№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » КӘСІПКЕР БӘСЕКЕЛЕСТІКТЕ ШЫҢДАЛАДЫ

КӘСІПКЕР БӘСЕКЕЛЕСТІКТЕ ШЫҢДАЛАДЫ


ОБЛЫС БАСШЫСЫ ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ 2018 ЖЫЛДЫ«ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАП, КӘСІПКЕРЛІКПЕН АЙНАЛЫСУҒА ЫНТАЛЫ АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТТІЛІГІН АЙТТЫ. ОСЫ РЕТТЕ, КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДА ӨЗІНДІК БАҒЫТ-БАҒДАРЫН ТАПҚАН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ІСКЕРЛІК ҚАРЫМ-ҚАБІЛЕТІН ҮЛГІ ЕТУДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП. СОНДЫҚТАН МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДА ӨЗ БИЗНЕСІН ӨРКЕНДЕТІП ОТЫРҒАН НҰРЖАН ӘМІРБЕКОВТЫ СЕНБІЛІК СҰХБАТ ТӨРІНЕ ШАҚЫРДЫҚ.

БЕС САУАЛ

– Кәсіпкер деген кім?
– Тынымсыз ізденетін жан.
– Алғашқы табысыңыз?
– Есімде жоқ.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Әр секундты тиімді іске жұмсау.
– Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту үшін не қажет?
– Білім. Ізденіс. Зерттеу. Жауапкершілік.
– Өмірде кімді үлгі тұтасыз?
– Әкемді.

– Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
– Бұл бағытта әке-шешемді үлгі тұтам. Анам сауда-саттықпен отбасы несібесін айырса, әкем сервистік қызмет көрсетуді жақсы меңгерген еді. Сол себепті, жастайымнан отбасылық кәсіпке етене араластым. Жоғары білім алғаннан кейін жауапты қызметтер атқардым. Бірақ өз шаңырағымды құрғаннан кейін, кәсіппен шұғылданып, елге қызмет етуді жөн көрдім. Осы салада аяқтан тұру үшін сан құлап, сан тұрдым. Үміт сәулесін сөндірмей, тек алға ұмтылдым.
– Ауданда жеке балабақшаны ашқан алғашқылардың бірісіз. Балабақша ісін жандандыру үшін қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Біз балабақша ашқан жылдары мемлекеттен қолдау көргенімізбен, несие алу мүмкін емес еді. Бізге балабақша жабдықтарын алу үшін қомақты қаражат керек болды. Қолдағы бар қаржыны үнемдеп, жеке балабақша ашып, уақыт өте келе заманауи құрылғылармен жабдықтадық. Оның бәрін өз қалтамыздан өтедік. Қазір осы салаға бет бұрғандарға қолдау көп. Жалпы, ниет еткен мұратына жетеді.
– Қос балабақша тізгінін ұстап отырсыз. Олардың ерекшелігі қандай?
– Баланың мектепке дейінгі білімін толық меңгеруіне кепілдік береміз. Осы мақсатта «Любознайка» орыс тілі үйірмесінің жетекшісі Наргиза Ахмедова, «Baby club» ағылшын тілінен үйірме жетекшісі шет елде тәжірибе жинақтаған Қызжібек Абылайханқызы нағыз өз ісінің мамандары. Логопед Лаура Акрамқызы күнделікті жүйелі түрде жұмыс жасау барысында тіл мүкістігі бар балалардың оңалту шарасын, Балнұр Әнішбек би үйірмесін жүргізеді. Күнделікті оқу қызметінің өтілу барысын, балабақша әдіскері Гүлбақыт Сайлауханқызы жіті бақылайды. Қызылорда қаласының «Bilge» оқу орталығынан ментальды арифметиканы оқытатын маман шақыртып отырмыз.
– Бүгінде «Еркетай Орталық» балабақшасына сұраныс жоғары. Оның себебі неде?
– Біз ең алдымен баланың сапалы білім алуына назар саламыз. Әр тоқсан сайын баланың нені үйреніп, нені білгенін зерделеп, бағалап отырамыз. Жаңақорған кентіндегі «Еркетай Орталықтың» ісі жүйеленгеннен кейін, балабақшаға зәру аймақтарды зерттеп, зерделедік. Соның нәтижесінде Кентау қаласында бала саны көп болғанымен, балабақша аз екен. Оның үстіне, бізге жақын ауданда орналасқандығын ескердім. Кенттегі балабақшада 3 топ, 75 бала, 24 қызметкер болса, Кентаудағы «Еркетай Орталық» ЖШС балабақшасында 12 топ, 300 баланы тәрбиелеуде. Онда 62 қызметкер қызмет көрсетеді.
– Сіздің балабақшаңыз цифрлық жүйеге көшуді бастапты. Тәрбиешілеріңізді жаңа жүйеге қалай үйреттіңіз?
– Жеке балабақшалар арасында алғашқылардың бірі болып, әлеуметтік желілерде өз парақшаларымызды аштық. Бүгінде Фейзбук, Инстаграмм, Вконтакте желісінде күнделікті сабақтарды, әр түрлі сергіту сағаттарын Онлайн түрде таратамыз. Ватсапта ата-аналарға арналған группамыз бар. Бұл біріншіден ата-аналардың біздің жұмыс жайында біліп отыруына, баласының қандай білім алып жатқанынан хабары болады. Екіншіден, желідегі пікірлер тәрбиеші мен мамандардың тәжірибесін арттырады. Мамандар білікті әрі сауаты жоғары болғандықтан цифрлық жүйеге тез үйренді. Өз мамандарымыздың арасында да Онлайн байланыс бар. Бастысы, «ашықтық пен жариялылықты» назарда ұстаймыз.
– Ағылшын, орыс тілі, логопед, ментальды арифметика мамандарын оқу жүйесіне енгізудегі мақсатыңыз?
– Елбасының соңғы Жолдауы кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге серпін берді. Адам капиталын күшейтуді қолдаған Жолдауда математика және жаратылыстану саласына бет бұру керектігін, үш тілділік саясатқа басымдылық беру қажеттілігін айтты. Оған қоса мектепке дейінгі білім беру ұйымында баланы ерте жастан дамытуды тапсырды. Осы жайлардан кейін оқу жүйесіне бала дамуына қажетті мамандар іздеп, біліктілігі мен оқу сапасына мән бердім.
– Байқасақ, шаруақожалық та, кәсіп атауы да «Еркетай» екен. Мұның сыры неде?
