№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Шуақты шаңырақ - елдіктің тұтқасы

Шуақты шаңырақ - елдіктің тұтқасы

Елімізде ырысы мен ынтымағы жарасып, ауызбіршілігімен көпшілікке үлгі болған жанұяларды әркез мақалаға арқау етіп келеміз. Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – отбасы. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азамат, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім баланың өмірлік бағдаршамы болмақ. Яғни, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Мақалаға арқау болып отырған кейіпкерлеріміздің қоғамда өз орны бар, Сүттіқұдық ауылының сыйлы азаматтары Серік Бәкірұлы мен оның жары Шәркүл Әсілбекқызы. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөз текке айтылмаса керекті. Көкірегі даңғыл, көңілі дария ақ сақалды Серік әкей мен ақ жаулықты Шәркүл анамыз шаңырағының саялы бәйтерегі. Ақылы дария, сөздері жібектей, құт қонған қариялардың дастарханынан дәм тату бізге де бұйырды. Қашанда қонақ үзілмейтін шаңырақ бақыттың мекені іспетті.


  Отасқандарына 50 жыл толған, алтын той иелері 8 перзент өсіріптәрбиеледі. Әулет иесі Серік Бәкірұлы 1950 жылы дүниеге келген. Сүттіқұдық ауылындағы орта мектепті бітіріп, отан алдындағы борышын өтеп оралады. Елге келгеннен кейін Алматы халық шаруашылығы институтының бухгалтер мамандығын бітіріп, ауылда комсомол ұйымының секретары, ауылдық советте хатшы, шаруашылықта есепшісі болып істейді.

Әр адамның өмірде өз жолы бар. Адамды өсіретін де, өшіретін де оның істеген ісі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ. Кеңес үкіметі тарқағаннан кейін №52 мектептің директоры Серік Дүйсебаевтың шақыр­туымен шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызметке орналасып, 2014 жылы зейнет жасына дейін абыройлы еңбек етеді. Ауылдастары Серік Бәкірұлын өте аққөңіл, ешкiмнiң көңiлiн қалдырмайтын, кімге де болсын деп тұратын, қарапайым, кiшiпейiл кiсi екенін жеткізген-ді. Әсіресе партия комитетінің үлкен жиындары мен сайлау науқанында жұмысқа жауапкершiлiкпен, өте шыдамдылықпен, ыждағаттылықпен қарайтыны көптің есінде. Оның араздасқан ағайынды бітістіріп жүретін, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін бірсөзді кісі екенін айтады жұртшылық. Қашанда жылы сөзімен, айтар ақылымен айналасына сыйлы қария бүгінде өзі тараған әулеттің басшысы, ақыл айтар ақылшысы, жанашыры.

– Әкем өте сабырлы, байсалды, алыс-жақынды өзегіне тарта білген кемел, әр істі терең болжап шешетін, еңбекқор адам болды. Өзі темір жол саласында қызмет етіп, темір жолдың бойында еңселі еңбек етіп, зейнетке шықты. Осы тұста айта кетейін, әкемнің кемеңгерлігіне қайран қаламын. Мен өзім Кейден ауылында туылып, төртінші сыныпты сонда бітірдім. Үлкен ағам үйленгеннен кейін жұмыс бабымен Сүттіқұдық ауылына ауысты. Сонда әкем мені ағаммен бірге ертіп жіберді. Ондағысы ағам бауырларына жат болып қалмасын, бөлектеніп кетпесін дегені екен ғой. Солай Сүттіқұдық ауылында ер жетіп, сонда жұмыс жасап, сол елдің азаматы болып қалып қойдым. Шүкір, ағамның балалары мені өз әкесіндей көреді. Өмір ғой, анамнан ерте қалдық. Бірақ, әкеме Алла ұзақ өмір беріп, 83 жасына келгенде дүниеден озды. Кемпірім Шәркүл атасын бағып-қағып, жылы-жұмсағын беріп, азанда сәресіне тұрғызып барлық жайын жасады. Шүкір, қазір отандағы келініміз де біздің жайымызды жасап, қабағымызға қарап отыр, – дейді отағасы Серік әкей.

Ал, шаңырақтың ұйытқысы Шәркүл анамыз Қызылорда қаласында техникумды бітіріп, ауылда 25 жыл дүкенде қызмет етеді. Ақ жаулықты ананың көргені көп, түйгені бір кітапқа азық болардай жан екені сөз саптауынан аңғарылады.

