Демалысты пайдалы өткізгіңіз келсе...
Көктем патшалығын құрып бітті. Оқушылар мен студенттер кезекті каникулдарына шығып, ересектердің басы еңбек демалыстарын алып жатыр. Алдағы демалысты барынша қызықты етіп өткізуге мүмкіндік бар. Ендеше жаздың жайдарлы күндері мен түндерін пайдалы етіп өткізіңіз деген тілекпен, Алматы қаласында демалыс күндері өтетін ең таңдаулы іс-шараларды ұсынбақпыз.
Музыка мерекесі
«Марципан» атты музыкалық кафе акустикалық бейсенбі, джазды жұма, романтикалық сенбі сыйлаймақшы. Бұл жерде тек кәсіби музыканттар өнер көрсетеді. Басталуы: 20.00
«Полифония» әдебиет фестивалі
Халықаралық әдеби фестивальдің бағдарламасы мынадай: 14.00 – Проза бойынша мастер-класс және Евгений Прощиннің «Аймақтық әдеби үрдістер» атты ашық дәрісі; 17.00 – «Шыңғыс Айтматов, Андрей Волос, Алексей Торк» тақырыбында дәріс; Әуезхан Қодар, Тұрысбек Малдыбай, Алексей Торк сынды әдеби сыйлық иегерлерімен кездесу; 19.00 – Әдеби оқулар; 20.30 – «Ашық микрофон» Өтетін жері: Мемлекеттік қуыршақ театры, 6 маусым,
Жұлдызды жаз
«Жұлдызды жаз 2014» жобасы жалғасады. Осы жұмада Наталья Гулькинаның қатысуымен өтетін кеш бағдарламасына конкурстар, дәмді тағамдар, әртүрлі ойындар енгізілген. Өтетін орны: «Park Resort «Сегіз көл»
Венгр киносының фестивалі
Алматы қаласында Венгрия Елшілігінің қолдауымен Венгр киносының фестивалі өткелі отыр. Фестиваль бағдарламасы: 6 шілде – «Керемет ауысым» (19.00) 7 шілде – «Сынақ» (15.00) 7 шілде – «Қалың дәптер» (17.00) 8 шілде – «Соңғы рапсодия» (17.00) Бағасы – 300 теңге
Театр қойылымдары
Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық драма театрынан 7 маусым күні режиссер Е. Обаевтың «Үміт Үзгім келмейді» (Н. Келімбетовтың шығармасы бойынша) қойылымын, 8 маусым күні Ә. Рақымовтың «Отыз ұлың болғанша» мұңды комедиясын тамашалай аласыздар. Басталуы: 18.30 Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры алдағы демалыста Т. Теменовтің «Мулен Ружға шақыру» лирикалық драмасын (7 маусым), Б. Сейітмамытұлының «Сүйе білсең...» (8 маусым) қойылымын ұсынады. Басталуы: 18.30 «Есалаң үйдегі сел кезіндегі өрт» («Пожар в сумасшедшем доме во время наводнения») Екі бөлімді комедияны режиссер Владимир Еремин өз шығармасының желісі бойынша дайындаған. Бір түнде өтетін таңғажайып оқиғалар үлкен әсер қалдырады деп ойлаймыз. Өтетін орны: Лермонтов атындағы орыс драма театры Бастаулы: 19.00
Балмұздақ фестивалі
Алматы қаласында IV "Қазақстандық балмұздақ фестивалі" басталады. Дәстүр бойынша, бұл күні мыңдаған алматылық балалар мен қонақтар саябаққа жиналып, қазақстандық балмұздақ өндірушілердің өнімдерінің дәмін татып, баға бере алады. Бұл фестиваль – қалалық дәстүрлі мерекелердің біріне айналып кетті. Фестиваль бағдарламасында әртүрлі шоу мен концерт енгізілген. Конкурстарға да қатыса аласыз. Өтетін орны: «Family» саябағы Басталуы: 10.00
Судағы цирк
Алматы қаласында бұрын-соңды болмаған шоу орын алмақ. Бір ай бойы мемлекеттік цирктің алаңы үлкен көлге айналып, 15 метрлік субұрқақ жұмыс істейді. Су ішінен пайда болған адам-қосмекенді шығып, шеберлігімен таңғалдырса, цирк күмбезінен түсетін нимфтар естен кетпес әсер сыйлайды. «Минута славы» жеңімпаздары 110 келілік бөренемен қулық-сұмдық жасап, итбалықпен күреседі. Бұл алаңнан теңіз мысықтарын да, шимпанзелерді де, тотықұстарды да, қолтырауындарды да көресіз. Қысқасы, сізді ертегі әлемі күтіп тұр. Өтетін орны: Қазақ Мемлекеттік циркі, 7 шілде Бағасы: 2000-5000 теңге
Премьера!
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 80 жылдық мерейтойына орай, өнерсүйер қауымға «Абай» операсының жаңартылған қойылымы ұсынылмақ. Жаңа қойылымның ерекшелігі оның сценографиясында замануи цифрлік және техникалық амал-тәсілдер қолданылады. Сондай-ақ, қойылымның жаңа нұсқасына қазақтың ұлы азаматтарының ұрпақтары танымал дирижер Алан Бөрібаев (Ахмет Жұбановтың шөбересі), химик Тұрар Жұбанов (Ахмет Жұбановтың немересі), мәдениеттанушы Мұрат Әуезов (Мұхтар Әуезовтың баласы) белсенді атсалысқан. Өтетін орны: Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Басталуы: 17.00 "The Spirit of Tengri" фестивалі Tengri FM радиосын ұйымдастыруымен "The Spirit of Tengri" фестивалі өтеді. Концерт 7 маусым күні Республика сарайының алдында болады. Фестивальға Бурятия, Якутия, Аустрия, Жапония, Эквадор және тағы да басқа елдердің этникалық жанрда ән орындайтын өкілдері қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында көмеймен айтатын әншілер, халықтық аспаптарда ойнайтын виртуаздар және ұлттық музыканың өзге бағыттарында ән шырқайтын шеберлер бар. Концертте еліміздің де әртістері өнер көрсетеді. Этникалық музыка тыңдаушылары 12 музыкалық ұжымның өнерін тамашалайтын болады.
Пікір 2