Туған жерім тұмарым
Біздің нысанамызға белгілі кинорежиссер Қалила Омаров ілікті. Оның табиғи болмысы мен тұлғалық бітімін зерделеп, зерттеп, қызығушылығы, көзқарасы, ұстанымы мен ой-тұжырымын сараладық...
– Қалила Нәматұлы, атақоныстан қашық жердесіз. Кіндік қаныңыз тамған жерді сағынатын боларсыз...
– Сағынғанда қандай?! Әсіресе жабыққанда, шаршағанда туған жердің топырағын, ауасы мен суын қатты сағынам. Бірде емханада емделіп жатқанымда ауылға деген сағынышым кеудемді керіп:
Туған жер төсін түлеткен
Сыр анам шежіре дариям.
Ақындар талмай жыр еткен,
Сағындым абыз қариям.
Келін боп түскен анамның,
Өнерлі өлкем думанды ел.
Іздері қалған бабамның,
Сағындым сені туған жер.
Бұлбұлың сайрап бауыңнан,
Төсінде алтын Ордамның.
Арайлап Қаратауымнан, – деп өлең болып төгілді.
– Демек, өлеңмен таласыңыз бар. Кинорежиссер Омаровты басқа қандай қырынан тануға болады? Жалпы өмірде неден ләззат аласыз? Қалай рухани дем аласыз?
– Тарихи өтпелі кезеңде қазақ мүддесі жолында ғұмырын арнаған белгілі тұлғаларды зерттеп, жұрт біле бермейтін қыры мен сырын ашу. Осылайша қазақ мүддесіне, қазақ руханиятына үлес қосу. Осы мақсаттағы әрбір туындым сәтті аяқталған сайын бойыма рухани күш дарып, жақсы әсер аламын.
– Режисердің туындысы сәтті болу үшін жан-жақты болуы тиіс. Сізде ел біле бермейтін қандай қасиет бар?
– Фотограф ретінде суретке түсіру, драма жазу, ел аузындағы әңгімені жинау және т.б. айтуға болады.
– Аға, ендеше жұрт біле бермейтін қырыңыз жайлы тарқатсақ. Бірінші драма жайлы сөз етсек. Сөзсіз драма жазу үшін үлкен шеберлік, талант пен білім қажет. Бұл жанрда қалам тербеуге жазушылардың өзі жүрексінеді. Сізге әдебиеттің бұл жанрында қалам тербеу қиын емес пе?
– Режиссердің жұмысының өзі драматургиямен тығыз байланысты. Ал драматургия – әдебиеттегі ең күрделі жанрдың бірі. Сондықтан драматургияда өзiндiк стилi мен қолтаңбам қалыптасқан жазушымын деп айту қиын. Дегенмен, деректі фильм сәтті әрі мазмұнды түсірілуі үшін алдымен сценариі жазылады. Көп ізденіске түсіп, тарихи тұлғаның болмыс-бітімін немесе тарихи оқиғаның желісінашу үшін драматургияның элементтерін қолдана отырып, сценарий жазылады.
Одан бөлек, «Пірім Айқожа ишан» драмалық пьесаны жаздым. Бұл драма жақында «Жаңақорғандық кезбенің жылнамалары» кітабына еніп, жарыққа шығады.
– Аға «Жаңақорғандық кезбе» өзіңіз боларсыз? Солай ма?
– Иә.
– Ендеше туынды жайлы тарқата айтсаңыз...
– Кітап 9 жылдан бері дайындалуда. Туынды 6 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде қазақтың басынан өткен ашаршылық, репрессия мен соғыс тақырыбы арқау болады. Екінші бөлімде Тұрлыбек Доқтырханның менің шығармашылығымның 35 жылдығына арналған әзіл әңгімелері кіреді. Үшінші бөлім режиссерлық өмірімде басыма үлкен жүк салған Бауыржан тақырыбы енген. Онда «Бауыржанды сүйген есалаң махаббат» күнделігімде жазылған дерек пен дәйектер жазылған.
