Опера өнерінің майталманы
1912 жылдың 7 желтоқсанында Қазақстанның халық әртісі Серғали Әбжанов дүниеге келді.
Бала кезінен-ақ әншілік өнер жолына түсіп, ел арасына танымал болды. 1934 -1937 жылдары әскер қатарында болған кезінде Қазақтың атты әскер полкі ансамблінде ән салады. Абай атындағы Қазақ опера және балет театры жанындағы әншілер дайындайтын студияны бітірген (1937). Әбжанов өмірінің соңына дейін осы театрдың әншісі болды. Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Бекежан, «Ер Тарғында» Тарғын, «Жамбылда» Сүгір, М. Төлебаевтың "Біржан мен Сарасында" Жанбота, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абайында» Жиренше, Н.Г. Жигановтың «Алтыншашында» Ормай, И.Н. Насировтың «Терең көлінде» Болат және басқа операларда түрлі мазмұндағы партияларды орындады. Аталған опералық бейнелер - музыкалық сипаты жағынан, драматургиялық желісі тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын күрделі тұлғалар. Әбжанов опералық партияларымен қоса камералық әндерді орындауда да ерекше қабілет таныта білді. Ол «Сұржелгенше», «Сәулем-ай», «Гүлдер-ай», «Жеті арал», «Угай-ай» сияқты халық әндерін нәшіне келтіре орындады. «Батыр қыз», «Солдат сағынышы», «Жастық жыры», «өрге тарт, менің өз елім», «Ер Төлеген», «Көкшетау», «Астанам» т.б. әндер шығарды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.