– Менің әкем Арынов Әсілбек ауылдың биі болған кісі. Ауылда қандай да бір мәселе туындаса, ағайынның арасында түсініспеушілік болса әкемді алдыратын. Ол уақытта ажырасу деген болмайтын. Егер келін мен баланың арасында салқындық сезілсе, ағайынның ортасына салып, келінді сыртқа жібермейтін. Мен сондай сөзі өткір, өзі адуынды бидің тұңғыш қызы болғандықтан, әкеміздің атына жаман ат келтірмей, қара шаңырақтың түтінін түзу ұшыруға тырыстым. Балаларыма үнемі: «қайырымды болыңдар, айналаңдағы мұқтаж адамдарға барынша жақсылық жасаңдар. Мейірім адам баласының ең жақсы қасиеті. Екіншіден, ешкімнің ала жібін аттамай, өтірік айтпай, қандай жағдайда да әділдікті ту етіңдер деп айтып отырамыз – дейді отанасы Шәркүл апа.

Расында, бұл әулет – көпке үлгі. Шәркүл апа қайын атасына төрден орын беріп, жылы-жұмсағын ауызына тосып, арулап шығарып салған келін. Қолы қалт етіп босай қалса, немерелеріне өткен күндерден әдемі естеліктер айтып, тағылымды әңгімеден сыр шертеді әрі келіндерінің басын қосып, не бір шаруаның басын қайыруда әлі қатардан қалмапты.

Бүгінде отасқандарына жарты ғасыр болған жанұя шынар ағашындай діңгегі мықты әулетке айналып, отбасының ғана емес үлкен әулеттің ұйытқысына айналып отыр. Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады.

Ынтымағы жарасқан бұл отбасында ағайын-туыс, көрші-қолаң, бауырлар бір дастархан басында жиі бас қосады.  Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Аялап жетілдірген перзентінің барлығы жоғары білім алып, әхалық қызметінің әр саласында қызмет етіп, өркендеп өсіп-өніп келеді.

Қандай да мемлекеттің іргетасы берік, болашағы кемелді болуы үлгілі шаңырақтан бастау алатыны анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйытқысы, жылуы, алтын қазығы. Серік әкей мен Шәркүл әжей балалары мен немерелерін де жастайынан еңбекке баулыған. Өз қолымен өсірген жеміс ағаштары мен жұпар иісті гүлдерінің түбін қопсытып, арам шөбін жұлу – кішкентайлардың еншісінде. Мереке сайын барлық немерелер мен жиендер қара шаңыраққа жиналып, әжелеріне арнайы келеді. Отбасы толық жиналғанда үй-іші думанға толады. Ынтымағы жарасқан Бәкіровтер отбасының өнегесі осындай.

Тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныс-тіршілігінен әке мен ананың сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатын көруге болады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі шаңыраққа бақ-береке тілейміз. Ынтымағы жарасқан бұл отбасында бес келін еншілерін алып, бөлек шықса да тату-тәтті өмір сүріп, балалары жиі бір дастархан басында бас қосады. Бес келіннің бірдей ілтипат көрсеткен қызметіне көңілің елжірейді. Міне, ізгілікті қасиетке толы әулет тынысы осындай. Барлық отбасы осындай болса, еліміздің іргесі де әрдайым мықты болмақ. Ендеше, махаббатқа толы жылы әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейік.

Сегіз перзенті – үлкені Салтанат Сарағаш қаласында шипажайда еңбек етсе, ұлдың үлкені Ғалымжан қарашаңырақта тұрады. Осы ауданда электр жарығын тарату мекемесінде жұмыс жасайтын, жақында Төменарық аймағына мастер болып ауысып, ауылдағы ағайынға қалтқысыз қызмет етуде. Ортаншы қыз Гүлжанат Шымкент қаласында жеке кәсіппен айналысса, артынан ерген ұл Әкімжан Сарыағаш қаласының 40 жылдық ауылында егіс бригадирі болып жер анадан ризық несібен табуда. Бесінші ұлдары Біржан Қызылорда қаласында жеке кәсіппен айналысса, Перизат Шиелі ауданының, Ақтоған ауылында география пәнінің мұғалімі, күміс алқаға жеткізген Қанаты Қарағанды қаласында веонный офиссер болса, алтын алқаға жеткізген Қанағат елге қызмет етуде, сүт кенжесі Бекжан Шиелі ауданында білім ордасында шаруашылық жөніндегі орынбасары болы, әке жолын жалғап келеді.

Еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген балалары қарашаңыраққа жиналып, ата-аналарының алтын тойын ағайын туыстың арасында атап өтіп, дүйім жұрттың басын қосып, мәре-сәре болуда. Міне, отбасы берекесі осы емес пе?

Әсел КЕҢЕСҚЫЗҚЫЗЫ
23 қыркүйек 2023 ж. 1 829 0