№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «АМАНАТ, АМАНАТҚА ҚЫЛМА ҚИЯНАТ»

«АМАНАТ, АМАНАТҚА ҚЫЛМА ҚИЯНАТ»


Бұл жолғы «Сенбілік сұхбаттың» нысанасына тоқсанның шыңына шыққан ақсақал ілінді. Атап айтқанда, ауданда ұзақ жылдар идеология саласында қызмет еткен Назарбек Шаухамановтың болмыс-бітімі мен өмірлік көзқарастарына тоқталып, жаңақорғандықтар біле бермейтін қырлары жайында сөз етпекпіз.
Сыр өңіріне белгілі Шаухаманов­тар әулетінің қара шаңырағына бас сұғып, қарияның қал-жағдайын сұрай барғанымызда, ауданда атқарылып жатқан бастамалардан хабары бар екенін жеткізді. Біз саясаттан білген-тергені мол ақсақалды Елбасының саясаты төңірегінде әңгіме өрбітуді өтіндік.


– Әлем елдері Қазақстанды тұрақтылық пен тыныштықты, бірлік пен берекені орнатып, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде таниды. Мәселен, геосаясат және әлемдік дипломатияда Астана процесі ретінде тарихқа енген Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздерді айтуға болады. Мұндай мәмілегерлікті Қазақстан тұңғыш рет жасап отырған жоқ. Осыдан-ақ, жер жүзінде Қазақ елінің абыройы мен саяси ықпалын пайымдауға болады. Міне, осындай биіктікті бір орталыққа бағындырылған Президенттік билік жүйесінің арқасында бағындырдық.
Жуырда Елбасы Үндеу жариялады. Онда қоғамды мазалап жүрген көптеген сұраққа жауап берді. Енді мемлекеттік басқару жүйесі өзгереді. Үкімет пен Парламенттің халықтың алдындағы жауапкершілігі арта түседі. Бір сөзбен айтқанда, Үндеудің халықтың көкейіндегі оймен үндестік тауып, дер кезінде жарияланған құжат ретінде қабылдаймын, – деп бастады әңгімесін қария.
– Елбасы Жолдауы – жылдың басты құжаты. Яғни, жыл бойы атқаратын міндеттерді белгілеп, нақты бағыт-бағдар көрсетеді. Биылғы Жолдау бір жылға ғана емес, 2050 жылға дейін бағдаршам болмақ. Солай емес пе?
– Дұрыс айтасың. Ауқымы кең, көтерер жүгі ауыр Жолдау болды. Құжаттың аты айтып тұрғандай жаңғырудың үшінші жолына бастайды. Демек, намысты қамшылап, жігерді жанып, рухқа дем беріп, жұмысты ширақ атқарып, бәсекеде бәсіміз жоғары болуға үндейді.
– Идеология саласында жұмыс жасадыңыз. Бүгінде осы саладағы артықшылықтар мен кемшіліктер жайлы не дейсіз?
– Әрине. Біздің кезде Кеңестік Үкіметтің нұсқауымен жүрдік. Дегенмен, тәртіптілік мәселесіне қатты мән берілді. Ал, қазір еркіндік бар. Мемлекет басшысының сарабдал саясатынан туындайтын мәселелерді халыққа дұрыс жеткізу қажет-ақ. Мәселен, «Мәңгілік Ел» тұғырнамасы төңірегінде насихат жұмыстарын жүргізіп, халықты келешектің кемелді істеріне рухтандырған абзал.
– Енді өзіңіздің өмір жолыңызға ойыссақ. Балалық шағыңыз соғыспен тұспа-тұс келіп, өмірдің тауқыметін ерте сезінген боларсыз.
– 1927 жылы Өзгент ауылында дүниеге келдім. Ес білгеннен бастап шаруаға белсенді қатыстым. Егін егіп, оны жинау, шөп ору, бұзау бағу секілді жұмыстарға араластым.
– Сізді білетіндер, Сунақата каналын қазуға белсенді қатысып, еңбекшілдігімен, ұқыптылығымен көзге түскен Назарбекке Нартай ақының назары түсіпті, дейді. Сол рас па?
– (Күліп) Рас. Ол кезде біреудің көзіне түсу үшін емес, отаншылдық асқақ рух жұмыстарға белсенді кірісуге итермелейтін. Сондай кезде ақынның назары ауған болар.
– Еңбек жолыңыз қалай басталды?
– 1951 жылы Қызылорда педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітіріп, облыстық партия комитетінің келісімімен Шиелі ауданандағы Октябрьдің 14 жылдық атындағы орта мектебіне директор етіп жіберді. Онда бес жыл табысты еңбек еттім.
– Сізді институт бітірісімен мектепке директорлық қызметке жіберді. Мұндай сенімге қалай ие болдыңыз?
– Менің білуімше Елеу Көшербаев жоғары мектептен кейін директор болды. Маған да сондай мүмкіндік туды. Жалпы, тәжірибеде ондай адамдар көп емес. Сол кездегі атқарушы билік қоғамдық белсенділігі жоғары, білімді, білікті, іскер жастарды жауапты жұмыстарда шыңдалуға мол мүмкіндіктер берді. Сондай таңдаулы жастардың арасында болғаныма қуанамын.
– Жаңақорған ауданына қай жылы келдіңіз?
– 1963-1966 жылдары Төменарық совхозының партком хатшысы болып жұмыс атқардым. 1973-1988 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушысы, насихат және үгіт бөлімін басқардым. Осы жылдары ауданның идеологиялық жұмыстары өз дәрежесінде жүргізуге күш салдым.
– Адамды биікке не жетелейді?
– Дұрыс мақсат құрып, соған жету үшін тынымсыз еңбек ету қажет.
– Соңғы сауал. Адамдықты қалай сақтауға болады?
– Ең бірінші, атадан қалған «Аманат, аманатқа қылма қиянат» ұлағатын басшылыққа алу қажет.
Екіншіден, «Ар жазасы бар жазадан ауыр» екенін түсіну қажет.
Үшіншісі, «Бір бассаң да, жақсылыққа бас» сөзін қаперде ұстаған абзал.

Нұр-КЕНЖЕ.

19 мамыр 2019 ж. 3 131 0