» » » Суретші. Әнші. Ұстаз

Суретші. Әнші. Ұстаз


Біздің нысанаға тағлымды педагог, білікті ұстаз, қабілетті басшы Ләззат Нәлібаева ілікті. №3 мектеп-интернатын аудандағы үздік білім ордасы ретінде танытып, ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен кешенді бастамаға ұйытқы болып жүрген тұлғаның сан қырын ашуға тырыстық.

– Ләззат Мәшбекқызы, сізді білім мекемесінің менеджері ретінде танимыз. Алайда жанынызға жақын, шаршағанда рухынызға медет беретін не нәрсе?
– Ұстаз өзінен жарық шашып, педагогтық мейірімімен балаға шуақ беруі тиіс. Бұл – педагогтың ең басты, ең асыл міндеті. Сондықтан ұстаз шаршаған уақытта жанына қуат беретін нәрселер іздейді.
Мен сурет салып, дизайнмен қиял ұшқынын жетілгендіргенді жақсы көремін. Сонымен қатар, ән айтып, музыкалық аспапта ойнаймын.
– Шаршаған уақытыңызда қылқаламмен сырласатыныңызға қарағанда сурет салуды ертеректе бастағансыз-ау!
– Бала кезімнен түрлі өрнектер жасап, портрет пен табиғиттың әсемдігін салуға құмар-тұғынмын.
– Яғни, кәсіби суретшісіз ғой! Солай ма?
– Жоқ. Кәсіби суретші деңгейіне жету қайда? Себебі сурет салудың өзіне тән  философиясы, өзіндік ішкі нәзік иірімдері бар.
– Сізді әуесқой суретші делік. Алайда өзіңіз жиі салатын жанр қандай?
– Пейзаж. Нәзік жандының бәрі әсемдікті, сұлулықты жақсы көреді. Менде әсем табиғатты, бүршік атқан көктемді, құлпырған жазды, даланы сары-қызыл түске бояйтын күзден ерекше шабыт алып, табиғаттың тылсым қырларын саламын.
– Жаңа «дизайнмен қиял ұшқынын жетілгендіргенді жақсы көремін» дедіңіз. Сонда ненің дизайнын саласыз?
– Тұрғын үйдің дизайнын саламын. Мен жатын бөлме мен асхана, қонақ күтетін бөлменін үйлесімдігіне, адамға жайлылығына баса назар аударам. Көбінесе үйдің ішінде орналасатын жиһаздың пердеге және т.б. тұрмыстық заттар үйлестігіне мән беремін. Себебі үйдің ішіндегі тұрмыстық заттар орын-орнымен тұрып, тұтас компазисия ретінде адамға жағымды әсер беруі тиіс.
– Сіз үйде ғана емес, мектеп-интернаттағы жиһаздарға да көңіл бөлетін шығарсыз?
– Әрине. Керек десіңіз жиһазға тапсырыс бергенде, оның жобасын өзім сызып беремін.
– Онда неге баса назар бөлесіз?
– Жиһаздың ыңғайлылығына көңіл бөлемін. Мәселен, кітап тұратын жері мен өздері жасаған қолөнер бұйымдарын қоятын жер. Қыздар жақтағы жаһаздың түсін ақ қылып, онда тарақ пен айна қоятын жерге дейін ескергенмін.
Негізінен ұстаздар бөлмесіндегі шкафта мұғалімдердің киім ілетін орны және құрал-жабдықтар мен сынып журналы тұрады. Оның да жабасын өз қолыммен сыздым.  
– Қандай тақырыпта ән айтасыз?       
– Көбінесе ана, ұстаз тақырыбындағы әуезді әнді айтқанды ұнатамын.
– Ән орындағанда музакалық қандай аспаппен сырласасыз?
– Домбыра тартамын. Гитара мен фортепианода ойнай аламын.
– «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға екенсіз. Сурет салып, ән айтасыз. Одан өзге немен айналысасыз?
– Кітап оқып, жанымды рухани байытуға күш салам.
– Қандай кітаптар оқисыз?
– Жаным поэзияға құмар. Сондықтан болар, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әлі, Төлеген Айбергенов пен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін қолыма жиі аламын.
– Қолыңызға бірнеше рет алып оқыған кітап бар ма?
– Бар. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», «Ерлі зайыптылар» романын төрт рет оқыдым. М.Шахановтың рухты өлеңдерін қолыма жиі аламын.
– Демек жатқа білетін өлеңдеріңіз бар...
– Мұқаңның (М.Шақанов):
«Ешбір геометриямен өлшенбейтін көлемі,
Ғашық болу келсе, кімнің қолынан
Әлем соған сенеді,
Құлай сүю – ерлікпен тең себебі!» – деп келетін «Ғашықтар ғаламатын» жатқа білемін. Одан бөлек Абайдың білім, оқу, жайлы өлеңдерін кез-келген уақытта жатқа айта аламын.
– Естуімізше, сіз түнгі сағат 3-4-те интернатқа келіп, балалардың түн ұйқысын бағатын көрінесіз. Түнгі уақытта ағып жатқан такси де болмайды. Жаяу келіп, кетесіз бе? 
– «А», «В» категориялы автокөлік жүргізуші куәлігім бар. Сондықтан түнгі уақытта автокөлікпен келіп кетемін.
– Яғни автокөлікті өзіңіз жүргізесіз ғой!
– Иә.
– Сенбі, жексенбіні қалай өткізесіз?
– Мейлінше отбасымның ортасында болуды қалаймын. Балаларыммен ортақ тақырыпта әңгіме өрбітіп, олардың қызығатын нәрселерін білуге тырысам. Түрлі тақырыпта пікір алмасып, ойларын білемін.
Жалпы адам уақытты тиімді пайдаланып, өзіне, өзінің отбасына көңіл бөлу қажет деп ойлаймын. Жауапкершілігі зор интернат жұмысын ұйымдастыруда сенбі, жексенбі деген болмайды. Алайда отбасыма бос уақыт табамын.
– Яғни, балажансыз...
– Баланы қатты жақсы көремін. Интернатта оқушыларды мейірлене басынан сипап, көңіл бөліп жүремін.  
                    Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
01 қазан 2018 ж. 1 799 0