№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» МӘМС: өміріңізге енді, қапы қалмаңыз!

МӘМС: өміріңізге енді, қапы қалмаңыз!


2020 жылдың басты жаңалығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің іске қосылуы. Алайда тұрғындар арасында медициналық сақтандырудың тиімділігіне, оған қосылу жолдарына жете мән бермегендер бар. Сондықтан МӘМС туралы тереңірек зерделеп, тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға жауап беруге тырыстық.


Алдымен МӘМС дегеніміз не? Ол бізге не үшін керек? Осыны түсініп алайық. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті тегін қамтамасыз етеді. Сақтандырылған адамдар дәрігерге қаралуға, ем қабылдауға кететін шығындарға алаңдамаса да болады.
Дегенмен бұл – медициналық сақтандыру жарнасын аудармаған азаматтарға медициналық қызмет көрсетілмейді деген сөз емес. Олар учаскелік терапевт қабылдауына жазылып қана қоймай, тексерістен өтіп, бірқатар қауіпті дерт бойынша тегін ем ала алады. Жедел медициналық жәрдемнің қызметі де ақысыз қала береді. Медициналық сақтандыруды халық неғұрлым көп таңдаса, жүйе соғұрлым тұрақталады.
Ал жеңілдігі бар адамдардың сақтандыруын мемлекет төлейді. Оларға кім жатады? Мемлекет тарапынан 15 санатты азаматтар жеңілдік ала алады. Балалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, мүгедектер, зейнеткерлер және жазасын темір торда өтеп жатқандар, баласы үш жасқа толмаған және отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы бар азаматтарға мемлекет өзі төлейді. Көп балалы, яғни күміс алтын алқа иелері мен жұмыс істемейтін оралмандар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер де МӘМС жарнасынан босатылады. Жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер де осы тізімде. Бірақ ауданның өзінде жұмыссыз жүргендердің қаншасы жұмыссыздыққа тіркелмеген. Яғни әлі мән бермей отыр.
Медицина мамандары жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жандарды тіркеу әлі де баяу жүріп жатқанын айтып дабыл қағуда. «Апат айтып келмейді» демекші, тіркелмеген тұрғын сырқаттанып немесе жол апатына түссе, онда оған тек алғашқы көмек көрсетіледі. Яғни медициналық қызметтің алғашқы бес түрінен ғана науқас көмек алады. Сондықтан жұмыспен қамту орталығы мен әкімдер жұмыссыз жандарды тіркеуді ұйымдастыруды жеделдету керек. Мемлекетке дені сау адам маңызды капитал болып саналады. Басшылардың осыны ескергені абзал.
Енді ағымдағы бірыңғай жиынтық көлеміне тоқталайық. Соңғы өзгерістерге байланысты республикалық маңызы бар қалалар үшін бір тұрғынға ай сайынғы жарна – 2651 теңге. Яғни 1 айлық есептік көрсеткіш. Ал елді мекендер үшін жарты АЕК, 1356 теңгеден келеді. Жаңақорғандықтар елді мекен санатына жатады.
2020 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне азаматтығы жоқ тұрақты Қазақстанда өмір сүріп жатқан азаматтар да құқылы бола алады. Тұрғылықты мекен-жайы бар оралмандар, шетелдіктерді қоса алғанда, барлық қазақстандықтар үшін мемлекеттен берілетін кепілдендірілген медициналық көмек тегін болады. МӘМС пакеті аясында сақтандырылған азаматтар жоспарлы стационарлық көмекті, консультативті-диагностикалық, стационарлық көмек ала алады, сондай-ақ барлық кезеңдерде медициналық оңалту, амбулаториялық және стационарлық көмек үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Ал тегін медициналық көмектің кепілдірілген көлемінің жаңа моделі бойынша барлық қазақстандықтарға медициналық емнің 7 түрі қолданылады.
Қазір жарна төлеушілер төлемдерді «Қазпошта» АҚ филиалы, «KaspiBank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және басқа екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асыруда.
Өзіңіздің медициналық сақтанды­руыңыздың бар-жоғын egov сайтындағы жеке кабинетіңізге кіріп анықтауға болады. Егер электронды цифрлы қолтаңбаңыз болмаса, онда халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады.
