№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Мұғалім мерейі

Мұғалім мерейі

Өмір атты кемеде адамды адамдық жолға түсіретін үш қасиеті бар деп айтып отырушы еді үлкендер дастархан басында. Біріншісі имандылық жолы, екінші ақ сүтін беріп мәпелеген ана махаббаты. Үшіншісі – ұстаз ұлағаты. Осы үш қасиетті бойына сіңірген тұлғаның тұғыры биік тұрары сөзсіз. Өзінің бар білгенін үйретіп, көкірек көзімізді ашып, ілім-білімге зейінімізді аударған ұстаздарды қанша мадақтасақ та көптік етпейді. Қазақ СССР-інің халық ағарту саласының үздігі төсбелгісінің иегері Карима Өмірбекова осындай мақтауға лайық ұстаз.

Биология-химия пәнінен дәріс берген Карима ұстаздың тәлімі мен тәрбиесі өмірлік өнеге, даңғыл жол болды. Жоғары сыныпқа көшіп, жаңадан қосылған пәндер арасында ең қиыны химия сабағы болатын. Өту барысы, кітап ішіндегі түрлі формулаларды түсіну қиын болғанымен, көңілі жайдары, жүзі нұрлы Карима Өмірбекованың есімі мәңгілікке есте сақталып қалары хақ.
Ол қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік инсттитутты «биология, химия және ауылшаруашылық негіздері» мамандығы бойынша бітірген. Алғаш еңбек жолын 1960 жылы №161 орта мектепте ұстаздықтан бастап, 1962 жылдан бастап өндірістік оқыту жөнінде жетекшісі дәрежесіне көтеріледі. 1964 жылдың оқу жылының басында Шиелі ауданы Қызылмақташы орта мектебінің директоры болып тағайындалады.
Ұстаздық – оңай кәсіп емес. Ұстаздық қызмет еткен адам оның ауыр мамандық екенін, жер астынан кен қазғаннан да қиын екенін түсінсе деп ойлаймын. Себебі өз анамыз бізге ғана ана болса, жанымыздағы ұстаздарымыз бірімізге ғана емес, бәрімізге ана болуға тырысады. Осындай қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандық иесі болған соң еңбегі еселенді. Ортасында сыйлы болды. 1969 жылы №194 Сунақата қазақ орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметіне тағайындалып зейнет жасына жеткенше абыроймен қызмет етті.
Біздің уақыттағы мұғалімдердің жұмысына берілгендігі тіптен бөлек еді. Үйдің де түздің де жұмысын қатар алып, соның бәріне үлгерген олардың келіндік қызметіне ата-ене жұмысын тағы қосыңыз. Міне, осындай өмір мектебінен өткен Кәрима апай өз пәнін түсінбеген оқушыны сабақтан алып қалап, қайта өткен тақырыпты талқылаудан еш шаршамайтын. Содан болар өзі сабақ берген оқушыларының арасынан екі шәкірті химия саласының ғылым кандидаты, 51-і химия пәнінің мұғалімі атанды. Осындай зор мақтанышпен айта алатын ұстаздың еңбегі бағаланып, Қазақ ССР-інің жоғары кеңесінің шешімімен халық ағарту саласының үздігі төсбелгісімен, облыстық білім саласында да бірнеше рет «Құрмет грамотасымен» марапат биігінен көрінді.
Ол күндері ұстаздар ойлы сөзі мен ұлағатты тәрбиесінің, талмас еңбектерінің негізінде әр баланың қоғамның белді бір мүшесі болуына ықпал етіп отырды. Ұстаз білгенін аямай, қиын сәттерде мойымай, шәкіртінің әр жетістігіне қуанып, анасындай «басқан қадамы нық болсын» деп тілеуін тілейтін. Осындай ұстаздар арқасында әр шәкірті өмірден өз орындарын тауып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс жасаса, алдыңғы қатары зейнет жасына да шығып отыр.
Отбасында адал жар аяулы ана бол білген Кәрима апай 10 ұл-қызға өмір сыйлаған алтан құрсақты ана. 2010 жылдың 17-ші ақпанында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Алтын алқа» иегері атанады. Нар тұлға ұстаздың жолын жалғаған шәкірттері де аз емес. Солардың бірі аяулы Карима апайдың еңбек жолын жалғаған №194 Сунақата қазақ орта мектебінің химия-биология пәнінің мұғалімі Зухра Омарқызы. Өз білгенін алдында отырған шәкіртінен аямайтын, жеткен жетістігіне шын қуана білетін Кәрима Өмірбекова апайдың асыл қасиетін осы Зухраның бойынан көрдім. Жақын тартып сөйлескенімде өзі де химиядан сабақ беретінін, ұстазы Карима апай екенін айтқанда көзіме еріксіз жас келді. Көптен бері қағаз бетіме түсіріп жазсам деген ойда жүрген едім. Арманымның іске асуына осы Зухраның да септігі тиді. Шәкірттерің абыройыңды асқақтатып, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ қатарынан болсын демекпін!

Бағдат БЕКЖАНҰЛЫ,
Сунақата ауылының тұрғыны
---
05 қазан 2019 ж. 800 0