасында талантымен ерекшеленіп жүрген жастар болса редакцияға хабарласуға болады. Егер біздің талаптарға сай келсе міндетті түрде танымды тақырыбымызға арқау ететін боламыз.
Майра ҒАНИЕВА
28 желтоқсан 2019 ж. 706 0