Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ең бастысы - елдің ықыласы

Ең бастысы - елдің ықыласы


Ана құрсағында жатқаннан бастап, жарық өмірден озып кеткенше сау-сәлеметтігіміз дәрігерлермен тығыз байланысты. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан жер бетінде кемдекем шығар, сірә. Әр минут, әр сағат, әр күн сайын уақытпен санаспай, науқас дертіне дауа табуға бар күш-жігерін аямайтын дәрігерлер еңбегі ерен. Өмір мен өлім арасындағы арпалыста адам жанын ажалдан арашалап, қашанда көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың орны төр. Сондықтан оларды қалай дәріптесек те жарасады. Осындай мақсатта Төменарық ауылына жол тарттық. Зейнетке шықса да, қалың көпшіліктің өтінішімен жұмысын жалғастырып келе жатқан Зөре Хайнекеевамен тілдесуді құп көрдік.

  Біз арнайы іздеп барған кейіпкеріміз көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген жан. 40 жылға жуық дәрігерлік қызметте, аудан тұрғындарының жүрегінен орын алған білікті маман. Өз ісінің нағыз шебері бола білген кейіпкеріміз талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті қарасы үзілмейтін науқастарға емшара көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де жауапты тірлігіне қарамастан әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген жан адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүр.

Жұмысына берілгендігі соншалықты, біздің кіргенімізді де байқар емес. Келген шаруамды айтқанымда қысылыс тауып, басылым бетіне шығуға ыңғайсызданатынын білдіргенде таңқалғаным жасырын емес.

Иа, дәрігер – үмітке үміт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын ең қадірлі, құрметті мамандық. Оның дәрігер боламын деген арманын ата-анасы қолдайды. Ұстаздары да мақсатына қанат бітіріп, медициналық бағытта білімін шыңдауға көмектеседі. Осылайша ес білгелі дәрігер болуды мұрат еткен абзал жан кіндік қаны тамған жеріне тұтас ғұмырын арнап келеді.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде Галина Викторовна Попова деген аурухана дәрігерінің ақыл-кеңесінен кейін, өзіне осы саланы мақсат етіп қойған екен. Сол жолда Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, білім алады. Онда педиатрия мамандығы бойынша білім жинап, біліктілігін шыңдады. Ізденімпаз жас 1979-1980 жылдары облыстық ауруханада интернатурадан өтеді. Бәлкім әкенің ерекше қамқорлығы болар, Жезқазған қаласына жұмысқа кеткелі тұрған қызын ауылға алып қалуды ұйғарып, басшының алдына кіреді. Жігерлі жастың талабын аңғарған басшылық Жаңақорған аудандық ауруханасына педиатр-иммунолог қызметіне жұмысқа ауыстырып алады. Осылайша үлкен мекемелерде тәжірибе жинақтаған маман 1981 жылы өзінің туған жеріне балалар дәрігері болып оралады. Құтты мекен өз перзентіне құшағын кең жайып, білек сыбана еңбек етуге жол ашады. Бір қызығы өзінің дәрігер болуына ықпал еткен Галина Поповамен бірге еңбек етіп, 1985 жылы ол кісі зейнетке шыққаннан кейін бас дәрігерлік қызметті атқарады. Өзі балалар дәрігері болса да, жағдайға қарай акушер-гениколог, терапевт те болғанын әңгімеге арқау етті.

Осылай қызмет ете жүріп, Ақтөбе медициналық университетінде, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде біліктілігін шыңдайды. Аурухана тізгінін қолға алған тұста халық саны 10200-ден асатын. Себебі, Төменарық ауылдық ауруханасы 2002 жылға дейін Сунақата, Екпінді, Еңбек, Сүттіқұдық елді мекенінің тұрғындарына қызмет көрсетті. Зөре Хайнекееваның жүктемесінде 4596 бала, 2365 әйелдің денсаулығын қадағалау тұрды. Осындай жауапкершілікті абыроймен атқарғаны үшін марапаттарға ілікті.

Оны облыстық медицина кәсіподақ комитеті, аудандық аурухана кәсіподақ комитеті «Алғыс хатпен» бірнеше рет марапаттаған. Ол 2002 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасына» қол жеткізді. Дарынды дәрігер 2004 жылы Елбасы Жарлығымен «Шапағат» медаліне ие болды. Осындай құрметке лайықты деп танылған Зөре Хайнекеева бүгінгі таңда аға дәрігер санатында қызмет етеді. Жерлестері денсаулық сақшысының адамгершілік, бауырмашылдық асыл қасиетімен көпшіліктің сенімінен шыққанын айтады.

Туған жерге туын тіккен ақ халатты абзал жан елдің амандығын, ұлттар татулығын, отбасының іргесі берік болғанын тілейді. Ұжымда 30-дан аса  орта буын қызметкердің ұйыса еңбек етуіне себепкер болып отыр. Барлығын өз отбасындай жақын көретінін жасырмады. Әріптестері «Қамыққанда қамқор әпке, жабыққанда сырлас дос. Қиын сәтте қолдау білдіріп, жас буынға өмір баспалдақтарында сүрініп кетпей, саналы өмір сүруге бағыт-бағдар береді» – дейді.

Сондай-ақ, ол бүгінгі денсаулық сақтау саласы аурудың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстың да жүріп жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, электронды қызметке баса назар аударылып, медициналық карталардың барлығы электронды түрге көшуде. Бұл науқас пен дәрігерді қағазбастылықтан арылтып, уақытты үнемдеуге көмектесетінін де жасырмады.

Осылайша күнделікті жұмыс барысын баяндаған кейіпкеріміз әр науқасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілімен қамқорлық таныту өте маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі, денсаулық адам өміріндегі ең қымбат байлығы болғандықтан, оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер қателігін ешкім де кешіре қоймас. «Бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созуға дайын болуымыз керек» деген Зөре Жүрсінқызы әсіресе сәбилер сырқатын табу қиынға соғатынын жасырмады.

– Ең бірінші кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табу керек. Сәби жанын қинаған ауруды дөп басу – ең қиын шаруа. Тілі шықпаған бала өзінің дәл қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмайды. Бір жерінің ауырып, мазасызданып тұрғанын жылап қана білдіре алады. Сол себепті бізге дәрігермен қоса психолог болуға да тура келеді. Әрине, өз ісінің маманы осы айтқан дүниелерді оңай іске асырады деп ойлаймын, – дейді білікті маман.

Бүгінде бала дәрігері мамандығын екінің бірінің таңдауға батылы бара бермейді. Себебі, білікті дәрігер болу үшін тек жоғары оқу орнын бітіру аздық етеді. Сезімталдық, үлкен жауапкершілік, ұқыптылық, әрі күн сайын жаңа нәрсені білуге, үйренуге асық болу арқылы бұл мамандықты меңгеріп, шыңына шығуға мүмкіндік бар.

ТҮЙІН. Ауыл ардақтысына айналған жанмен дидарласқан бір сағаттың өзі мен секілді жас маманға мол тәжірибе болғанын жасырмаймын. Осындай абыройлы қызмет жолы кімге де болса үлкен тәрбие мектебі болатыны ақиқат.

Әсел РЗАЕВА
27 қыркүйек 2022 ж. 892 0