Қазір Сыр өңіріндегі халықтың 86,6 проценті сақтандырылған. Дегенмен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысы орынбасарының мәліметінше, облыста 22 484 адамның статусы өзектендірілмеген.
Енді тұрғындар тарапынан туындап жатқан сауалдарға қысқаша тоқтала кетейік. Азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін не істеуі керек?
Ең алдымен тіркелу науқаны аясында әр азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі керек. Содан кейін сол емханада тиісті медициналық көмек түрлерін ала алады. Бұл учаскелік дәрігерді үйге шақыру үшін де өте ыңғайлы. Немесе өз қаласының аумағындағы басқа емхананы таңдауына да болады. Бірақ, бұл жағдайда сіз дәрігерді және бала патронажын үйге шақыра алмайтыныңызға келісім беруіңіз керек.
Тіркелуді емханаға барып, сондай-ақ электронды үкімет порталы egov.kz. арқылы да онлайн режимінде жүзеге асыруға болады. Емханаға тіркелу үшін жеке куәлігіңізді көрсетесіз және еркін формада өтініш жазасыз. Оған қоса, емхана немесе egov.kz порталы арқылы өзіңіздің қай санатқа жататыныңызды анықтап алғаныңыз жөн: жеңілдігі бар санаттағы азаматтар, жұмыскер, жеке кәсіпкер немесе халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі сынды санаттар бар. Сақтандыру бойынша төлем мөлшері мен тәртібі осыған байланысты.
Пациент Алматы қаласындағы медицина ұйымдарын таңдайтын болса, онда не істеуі керек?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медицина ұйымын таңдау тетігі мен «ақша пациенттің соңынан жүреді» принципі сақталады. Егер пациент Алматыдағы медицина ұйымын таңдаған жағдайда Қор ақшаны қызмет көрсеткен клиникаға аударады. Сонымен қатар, көрсетілген қызмет көлеміне қарай келісімшарт құнын арттыру немесе кеміту тетіктері қарастырылған. Аудандық ауруханалар өздері көмек көрсеткен азаматтар үшін ғана ақша алады.
Тұрақты табысы жоқ маусымдық қызметкерлер МӘМСҚ-на қалай аударымдар жасайды?
– Маусымдық жұмысшылар үшін жарнаны табысы бар кезінде оның жұмыс берушісі төлейді, табысы жоқ кезеңде ол өз бетінше екінші деңгейдегі банктер арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 төменгі айлық жалақының 5 процент мөлшерінде жарна аудара алады. Яғни, ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңгені құрайды.
Кез келген қызметкер құны қымбат тұратын медициналық көмек ала алады ма?
– Әрине. Қорға жылына 240 мың теңге көлемінде аударымдар жасалса, мәселен, құны 1 млн. теңге тұратын жүрек отаға ақы төлену керек болса, онда Сіздің жұмыскеріңіз Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен аударылатын төлеммен қоса, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және оңалтуды қолдау көмектерін ала алады.
Сақтандыруды (карточканы) дәрігерге барған сайын алып бару керек пе, әлде, жеке куәлік жеткілікті ме?
– Мұнда ерікті медициналық сақтандырудағы сияқты полистер мен келісімшарттар болмайды. Жарна төлейтін азаматтың мәртебесін анықтау үшін және дәрігерлік көмек алу үшін оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болса жеткілікті.
– ҚР барлық аумағы бойынша сақтандырылған азаматтар іс-сапармен жүрген немесе демалыстағы адамдарға медициналық қызметтер көрсетіле ме? Әлде тек тіркелген тұрғылықты жері бойынша ғана ма?
– Егер өз емханаңызға тіркелген болсаңыз, елдің барлық аумағында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер ұсынылады. Егер сіз Қазақстан аумағында іс-сапарға немесе еңбек демалысына байланысты жүрсеңіз кез-келген мемлекеттік емханадан немесе ауруханадан тегін көрсетілетін шұғыл медициналық көмек алуға болады. Ал, одан әрі жоспарлы емді тіркелген жеріңіз бойынша өз емханаңыздан аласыз.

P.S.: Уақыт өте келе еуропалықтардай медициналық қызмет алатын кезге жетерміз. Оған дейін денсаулық сақтау саласының мамандары науқасқа сапалы сервистік қызмет көрсетуді басшылыққа алып, жүрекке жылулық беруді үйренуі тиіс. Олай болмаса МӘМС-тен нәтиже аз болатыны анық...

Әли ТЕМІРБЕК
---
18 қаңтар 2020 ж. 459 0