№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» "Жыл үздігі" атанған меңгеруші кім?

"Жыл үздігі" атанған меңгеруші кім?


Әрбір үйдің үкілі үмітін жарқын келешекке жалғаған жас өскіндерін өмірге бейім, ой-өрісі озық азамат етіп тәрбиелеуде талшыбықты күткен бағбандай алақаны асыл, бейнеті басым балалар мекенінің мерейі биік.


Бүгінде аудан бойынша 23 мемлекеттік балабақша болса, соның ішінде Қожакент ауылындағы «Аялы алақан» балабақшасы меңгерушісі Бақтыгүл Исмаилова «Жыл үздігі» деп танылып, аудандық білім бөлімінің арнайы сыйлығымен марапатталыпты.
Біз марапат иесіне арнайы жолығып, қатарынан озық шығып, еңбегі еленген Бақтыгүлдің басқару тәсіліндегі ерекшелігі туралы сұрадық.
– Балабақшамыздың жаңадан іргесі қаланып, жұмыс істей бастағанына бесінші жылға аяқ басты. Біздің басты ұстанымымыз – балалар өміріне мағына сыйдыру, мазмұн сыйлау. Құрғақ жоспар түзіп, әйтеуір күн өткізу – өз жігеріңді құм етіп, баланың балабақшадан жеруіне әкеліп соғатынын ұмытпау керек. Бала неге балабақшаға барғысы келмейді? Өйткені онда баланың көзін ашып, көңілін тартатын таңсық нәрсе жоқ деген сөз. Баланың әлемі қардай таза, жалған әсермен әлеміштеймін деу бекер. Бәрі шынайы болу керек. Шынайылық - тек таза еңбекпен жасалады. Біз соған талпынамыз. Сол арқылы тәрбиешілеріміз де шираса деймін. Қандай жаңалық болса да алдымен ұмтылып, іске асырсақ дейміз. Жауапкершіліктен жалтармауға тырысамыз. Соның нәтижесінде екі рет қатарынан аудандық семинарды ұйымдастырдық. Енді облыстық семинарға дайындыққа кірісіңдер деп жатыр. Бұл дәреже арттыру емес, осы арқылы өз-өзімізді дамытуға қадам жасау. Ерекшелігіміз, бәлкім осы шығар.
– Бала тәрбиесінің тетігі тәрбиешілер қолында. Кәсібім маман әлеуеті жөнінде не айтасыз?
– Балалар мекенінің тынысына нәр беретін де, жан беретін де солар. Сондықтан талап бір сәт те төмендемейді. Осы орайда ағылшын тілі пәні тәлімгері Ақниет Исаева, денешынықтыру жетекшісі Сүнетулла Абдрашитовтың есімдерін айрықша атау орынды. Бұл екеуінің сабағы баланы ғана емес, үлкендерді де еліктіріп әкетеді. Күн сайын жаңарып, жаңа тыныс, жаңа леп әкелетіндей. Мұның барлығын маман мәселесінің сәтті шешімін табуымен байланыстыруға болады.
Сол сияқты «Балдәурен» тобының тәрбиешілері Әмина Пазылова мен Гүлзат Әлібекова ерекше еңбекқорлығымен өзгелерге үлгі болып жүргенін айтуға тиіспін. Бұл жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, бағыт-бағдар беруде әдіскер Венера Абилқасымованың еңбегі зор. Балалардың сау да саламатты өсуі айналамен қарым-қатынасының қалыптасуы, жеке бас тазалығына дағдылануы, сайып келгенде саналы тұлға болып ер жетуіне ерекше еңбек етіп келеміз. Бұл бағытта әр маманның өзіндік іс-тәжірибесі бар. Оқу іс-әрекеті сабағында интерактивті тақтаны пайдаланамыз. Үштұғырлы тіл талабы бойынша орыс тілінен және ағылшын тілінен арнайы мұғалім сабақ жүргізеді. Бала ой-өрісін дамытуда ертегі кейіпкерлерімен кездесу сияқты жанды қойылымдарға көбірек еңбектенеміз. Өйткені бала санасында қоршаған орта туралы таным-түсінікті ғажайып әсермен қалыптастыруда көзбен көріп, бойға сіңірудің маңызы зор, – дейді Бақтыгүл Бектасқызы.
Біз бала бағбанынан мектепке дейінгі тәрбиенің артықшылығы жөнінде сұрадық.
– Кіші жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытудың балалардың өсуіне, гигиеналық түзілуіне, денсаулығына, оның туғаннан мектепке дейінгі кезеңде танымдық, сөйлеу, физикалық, әлеуметтік, тұлғалық, көркем-эстетикалық дамуына пайдасы зор, – деген ол басты мәселе, баланың балабақшаға деген ықыласын оята білуде дейді. Ата-ана баланы емес, бала ата-ананы балабақшаға сүйреп бара жатса ең жақсы балабақша сол. Бақтыгүл басқаратын «Аялы алақанға» балапандары асығып, алақайлап баратынын біреу айтса сенер ме ек, сенбес пе ек, көзбен көріп, куә болдық. Сол үшін ата-ана атынан Бақтыгүлге алғыс айтқымыз келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
---
29 қазан 2019 ж. 671 0