№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Шәй үстіндегі әңгіме

Шәй үстіндегі әңгіме

  «Қазақтың жері қандай кең, қандай дархан болса адамдарының пейілі одан да кең, одан да дархан екен». Бұл осыдан бір ғасыр бұрын тағдыр зобалаңына ұшырап, Татарстаннан қазақ жеріне – Сыр өңірінің Бесарық деп аталатын бекетіне табан тіреп, екеуден екеу қол ұстасып, ауыл шетіндегі үйге жатырқай енгенде өздерін еш жатсынбай қарсы алған қазақ отбасының көл-көсір ықыласына бөленген ерлі-зайыптың көңілге берік түйген тұжырымдары еді. Бұлар қазақты осылай пір тұтса, мұндағы мұғалімге сусап отырған қараша жұртқа “учитель Илялетдинов” көктен түскен Пайғамбардан кем әсер етпеді. Біз бүгін бүкіл ұстаздық ғұмырын алғаусыз осы елге арнаған арда ағаның өзі болмаса да көзі, Жаңақорған кенті, қазіргі Манап Көкенов көшесіндегі қараорнын күзетіп отырған сүйікті қызы – Софья Низамовнамен емен-жарқын сұхбаттасып, өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдік.


– Менің алдымен тәу етерім, бей­біт те берекелі атқан жарық күн, содан кейін туған жер, өскен елім – Жаңақорғаным, – дейді апа бізбен әңгі­месінде.
– Сіздің әкеңіздің Бесарық елді мекенінде бала оқытып, халықты түгел сауаттандырғаны, содан соң Жаңақорған ауданы орталығындағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы, қазіргі №169 орта мектебінде ұстаздық еткені, оның ішінде он жыл мектептің директоры болғаны, үздік еңбегі үшін екі мәрте «Ленин» орденімен марапатталғаны тарихтан мәлім. Ал әке ретінде ол кісінің сіздің жүрегіңізде бейнесі қандай?
– Әкемізді күні бойы көрмейміз десек те болар еді. Бірақ мектепте тым қатал, сұсты, әрбір оқушының тәртібін қалт жібермейді. Туған әкеңнің сенімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бөтен бала үшін жаны шығардай шыр-пыр болып жүргенін көріп тұрып санаңда саңылауын болса сен қалай қате қадам басасың? Осы себепті де біз тәртіпті болдық. Әке атына кір келтірмеуге тырыстық. Содан да болса керек, баланы тәрбиелеу дегеніміз – қолыңа қамшы алып, қарауылдау емес, өзіңнің іс-әрекетің арқылы шынайы өміріңмен оған ықпал ету деп ой түйемін. Бала әкеге қарап бой түзейді. Өнеге деген осы. Өсиетің басқа, өнегең басқа болып жатса балаңа өкпелеме.
– Дегенмен, ұстаздардың ұста­зы, өзі басқарған мектебіне есі­мі беріліп, аты тарихта қалған әкеңіздің отбасындағы ұстанымы бәрімізді қызықтыратыны рас.
– Сәбидің көзімен бағалар болсам әкеміз қол жетпестей биік адам еді. Тіпті біз ол кісіге батып сөйлей алмайтынбыз. Ортада анамыз жүреді. Ол кездің балаларының бәрі сондай еді. Әкеміздің көзінше ыдыс-табақ сылдыратып тамақ ішу, самбырлап сөйлеу әдетімізде жоқ. Бір жаққа сұранатын болсақ анамыз арқылы рұхсат алатынбыз. Қазір ойлап отырсам, балам болсын десең болмайды деп тәрбиелеу жөн екен. Бір күн сабақтан қалуға бола ма? Болмайды. Досымның үйіне бір күн қонып келуге бола ма. Болмайды. Кешке көшеге шығып келуге бола ма? Болмайды. Ұшып-қонған көзсіз көбелектей көкөрімді бұлай тыйып ұстағаннан жаман болдық па? Альфарид жиырма бес жасында МГУ-дің аспирантурасын тәмамдап, ғылым кандидаты атанды. Кейін академик болды. Елдос, Шавкет, Роза, барлығы жоғары оқу орындарында оқып, бір-бір саланың ғалымдары атанды. Отбасындағы төрт ұл, төрт қыздан ауылда қалғаны мен және әпкем Зоя еді. Ол кісінің өмірден озғанына бір жыл болды. Ал ағам Альфаридке биыл тоқсан жыл толады. Осыған орай музейде арнайы бұрыш ұйымдастырылыпты, мендегі құжаттардың барлығын тапсырдым.
