№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Вакцина – дәрі емес...

Вакцина – дәрі емес...


Вакцина – дәрі емес, ол дерттен емдемейді, тек сау адамның бойында жаңа вирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады. Екпе күшімен адамзат тарихында болған ауыр инфекциялардан құтылдық. Вакцина дегеніміз – иммундық биологиялық препарат. Басқа екпелер сияқты коронавирусқа қарсы екпенің де қарсы көрсетілімдері бар. Әлемде қазір жаһандық дертке қарсы 200-ге жуық вакцина зерттеуден өткізіліп жатса, соның ішінде, 6 екпені қолдануға рұқсат етілді.


Жаппай егу басталғалы салынып жатқан әзірге жалғыз екпе «Спутник V» вакцинасының тиімділігі – 91,6 пайыз. Алайда ол егілген адамды коронавирустан қаншалықты сақ­тай алады? Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқы елдердің бірі болып коронавируске қарсы екпені бастап кетті. Мамандардың сөзінше, адамдардың арасында вакцинадан кейін аса бір ауыр асқыну белгілері байқалған жоқ.
Ендеше адамзатты аман сақтау­дың бір жолы – вакциналаудың тарихына тоқталсақ. Əр заманда адам баласының басына түскен ауыр індетпен күрестің түрлі тəсілін көруге болады. Соның бірқатарын тізбектеп көрейік. Мəселен, 1796 жылы британ дəрігері Эдуард Дженнер адамзат тарихындағы ең алғашқы вакцинаны ойлап табады.
Дегенмен екпенің адамға қалай əсер ететінін білмеген еді. Сөй­тіп, ең бірінші болып вакцина 8 жасар ұлға салынды. Нəтижесінде, оң əсер беріп, шешек ауруына тосқауыл болады. Біле білсеңіз, бір Еуропаның өзінде ХVIII ғасырда осы шешектен жыл сайын 400 мың адам көз жұматын. Жасалған түрлі ем қонбай, тіпті кері əсер берген. Содан бұл індетті барынша зерттеген Эдуард Дженнер сиыр бағатын шаруалармен сөйлескен кезде олардың «сиыр шешегін» жұқтыратынын, бірақ табиғи адам шешегімен ауырмайтынын бай­қайды. Сөйтіп, тəжірибе ретінде 8 жасар Джеймс Филлипске вакцина жасап көреді. Ол үшін «сиыр шешегін» жұқтырған сауыншы əйелден кішігірім ірің алып, əлгі баланың қолындағы жараның үстіне жағады. Бала бірнеше күн ауырып, артынша жазылып кетеді. Одан соң Дженнер əлгі процедураны тағы бір қайталайды. Бірақ бұл жолы табиғи шешекті қолданады. Нəтижесінде, бала да ауырмайды, отбасындағылар да жұқтырмайды. Бұл əлемдегі ең алғашқы вакцина еді. Айтпақшы, латын тілінен аударғанда vacca – «сиыр» деген мағынаны береді.
Сал қылатын полиомиелит қалай ауыздықталды?
Шешек сияқты миллиондаған адамның өмірін жалмамағанымен, салдары өте ауыр ауру бар. Ол – полиомиелит. Көбіне мұнымен бала кезде ауырады. Вирус ауыз арқылы ағзаға кіріп, қанға өтеді. Сөйтіп, жүйке жүйесін зақымдап, сал ауруына шалдықтырады. Сырттай білінуі қиын аурудың инфекциялық табиғатын 1905 жылы швед дəрігері Ивар Викман анықтайды. Ал 1952 жылы аме­рикалық дəрігер Джонас Салк вакцина жасап шығарады. Араға 9 жыл салып əріптесі Альберт Сейбин жаңартылған жақсырақ нұсқасын ойлап тапқан. Айырмашылығы – ине түрінде салынбайды, жұтуға арналған. Соның арқасында АҚШ пен Еуропада ауырғандар саны күрт төмендеген. 1988 жылы ДДСҰ полиомиелитті əлем бойынша жою бағдарламасын бастағаны туралы хабарлайды. 1994 жылы – АҚШ-та, 2000 жылы – Қытай, Жапония жəне Оңтүстік Кореяда, 2002 жылы – Еуропада, 2014 жылы Оңтүстік Шығыс Азияда да аурудың таралуы тоқтайды. Сарапшылардың бағалауына сүйенсек, осы вакци­наның арқасында əлемде 1,5 миллион адам аман қалып, 18 миллионы емін-еркін жүріп тұрады екен. Əйтпесе, бұл аурудың ең қиын тұсы – өмір бойына төсекке таңып қояды. Қазір полиомиелит Ауғанстан, Пəкістан, Нигерия сынды елдерде бар.

Дайындаған Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ



---
24 сәуір 2021 ж. 287 0