Қосүйеңкінің қарымы
Қосүйеңкі ауылдық округі керемет табиғатымен ерекшеленетін елді мекен. Мыңға жуық халқы бар ауылда жаңа мектеп, жаңа медициналық бекет, жаңа әкімдік, яғни төрт құбыласы тең деуге де болады. Биыл мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында жаңа клуб үйінің құрылысы да басталғалы тұр. Бұл ауыл жастары үшін ең керемет жаңалық.
Ауыл жастарының жұмыссыздығы тұрғындардың шымбайына батқан басты мәселе. Осының алдын-алу мақсатында «Жастар жылында» бірқатар жұмыстар атқарылған. 3 жас өз жобасын ұсынып, 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант иемденді. «Бастау-бизнес» жобасында тағы 3 тұрғын жұмысын жүргізуде. Әлеуметтік жұмыс орындарында 4, жолдама арқылы 28 азамат жұмыспен қамтылған. 6 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылған. Ел азаматтарының басым бөлігі осылай жұмыссыздықпен күрес жүргізді. Биылғы жылы жұмыссыздардың санын азайту үшін тұрғындар тағы да уақытша және тұрақты жұмыспен қамтылатынын ауыл әкімі Ж Жанпеисовтың баяндамасынан білдік.