Төртіншісінде «Әпенді мен әулие» драмасы, бесіншісінде мен туралы жазылған публицистикалық мақала мен сұхбаттар қамтылған. Ал, соңғы бөлімде «Пірім Айқожа ишан» драмасын жазып бітірдім.
Жалпы кітаптың көлемі 450-500 беттік болып шықпақ.
– Бауыржан Момышұлы жайлы түсірілген деректі фильм «басыма үлкен жүк болды» дедіңіз. Бұлай жауап беруіңіздің сыры неде?
– Батыр Бауыржан жайлы ақиқат пен аңыз сөзі араласқан неше түрлі әңгіме көп. Міне, осы ақ пен қараны ажырату үшін біраз ізденіп, көп нәрсеге қанықтым. Сонда көптеген азаматқа Баукеңнің ақиқаты қатты тиіп, мені сот залына дейін сүйретті. Фильмді бастамас бұрын ішім бір жамандықты сезіп, күнделік арнаған едім. Сол күнделігім мені арашалап алды.
– Аға, жаңа фотограф ретінде суретке түсіретіндігіңізді айттыңыз. Суретке түсіруді қашан бастадыңыз?
– Суретке түсірумен 8 сыныптан бері айналысып келемін. Жаңақорғанда А.Әбілқасымовтың фото салоны болатын. Онда «Cinema» деген фотоаппаратпен Ш.Шүкеев суретке түсіретін. Мен оған көмекші ретінде арасында суретке түсіріп жүріп, фотография саласының қыр-сырын меңгердім.
Ленинградтағы мәдени-ағарту училищесінде кино-фото факультетінде оқыдым. Сонда кәсіби фотографтық білімімді шыңдадым. Қазір Нұртай Әбіқаев басшылық жасайтын Қазақстан гольф федерациясына қарасты «Нұртай» клубында гольфисттердің фото шежіресін жасаймын.
– Ел аузындағы әңгімені жинау сіздің кәсіби жұмысыңыздың бір бағыты болар?
– Бәлкім солай болар. Бірақ, мен аузы дуалы, өткеннің парқын түсініп, талай оқиғаға куә болған қарияның әңгімесін тыңдауды режисерлық жұмысыма дейін құмартып, бастадым. Байқоңыр мен Жетісайдың ортасындағы талай ақсақалдың әңгімесін тыңдап, ұмытылып бара жатқан тұлғалар жайлы және олар қандай себептен ұмытылғанын білдім. Тіптен, анау жерде пәтуалы қария бар десе соған барып, оның әңгімесі ұнамаса ары қарай сатылап жүре беретінмін.
– Өзінің сөзімен, қариялық ақылымен есіңізде қалған ақсақал көп болар?
– Аз десем өтірік болады. Алайда есімде қатты қалғаны Балтакөлдегі Қалданбаев деген қария. Ол ғалым Е.Бекмахановтың шәкірті екен. Үйіне барғанымда далада кереуетте жатты. Кереуеттін екі шетінде бүркіт тұрды. Бір уақытта құмай тазы қасыма жүгіріп келіп, епті денесімен жерге құлай кетті. Бұл көрініс әлі көз алдымда.
Ақсақалмен амандасып, жүргендегі мақсатымды айттым. Ғалымның шәкірті атамды түгелдеді. Мен 24 атама дейін тарқаттым. Содан кейін ақсақал жібіп, қасына отырғызып, үш күн әңгіме өрбітті. Ол кісі қазақтың арғы-бергі тарихы жайлы сыр шертіп, қазақ руларының шежіресін түгелдегенін көріп қатты таңқалғаным бар.
– Кино режиссер Омаровқа қиын түскен деректі фильм бар ма?
– Бар. Темірбек Жүргеновтің деректі фильмі. Ол – қазақ зиялыларының басын бір арнаға қосуда үлкен еңбек сіңірген тұлға. Ол – үлкен білім ошақтарын ашып, жаппай сауаттандыру реформасын жасаған азамат. Ол – қазақ мәдениетін дамыту үшін мәдениет нысандарын ашып, еліміздің республикалық статус алуға күш салған қайраткер. Сондықтан оның болмысын ашып, қайраткерлік қырларын көрсету үшін көп іздендім.