– Баланың бал мінезін «Еркетай» дейді емес пе? Осы атауды таңдауымның өз сыры бар. Менің арманым – өз қолыммен балабақша салу еді. Өз қолымнан балабақша салмасам да, осы іспен айналысқандықтан, осылай атағанды жөн көрдім. Жұмыс жүре келе, қос балабақшаның ет және сүт өнімдерін қамтамасыз етіп отыратын шаруақожалық керек болды. Оның да атауын ойласа келе шаруақожалық балабақша саласына қызмет көрсететінін ескеріп, «Еркетай» дегенді құп көрдім. Мұны, кәсіпкерлік тілмен түйгенде, өзін-өзі қамтамасыз ететін кәсіп деуге келеді.
– Шаруақожалықтың тынысы қалай?
– «Сыбаға» бағдарламасымен 2016 жылы 8,5 млн. несие рәсімдеп, 90 бас ірі қара алдым. Ет кластерін дамыту мақсатында аймақтағы ірі кәсіпорындарының іс тәжірибесімен танысып, шаруақожалықты дамытуға жұмыстар жасалуда. Әзірге екі балабақшаның күнделікті тұтынатын азық-түлігін қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы уақытта аймақтағы балабақшаларды ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарда бар.
– Жақында кәсіпкерлік біліктілікті арттыру мақсатында Алматыда білім алыпсыз. Курс барысында нені үйрендіңіз?
– Үйренгенім көп. Оның ішінде аудан кәсіпкерлері үшін мына нәрсе қажет. Көп адам бір іс бастайды да, көпке созылмастан жұмысы жүрмей, жабылып қалады. Осындай келеңсіздікке жолықпас үшін ең алдымен, ашатын кәсіпті толық зерттеп алуы қажет. Зерттеу барысында кәсіп жайлы кең ақпараттар оқып, осы кәсіппен ұзақ жыл айналысқан кәсіпкерлермен сөйлесіп, ақылдасып, тәжірибе жинау маңызды. Нақты қанша жылда, қаншалықты деңгейге көтерілу үшін, саты-сатыға бөліп, дамытуға болады. Кәсіп ашқан соң да, ғалымдар секілді тынымсыз ізденіс жолына түсуі керек. Шетелдің тәжірибесін, әлемдегі осы салаға қатысты барлық ақпараттарға қаныққан жөн. Осы тұрғыда өз басымнан да, көптеген әріптестер арасында кездесетін жәйт бар. Біз төменнен жоғарыға қарай өрмелей дамуды біле бермейміз. Бізге тек мықты кәсіпті тез арада ашып, табысты жылдам тапқымыз келеді. Міне, осы психологиядан арылып, кәсіп жайында белгілі ғалымдардың еңбегіне көңіл бөлу керек. Бір сөзбен айтқанда, егжей-тегжейлі жоспарлап, ерінбей еңбектену маңызды.
– Сіздің пайымызша «Ақылды балабақша» қандай?
– Заман ағымымен ілесіп, түрлі даму жолын еңсердік. Дамыған елдердің балабақшаларындағы технология біздің елге де келді. «Ақылды балабақша» Start-up жобасын елде қорғап жүрген жастар көп. Оның ішінде педагогика ғылымдарының магистрі Гүлдархан Айтмағанбетованың «Ақылды балабақша» жобасының ерекшелігі қызықтырды. «Start-up» ғылыми жоба болғанымен, дуалды білім мәселесі, жас отбасылардың проблемаларын шешу, гигиена мен тазалық мәселесі, оның маркетингтік қажеттіліктерін және өзектілігін дәлелдейтін бірден-бір жол. «Ақылды балабақша» жобасы бала қажеттіліктерін, кәсіптік шығындық көрсеткіштерін есептеуге, мобильді төлемдер жасауға, жылдам басқару жүйесін қалыптастыруға ыңғайлы. Осындай жолға енді ғана түскен мегаполистегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында болдым. Ұққаным осы межеге жету үшін көптеген сатыдан өту қажет секілді. Дегенмен, санаулы жылдарда осы жоба іске асуы ғажап емес.
– Алға қойған мақсатыңыз қандай?
– Әлемнің алдыңғы қатарлы кәсіпкері болу. Сондай-ақ, ел қадірлейтін азамат болып, халыққа қажетті істер жасап, құрметке бөленгім келеді.
– Кәсіп дөңгелету үшін күшті қайдан аласыз?
– Кәсіпкердің әр күні қарбаласпен өтетіндіктен оған айтарлықтай энергия, шыдамдылық, зеректік қажет. Мен сол қуатты өз отбасымнан алам. Балабақшада өз перзенттерім тәрбиеленетіндіктен үнемі «менің ұлыма не қажет?» деген сұраққа жауап іздеп, жұмыс жасаймын. Айналып келгенде, менің баламның қажеттілігі – балабақша қажеттілігі. Міне, менің іскерлік құпиям осы.
– Рахмет, сұхбаттасқаныңызға. Кәсіптің нәсібін көріңіз!

Сұхбаттасқан Мақпал ПӘТЕНОВА.

17 ақпан 2018 ж. 2 043 0