Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» "Таза әлем" жобасы қолдау тапса екен

"Таза әлем" жобасы қолдау тапса екен


– «Тазалық – табалдырықтан бас­та­­ла­ды». Бұл қанатты сөз жаңақорғандықтарға жақсы таныс. Себебі, ауданға жаңа әкім келгелі, тазалық мәселесі – күн тәртібіне қайта шықты. Бұған дейін, аймақ басшысы бекіткен екі айлық тазалық науқанында қызу жұмыс жүрсе, енді жыл он екі бойы күн тәртібінен түспейді. Шындап келгенде, мемлекеттік не бюджеттік қызметкер өзгенің ауласын, өзгенің көшесін жинауға міндетті емес. Әрбір ауданның тұрғыны өз үйінің ауласына, өз көшесінің тазалығына жанашырлықпен қарауы тиіс. Сонда ғана тәртіп те, тазалық та сөз болмайды. Десе де, біз былтырдан бастап, кент орталығындағы көшелерден тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды бастап кеттік. Мәселе жоқ емес. Бар. Ол – екіжақты келісімшарт. Яғни тұрғындар айына жан басына шаққанда 65 теңгеден тазалыққа төлейтін төлемақыдан жалтарып, түрлі себеп айтуда. Бірі өз жеке көлігіммен шығарамын десе, енді бірі қоқысымды өзім өртеп жіберемін деген сыңайдағы жауап айтады. Қазір «Шиелі жарығы» аудандық филиалымен келісімшартқа отырып, сол ғимаратта тұрғындар ай сайын электр қуатына ақша төлеуге барғанда, тазалыққа да қаржысын сол жерге төлеп кетеді. Бүгін болмаса да, алдағы уақытта тазалық мәдениетіне деген көзқарасы өзгерер деген үмітпен келісімшартқа отырмаса да, кейбір үй иелерінің қоқысын алып кетіп жатырмыз. Осы тұста, ерікті жылына қатысты айтарым, жақында маған кәсіпкер, әлеуметтік желі белсендісі Серік Бақытұлы хабарласты. Тазалыққа төленетін төлемақыға қиналатын тұрмысы төмен, көп балалы мұқтаж отбасылар болса, өздері бірлесіп төлеп беруді қолға алатынын жеткізді. Осылай жомарт жандар бірлесіп, өзге де отбасыларды демеп жіберсе, мұның өзі сауапты іс деп білеміз. Дейтұрғанмен біздің жігіттер сектор-секторға бөлініп, кент көшелерін қоқыстан тазартуда. Шығып жатқан қоқыста есеп жоқ. Күніне 2-3 көлік қоқыс шығарылады. Осы жерде айта кететіні, бұған дейін бірқатар тұрғындар жиналған қоқысын кенттің шеткі аймағына апарып төгетін, сосын өртейтін. Толық өртенбегені желмен қайта ұшып, кентке қайта келеді. Мұнымен тазарту процесі бітпейді. Ал біздің мекеменің жігіттері қазір көшеден қоқысты алған бойда сорттап, сұрыптап жатыр. Оны қайта өңдеуге жіберіп жатырмыз. Табиғи қоқыстар, яғни күл, малдың қиы ол қара жерге пайдалы. Біздің бөліп алатынымыз пластикалық өнімдер, әйнектер, памперс, полиэтилен пакеттер, тағысын тағы. Мұндай тұрмыстық қатты қалдықтарды яғни, пластикалық ыдыстарды станокпен престеп, пайдаға асырамыз. Өңдеп, зауыттарға жөнелтеміз. Егер осындай қатты қалдықтар болса, тұрғындар біздің базаға әкеліп, қоқысты ақшаға айналдыруына болады. Дәл қазіргі таңда көтеріп жүрген мәселелеріміз мемлекет тарапынан қолдау тапса, тіптен жақсы. Бізге 1000 градуста өртейтін пеш керек. Өйткені, жасанды жөргек пен өзге химиялық қоспалары бар қалдықтар жойылмайды. Керісінше экологияға кері әсерін тигізеді.
Қорыта айтқанда, биыл волонтер жылына орай жастар тарапынан эко-челлендж бастау алса тіптен жақсы болар еді. Себебі, Еріктілер жылының Ұлттық 7 жобасының бір бағыты «Таза әлем» деп аталады. Яғни, қоршаған ортаның тазалығына волонтерларды жұмылдыру болып табылады. Оған қоса, «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобымен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Егер ерікті жастар сенбілікке шықса, біздер қоқыс таситын жүк көлігінен бастап, қабы ба, қолғабы бар қажетті құрал-сайманмен қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл да болса, туған өлке тазалығына деген жанашырлық болар еді.

Нұрлан САДУАҚАСОВ,
«Нұр-Шах» тазалық мекемесінің басшысы:
---
22 ақпан 2020 ж. 1 307 0