Алайда Қазақстанда өзіне лайықты баға алмаған азамат. Тіптен ол жайлы түсірілген деректі фильмнің тұсау кесерін жасауға қызылордалықтар жарамады.
Екінші Мойлықожа туралы деректі фильм. Оның болмысын ашу үшін дін философиясын ашу қажет. Осы тақырыпта бірнеше жылдан бері ізденудемін.
– Қазақ тұлғалары жайлы құнды деректер Ресейдің мұрағатында сақтаулы. Жалпы Ресейде оқыдыңыз. Ол жақпен байланысыңыз қалай?
– Өте жақсы. Онда мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың немерісі ғалым Зарина Жандосава Ленинградта қызмет жасайды. Сонымен қатар, Мәскеуде алаштанушы Дина Аманжолова бар.
Осы кісілер Ресеймен байланысымды жақсартып, орыс ғылымы мен мұрағатын ақтаруға жол ашып беріп отыр.
– Енді әңгімемізді кинорежиссер Қалиладан бала Қалилаға бұрсақ. Жалпы бала Қалила нені армандады?
– Жазушы болуды. Сол үшін күндіз-түні тұрмай кітап оқитын кездерім болды.
– Балалық арманды іске асыру үшін талпыныс болған шығар?
– Әрине. Әкем есепші болатын. Соның бухгалтерлік қағазының астында ашық жер болатын. Сонда қысқа-қысқа алғашқы әңгімелерімді жаза бастадым. Бірақ, сәтті туынды болды деп айта алмаймын. Тек «Сайраш» деген әңгімем сәтті шықты-ау деймін.
– «Сайраш» қазіргі женгеме арналған әңгіме болар.
– Жоқ. Мектепте бірге оқитын Сәуле деген қыз болатын. Ол мектептегі комсомол комитетінің бірінші хатшысы, мен комсомол мүшесімін. Сәуле – білімді әрі сымбатты қыз-тұғын. Басшы ретінде бізге тапсырма береді. Мен Сәуленің берген талабын ерекше ынтамен орындаймын. Бірақ оған ұнататынымды айта алмаймын.
Ол кезде қыздар төбелес құмар жігітті немесе бойында өнері бар серіні ұнататын. Мен е гитара, е домбыра тарта алмадым. Бір сөзбен, бойымда тасып бара жатқан өнер жоқ. Төбелеске де жоқпын.
Сегізінші сыныпта жүргенімде үйден қашып кеттіп, Ақтөбеде «Сайрашты» жаздым.
– Сізді «үйден қашқан» деген әңгіме естіп едік. Бұл рас болғаны ғой!
– Иә. Қалтамда 6 сом ғана бар. Арманым Тургенев пен Достоевскийдің ісі түскен Мәскеуге барып, жазушы болу. Бірақ Ақтөбеде ұсталып, балалар үйіне жатқызды. Онда кімсің, қайда тұрасың? – деген сұраққа өтірік жауап беріп, он күн жаттым. Сол уақыт ішінде «Сайрашты» жазып бітіріп, ауылымды, ата-анамды айттым. Ауылға жедел телеграма келіп, әкем Ақтөбеге келіп алып кетті.
– Әкеңіз не деді?
– Балам, басыңа келсін, – деді.
– Басыңызға келді ме?
– Келді. 4 сыныпта оқитын Мұхтар деген балам «Абай жолын» қайта жазамын деп жолға шығады. Оның үстіне ауылда атасын сағынған болар. Бағымызға орай Мұхтарды Отардан ұстап, үйге алып келдім.
Жалпы үйден қашу аталарымда бар қасиет пе білмедім? Өйткені Омар атам да, оның баласы да үйден қашқан. Олардың ішіндегі ең үлкені менікі.
– Аға енді немере-шөберелеріңіз үйден қашпасын деп тілеймін. «Сайраш» жайлы Сәуле білді ме?