– Ол кезде өмірін комсомолмен байланыстырған қартаймайды де­ген ұғым болды, солай ма?
– Жалындап тұрған жастық жігерімді комсомолға арнағанның нағыз өзі едім. 1966 жылы Қызылорда пединститутын тәмамдап, облыстық комсомол коми­тетінде жұмыс атқардым. Ерім Қалқөзов Өтеген ол кезде қаладағы ауыл шаруашылық басқармасында қыз­мет істейтін. Әкем қатты ауырып, ауылға келуімізге тура келді. 1967 жылдан 72-ге дейін аудандық комсомол комитетінің ІІ хатшысы болдым. Мәскеуде 9 ай курста оқып қайттым. 1985 жылдан 92-ге дейін бір кездері әкем басқарған №169 орта мектебінің директоры болып қызмет атқардым. Елде қайта құру кезеңі жүріп жатқан қиын шақ еді. Мектепті жылытатын көмір, солярканың өзі қат. Ерім Өтеген, ол жұмыс істейтін мекеменің басшысы Нұрғали Мінуаровтың көп жәрдемін көрдім. Комсомолда, мектепте қызмет атқарған жылдарымда ұйымның І хатшысы болған Әбибулла Балабиевтің, аудандық оқу бөлімін басқарған Мақсұт Ибрагимовтың асқақ азаматтықтарына тәнті болған адаммын. Олар өте таза адамдар еді. Олардың ықпалдылығы, сөзінің өтімділігі, талабының тегеурінділігі сол тазалығында жатыр екен ғой деп ойлаймын қазір.
Өткенде төл басылымымызда осы замандастары туралы әріптесім Зинаб­дин мақала жазып, жариялады. Мен қатты толқыдым. Зәкеңе телефон соғып, шын ризашылығымды жеткіздім. Өткеннің ғибратын кейінгіге қалдыру міндетіміз емес пе? Біз айтпағанда кім айтады? Шынымды айтсам, тұтас сексен жылдық ғұмырымның мағы­насын іздегенімде көңілім сол жыл­дарды шарлап кетеді.
– Сіз басқарған жылдары мек­тептің тыныс-тіршілігі қандай еді?
– Таза орыс сыныптары болды. 700-дей оқушы бар. Мұғалімдер құрамы өте мықты еді. Косолапова Зинаида химия-биологиядан, Петухова Тамара Николаевна географиядан, Айжан Жакиповна математикадан дәріс берді. Дәл сол жылдары күміс медаль деген болды. Оған бір не екі төрттік алған білімгерлер ұсынылды. Алтын медальмен бірдей жеңілдік берілетін. Күміс медальға бітірген шәкірттерім көп болды. Өзімнің екі перзентім – Ербол және Ремида күміс медальға бітіріп, бірі мединститут, бірі политехникалық институтқа оқуға түсті.
Қазірде Ербол Нұр-Сұлтанда тұрады, полковник, Ремида дәрігер.
– Мектеп директоры болған кезіңізде кадр қабылдауда қазір­гідей қалта қамы деген жоқ. Қандай талаптарды басшылыққа алдыңыз?
– Жанашырлықты. Мұғалімдікті бітіріп келгендердің көбі түлектерім ғой. Шәкіртін алдымен ұстазы таниды емес пе? Бірде кетіп бара жатып, бір мекеменің алдында қиыршық тас төгіп жатқан шәкіртім Әбутұралов Бақытты көріп қалдым. – “Здраствуйте, Софья Низамовна, деп жаныма келді. Мұнда қайдан жүрсің? ДРЭУ мекемесінде мастермін дейді. Сен КазГУ-дің био­фагын бітірген жоқ па ең? Мұнда не жүріс? Мектепке келмейсің бе? десем, орын жоқ қой дейді. Айдап отырып заврайоноға кіргізіп, жақсы оқушым еді, мұғалімдікке бұйрық берсеңіз, өзімнің сағатымды бөлуге бармын дедім. Анарбек Асанов сөзімді жерге қалдырмады, тіпті бірден өзіне инспектор етіп жұмысқа қабылдады. Кейін осы Бақыт менің орныма директор болып тағайындалды.
