№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мамандығым - мерейім

Мамандығым - мерейім

Ана құрсағында жан бітіп, жарық өмірге келгеннен деніміздің саулығы дәрігерлермен тығыз байланысты. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан жер бетінде кемде-кем. Әр минут, әр сағат, әр күн сайын уақытпен санаспай, науқас дертіне дауа табуға бар күш-жігерін аямайтын дәрігерлер еңбегі ерен. Өмір мен өлім арасындағы арпалыста адам жанын ажалдан арашалап, қашанда көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың орны төр. Сондықтан оларды қалай дәріптесек те жарасады. Осындай мақсатта Жаманбай ауылдық округіне қарасты Кенес ауылындағы медициналық пункт дәрігері Гүлайым Зұлпыханқызымен тілдесуді құп көрдік.



Біз арнайы іздеп барған кейіпкеріміз көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген, білімбіліктілігі арқасында аудан тұрғындарының жүрегінен орын алған тұлға. Өз ісінің нағыз шебері бола білген кейіпкеріміз талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті қарасы үзілмейтін науқастарға ем-шара көрсетуден бөлек, медициналық пунктің өзге де тірлігіне жауапты ол жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген жан адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүр.

Иә, медбике мамандығы үмітке үміт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын ең қадірлі, құрметті мамандық. Оның дәрігер боламын деген арманын атаанасы қолдайды. Ұстаздары да мақсатына қанат бітіріп, медициналық бағытта білімін шыңдауға көмектеседі. Осылайша ес білгелі дәрігер болуды мұрат еткен абзал жан кіндік қаны тамған туған жер адамдарының саушылығына тұтас ғұмырын арнап келеді.

Кеңес ауылында шағын медициналық пунктің жұмысын жүйелеп отырған Гүлайым Шамшиеваның қызметіне көпшілік дән риза. Ол Түркістан қаласындағы медициналық училищенің фельшерлік мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының балалар бөлімшесінде медбике болып бастады. Кейін 2003 жылы Талап ауылдық ауруханасының медбикесі болып ауысты. Осылайша үлкен мекемелерде тәжірибе жинақтаған маман 2006 жылы Кеңес ауылының ФАП бөлімшесіне медбике болып орналасты.

Құтты мекен тәжірибелі маманға құшағын кең жайып, білек сыбана еңбек етуге жол ашады. Ауылдағы ағайынның денсаулығына жауапты болып, фельшер жетіспеуіне байланысты дәрігерлік қызметті атқарады.

Ауылдың шағын медициналық пунктінің тізгінін қолға алған тұста халық саны 1000-нан асты. Осыншама халықтың ерлерін де, әйелдерін де, жас балаларын да медициналық тексерулерден өткізіп, қауіпті індетпен күресте қорғай білді. Шұғыл қоңырау түскен жағдайда. халыққа алғашқы көмек көрсетеді.Жүкті әйелдер мен дімкәс науқастарды назарда ұстап, ел қатарына қосылып кеткенінше өз күтіміне алды. Осындай жауапкершілікті абыроймен атқарғаны үшін марапаттардан да кенде болмады.

Ата қоныста абыройы артқан ақ халатты абзал жан елдің амандығын, ұлттар татулығын, отбасының іргесі берік болғанын тілейді. Ұжымындағы орта буын қызметкерлердің ұйыса еңбек етуіне себепкер болып отыр. Барлығын өз бауырындай жақын көретінін жасырмады. Әріптестері «Қамыққанда қамқор әпке, жабыққанда сырлас дос. Қиын сәтте қолдау білдіріп, жас буынға өмір баспалдақтарында сүрініп кетпей, саналы өмір сүруге бағыт-бағдар береді» – дейді.

Сондай-ақ, ол бүгінгі денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстың да жүріп жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, электронды қызметке баса назар аударылып, медициналық карталардың барлығы электронды түрге көшуде. Бұл науқас пен дәрігерді қағазбастылықтан арылтып, уақытты үнемдеуге көмектесетінін де жасырмады.

Осылайша күнделікті жұмыс барысын баяндаған кейіпкеріміз әр науқасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілімен қамқорлық таныту өте маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі, денсаулық адам өміріндегі ең қымбат байлығы болғандықтан, оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер қателігін ешкім де кешіре қоймас. «Бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созуға дайын болуымыз керек» деген Гүлайым Зұлпыханқызы әсіресе сәбилер сырқатын табудағы тәжірибесімен бөлісті:

– Ең бірінші кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табуың керек. Сәби жанын қинаған ауруды дөп басу – ең қиын шаруа. Тілі шықпаған бала өзінің дәл қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмайды. Бір жерінің ауырып, мазасызданып тұрғанын жылап қана білдіре алады. Сол себепті бізге дәрігермен қоса психолог болуға да тура келеді. Әрине, өз ісінің маманы осы айтқан дүниелерді оңай іске асырады деп ойлаймын, – дейді білікті маман.

Гүлайым қарашаңырақтың түтінін түтеткен, ата-ене баққан ибалы келін. Жұбайы Әділ Асқоров елге сыйлы, іскер азамат болғандықтан төрінен қонақ үзілген емес. Үй мен түздің тірлігін тең үлестіріп, несібесін шалқытқан ананың қадірі қашан да биік. Ұлдары бір-бір мамандық иесі болып, ел игілігі жолында еңбек етуде. Соның ішінде ұлы Нұрсұлтан ана жолын жалғапты.

ТҮЙІН. Ауыл ардақтысына айналған жанмен дидарласқан бір сағаттың өзі мен секілді жас маманға мол ғибрат болғанын жасырмаймын. Осындай абыройлы қызмет жолы кімге де болса үлкен тәрбие мектебі болатыны ақиқат.

Мақпал Патенова
23 маусым 2023 ж. 728 0