– Ол мектеп бітіргеннен кейін тұрмысқа шықты. Мен әскерде азаматтық борышымды өтедім, сосын Ленинградтағы мәдени-ағарту училищесін бітіріп, кәсіби режиссер ретінде жұмысымды жалғастырдым.
Мектеп бітіргенімізге 20 жылдық кездесу болғанда Сәулеге «Сайраш» сен жайлы жазылған әңгіме болатынын айтып, сенің берген тапсырмаңды орындау үшін талпынып, сабақтағы үлгерімімді дұрыстадым. Сен мені адам қылдың. Себебі сенің алдыңда жақсы көрінуге тырысу үшін барлығын жасауға дайын едім, дедім.
– Алғашқы ғашығыңыз жайлы басқа естелік бар ма?
– 8-сынып оқушысы үшін «Сайраштың» өзі ерлік емес пе?
Айтқандай Мұстафа Өсеров деген оператор досыма қызымның атын сен қоясын деп телефон шалдым. Ол анау есімді, мынау атты айтып тұр. Ол ұсынып жатыр, мен «ол нашарлау ат екен. Жанып тұратын есімнен қойсаң қайтеді», дедім. Бір уақытта «Сәуле» деді. Мен ішімнен «уф» деп «міне жақсы ат. Осыны таңдайық» дедім. Осылайша қызымның есімі «Сәуле» болды.
– «Сайрашты» жазған режиссер қанша қызға ғашық болды?
– (Бұл сұраққа жауап беруден бас тартты).
– Жүрегіңізге тиген сөз болды ма?
– Өмір болған соң түрлі оқиғалар орын алып тұрады. Бірақ мен ешкімге ренжіп, өкпені арқалағанды жөн көрмеймін.
– Қалай болғанда да адам ұмытуы қиын сөздер болады ғой!
– Оқушы кезімде «сен адам болмайсың» деген ұстазым болды. Алайда көріп тұрғаныңыздай қазақ руханияты мен мәдениетіне үлес қосып келемін.
– Перзенттік парыз дегенді қалай ұғасыз?
–Ондаған жыл Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Нұртас Оңдасынов зейнеткерлікке шығып, ауылына келгенде ауылдастырының сәлемі дұрыс бола қоймапты. Сонда қоғам және мемлекет қайраткері «неге амандық-саулықтарың дұрыс емес?», деп сұрақ қойса керек. Сонда қолыңда билік болғанда ауылыңа не істедің? Жағдайыңды білу үшін барғанда қолыңды алуға жарымадын, – деп жауап қатыпты. Сонда Н.Оңдасынов қатты өкініпті деген әңгіме бар ел арасында. Сол секілді көпірден өтіп кеткенде кеш бола ма деп қолдан келгенше елге қарайласуға тырысып келемін. Қамқор азаматтардың арқасында Дүкенбай Досжан, репрессия құрбаны Садықбек Сапарбеков пен Әмір Мәжитов жайлы деректі фильм түсірдім.
Алдағы уақытта «Жаңақорған тарихы және тарихи жәдігері» атты кино-экспедициялық деректі фильм түсіруді қолға алмақпын.
- «Жаңақорған тарихы және тарихи жәдігері» атты деректі фильмнің бастамашысы кім?
– Кино-экспедицияның мақсаты не?
– Қазақ тарихында Жаңақорған топырағының орны ерекше екенін танытып, қазақ руханияты мен мәдениетіндегі орнын айшықтау.
- Мақсат биік екен. Осы биікті бағындыру оңай шаруа болмасы анық.
- Дұрыс айтасын. Қазақтың рухани астанасы ретінде Түркістан мойындалады. Ал, Түркістанның рухани мәйек алуына үлес қосқан Ахмет Яссауи Хорасан ата мен Әпжәлил бабқа келіп тәу етіп тұрғанын көпшілік біле бермейді. Яғни, Түркістан рухани астана болса, Түркістанның ағасы Жаңақорған болмай ма?!
– Алғашқы кадр қашан түсіріледі?
– Алғашқы кадры ретінде Жаңақорған кентінде өткен Наурыз мерекесі түсіріліп қойды.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.