Тағы бірде спортшколаның ауласы­нан қысқа шорты киіп, доп қуалап жүрген шәкіртім Мұратты кездестірдім.
– Здраствуйте Софья Низамовна! Жаныма жүгіріп келді. Мұнда қайдан жүрсің? деймін. “А я здесь работаю тре­не­рем”. «В школу не хочешь?» «Там же место нету» дейді.
Қайназаров Мұратты жетектеп тағы Асановқа тарттым. Ай, сен мені құрттың ғой деді Анарбек аға. Бірақ тағы да меселімді жықпады. Мұратты менің мектебіме мұғалім етіп жіберді. Сол шәкіртім нешеме жыл мектептің оқу ісін басқарып, абыроймен зейнетке шықты. Міне, ол кезде бір-бірімізге деген сенім мен құрметтің көрінісі осындай еді.
– Бүгінгі қоғамға көзқарасыңыз қандай? Елдің әлеуметтік ахуа­лы­на көңіліңіз тола ма?
– Қазірде жұмыс істеймін деген адамға кәсіптің көзі көп. Кеңестік кезеңнің бір кемшілігі, жеке кәсіп­керлікке тұсау салынды. Сауда жаса­ғандар тіпті заңмен қудаланатын. Қарап тұрсақ, бұл жеке мүддені, адам құқығын аяққа таптаумен бірдей екен. Ал қазір талап басқа. Өз кәсібіңді қалай жүргіземін десең еркіңде. Ешкім қолыңды қақпайды. Ауданда кәсіпкерлікпен айналысам деген азаматтарға жағдай да жеткілікті. Жас проджект дейді, агроаймақ дейді, кең мүмкіндіктер жасалуда. Бір көршіміз агроаймақты пайдаланып, картоп еккен еді, кеусенінен біз де құр қалмадық. Облысқа жәрмеңкеге қаншама өнім апарды. Елде болса жаман ба? Үйде отырсақ та атқарылып жатқан ол жұмыстарды ақпарат көздерінен оқып, біліп отырамыз. Өз-өзімізді етекке тартқанша еңсемізді түзейік дегім келеді елдегі ағайынға.
– Дінге көзқарасыңыз қандай?
– Комсомолдық жолдамамен Мәскеу­де оқып жүргенімде, ата жұртымыз қалған Қазанға барып, сондағы ең үлкен мешіттің муфтиы Зариф Әтиіме (атамызды солай атаймыз) сәлем бердім. Жиырма бесінші жылдары Кеңес үкіметінің қысымынан қорқып медреседе оқып жүрген бауырын бой тасалауға үгіттеген осы кісі екен. Молдалық пен мұғалімдікті қатар меңгерген әкеміз он алты жастағы қалыңдығы – Ғаянды жетектеп, қазақ еліндегі өмірін осылай жалғастырған екен.
Әкеміз төрт тілде еркін сөйлей­тін: араб, латын, қазақ, орыс. Өзі географиядан сабақ берді. Ұрпақ­тарынан менің ұлым Ринат жолын жалғады, географиядан сабақ береді.
– Отбасында қандай құндылық­тарды қадір тұтасыз?
– Сыйластықты. Үш перзентіме келіндеріме аналық пейілімен разы­мын. Үлкен келінім – Ольга корей қызы. Әкесі кәдімгі жаңақорғандық Щегай Виктор Петрович, анасы Агафия Николаевна, мұғалім еді. Өзі ұлым Елдоспен бір сыныпта оқыды, екеуі бірдей күміс медаль иегерлері атанды. Балалары таза қазақ тілінде сөйлейді.
Бүгінде шөберелер қызығын көріп отырған әжемін. Күнде кешкісін теле­фонмен 3 жастағы Арсенім қазақша өлең айтып береді. Мені қартайтпайтын осындай қуаныш қой...

Әңгімеңізге үлкен рахмет.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
16 сәуір 2019 ж. 3 140 0