№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өнегелі отбасы ұлт келешегі

Өнегелі отбасы ұлт келешегі

15 мамыр ұлт келешегі – Отбасы күні. Осы айтулы мерекеге орай ауданымыздағы ел ағасы Мажитов Абілпейістің үйіне арнайы бас сұғып, берекелі жанұяның ортасында болып қайттық. Әбілпейіс ағаның әулеті елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген ынтымағымен елге үлгі.


 Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында соны кәдеге асыратынын бүгінде ұл-қыздары дәлелдеп-ақ келеді. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан Мажитовтар отбасына осындай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, осындай берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.

«Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы» дегендей, болашақ тәрбиесіне ұстын қылар қазық ретінде әкенің орны жөнінде орамды ой қозғап, әдемі сөзден кесте тоқыған Әбілпейіс ағаның аузынан шыққан әрбір сөзінің мәні терең екенін ұғындық.

– Әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкем Әмір Мәжитов киелі өнердің көрігін қыздырып, 30 жылдан астам халық театрын басқарды. Сахнаның саңлағына айналып, өзінің қаламынан шыққан тарихи пьесаларын сахнаға шығара білген режиссуралық қабілеті оның есімін жұртшылықтың жадында мәңгілікке қалдырды. Анам Ардақ екеуі 37 немере мен 47 шөбере көріп, өнегелі өмір сүрді. Отбасында сегіз ағайындымыз. Атаанамнан төрт ұл, төрт қыз тараған. Бәрі өмірден өз орындарын тапқан, оқыған білімді жандар.

Ал, менің өзімнің отбасыма келетін болсам, жарым Рыскүл екеуміз Алланың берген төрт ұл, екі қызды өмірге әкелдік. Балаларымыздың өмірде өнегелі, тәртіпті болғанын, еліне адал қызмет еткенін тіледік, тәрбиеледік. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбек етуге, өмірде шыншыл, адал, еңбекқор болуға бағыттадық. Үш ұлым, екі қызым аяқтанып, бір-бір үйдің иесі атанды. Кенжеміз мектеп қабырғасында оқиды. Шүкір, бақытты ата-ана, ата-әже атанып отырған жайымыз бар. Әрине бұл тұрғыда аналардың қызметі орасан зор. Жанұяда әкенің әмбебап болуы отбасы мүшелерінің қиналмай өмір сүру үшін маңызды. «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере аламайды» деген бабалар сөзінің жаны бар. Cондықтан біздің отбасымызда адалдық пен сыйластық бірінші орында, – дейді ол.

Иа, ақ дастархан басында орамды ой қозғап отырған отағасының сөзін жары Рыскүл Әмзеқызы да қостап, әрі қарай өзі де, қара шаңырақтың қадірін-қасиетін тілге тиек етіп, кезінде төрт келіннің бір шаңырақ астында тұрғандарын айтқанда таң қалдық.

– Көзі тірісінде-ақ атағы жер жарып, аңыз адамға айналған тұлғаның келіні болдым. Төрт келін бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрдік. Әбден сол үйге сіңісіп, тәлім-тәрбие алғаннан кейін бізді бөлек шығара бастады. Қазір шүкір, өзіңмнің үйленген үш ұлым осы уақытқа дейін бірге тұрды. Енді, енді бөлек шығарып жатырмыз. Бөлек шығарған аты ғана, балалар алаңсыз осы үйде. Үш келінім де өте инабатты, ибалы. Бір-біріне дауыс көтеріп, қатты сөйлегендерін көргенім жоқ. Балалары бір әке-бір ананың балаларындай тай құлындай тебісіп өсіп келеді. Бірі жоқ болса іздеп, сағынып тұрады. Өздері өте бауырмал, менікі-сенікі деген ұғым жоқ, – дейді анамыз.

Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады.

Әмір Мәжитовтей абыз ақсақалдан ұрпақ сабақтастығын жалғастырып отырған Әбілпейіс аға мен Рыскүл ана ауыл-аймаққа сыйлы, көпшіліктің құрметіне бөленген жан екендеріне көзіміз жетті.

Ұлдары Дәулет, Арман, Еламан және екі қызынан өрген немерелері әрдайым үйді толтырып қуантса, елдегі ағайын ауызы дуалы ел ағасының батасын алуды мұрат тұтады. Бес құда-құдағиының да сыйластығы ерекше. Бірбірімен етене араласып, ауызбіршіліктері жоғары.

Бүгінде Әбілпейіс аға мен Рыскүл анамыз бар немересін бауырына басып, оның бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп отыр. Немерелеріне ертегі айтып, өнерге баулуда түрлі үйірмелерге өзі апарып жүр екен. Ал, абысынды-келіндер қабақпен ұғысып, не тірлікке даяр тұрған пейілдерін айтсаңшы. Осындай өнегелі ұл мен тәрбиелі қыз өсірген отбасылар қатары көбейген сайын қазақтың мәртебесі биіктей беретініне біз қашанда сенімдіміз. Тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныс-тіршілігінен әке мен ананың сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатын көруге болады. Қандай да мемлекеттің іргетасы берік, болашағы кемелді болуы ұлағатты ұя, үлгілі шаңырақтан бастау алатыны анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан мейірім алады. Әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы.

Шаңырағы биік, босағасы берік Мәжитовтер отбасы мүшелері таң атса, бірі қызметіне, бірі оқуына, қас-қарая қарашаңырақта бас қосады. Кішілері үлкендерін, үлкендері кішілерін қуантып, жақсы жаңалықтарымен бірінші болып бөліскісі келеді. Олардың әңгімелерінен бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіп тұрады. Бұл отбасының өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек. Отбасының тірегі Әбілпейіс аға балаларына жастық шақта басынан өткен қиын күндерін айтып беріп, өз еліңде тұрып, Отаныңа қызмет етуден асқан бақыт жоқ екенін үнемі тілге тиек етіп отырады. Оларға маңдай термен тапқан еңбектің наны тәтті болатынын, ол үшін білім керек екенін айтудан жалықпайды. Ал балалары әкенің тәрбиесі мен ананың тәлімінен ешқашан аттап кеткен емес. Айтқан ақылдарын өмірлік қағида етіп ұстанған балаларына ата-анасы қашанда риза.

Әсел Рзаева
16 мамыр 2023 ж. 962 0