№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өнегелі отбасы – қоғам тірегі

Өнегелі отбасы – қоғам тірегі


Отбасы – халық болашағының кепілі. Шаңырақтағы жарастық пен татулық – өмірді енді танып келе жатқан жасқа үлгі. Ұрпағының дені ұсақталмай, ұлағатты болса отбасының да мерейі үстем. Осындай мерейлі отбасы, өздері жас болса да ауқымды істерді қолға алып жүрген Өскенбай Елдос пен Айнұр Жүрментаеваның отбасын айтуға әбден болады.


Отбасы құндылығы ол біріншіден бір-біріне деген ыстық ықылас, шы­найы сүйіспеншіліктен бастау ала­ды. Бүгінде еліміздің мерейлі от­­ба­­сыларының біріне айналып, түсі­ніс­тікпен, сүйіспеншілікпен ғұмыр ке­шіп отырған бұл отбасында отағасы Елдос пен жұбайы Айнұр екеуі де ауданның білім ағарту саласына еңбек етіп келеді. Олар туған жердің рухани өркендеуіне үлес қосу үшін аудан орталығынан «Өскенбай Жұмаділла атындағы дарынды балаларға ар­налған» мектеп ашып, балаларға білім нәрін сеуіп келеді.
– Бірнеше жыл қаржы саласында жұмыс жасасам да балаларға мектеп ашу ойымда жүр еді. Оның үстіне әкем Жұмаділла Өскенбайұлы 18 жыл ауылдық округті басқарып қыруар іс бітіріп, елге қамқор, жұртқа жанашыр болған азамат. Осы мектеп орналас­қан жерді алып, біраз уақыттан бері мектеп ашсам деген ойы болды. Одан өзім жеке кәсіпке бет бұрғаннан кейін, алдымен балабақша ісін жүргізіп, біршама тәжірибе жинап, содан кейін 500 орындық мектеп ашуды мақсат еттік, – дейді ол.
Өрлеуді өмірінің өзегі еткен кейіпкеріміз қашанда ұшар шыңның басында, жетістік тұратынын және өмірдің еңбексіз ештеңе бермейтінін жақсы біледі. Алдына мақсат қойып, отбасымен берекелі тірлікке күш салды. Нәтижесінде ел игілігіне қызмет етуде.
– Адам алдына мақсат қойса, оны армандап қана қоймай, соған жету үшін еңбектену керек. Мектеп ашып, балаларға жан-жақты білім беру әкемнің арманы, ойы болды. Ойлана келе, оқушыларға сапалы білім беретін мектепті ашуға тоқталдық. Білім бақылау департаментінің рұқсатымен осы бастауыш мектепті аштық. Дарынды балалар мектебі 2021 жылдан бастап ашылған 500 орындық аудандағы жаңа жеке мектептердің бірі. Бүгінде білім ордасында 423 оқушы білім алуда. Сонымен қатар мектепте оқушыларды тасымалдау үшін автокөлік те қарастырылған. Сондай-ақ, аталмыш білім ошағында сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін би, күрес, таэквондо, шахмат, ментальды арифметика, баскетбол секілді үйірмелер жұмыс жасайды. Бүгінде үйірме оқушылары көптеген түрлі байқауларда жеңімпаз атанып, үздіктер қатарынан көрінуде. Мақсат біреу – саналы шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім беру. Алдағы уақытта осы жолда аянбай қызмет жасаймыз. Қасымда жұбайым Айнұр Жүрментаева мені барлық жағынан қолдап, мен құрылтайшы болсам, ол директор қызметін атқарып, еңбек етіп келеміз, – дейді отағасы.
«Отан отбасынан басталады» де­ген дана сөз бар. Ата-ананың бір-біріне қарым қатынасы, жүріс тұрысы, сөй­леу мәдениеті барлық іс-қимыл­дары баланың бойына тәрбие болып қалыптасады. Күн сайын ертеден кешке дейін, отбасында ата-ана, ағайындары тарапынан бала алдында мінез-құлықтың сан алуан үлгілері өтіп жатады. Осының барлығын жас бала бойына сіңіріп өседі. Ал баланың қоғамға, айналасындағыларға қарым-қатынасының қалыптасуы, туған-туыстарына деген қатынасынан байқалады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ата-бабамыздан қалған асыл сөз текке айтылмаған. Отанасы Айнұр жұмыста басшы болса, үйде қарапайым келін, отағасының демеуі, балаларының анасы.
– Елдос екеуміз бір салада, яғни халық банкі мекемесінде еңбек еттік. 2017 жылы шаңырақ көтеріп, алдымызға үлкен арман-мақсат қойдық және сол жолда еңбек еттік. Шүкір, бүгін осындай үлкен білім ордасында білім мен өнерді қатар ұштастырып, талапқа сай жұмыс жасап келеміз. Жұбайым екеуіміз үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз. Сенім мен сезім бар жерде ғана кез келген отбасы үлгілі үй бола алады. Біз балаларды алдымен адалдыққа үйретіп келеміз. Шамамыз келгенше еңбекқорлыққа баулып келеміз. Алланың бізге берген үш қыз, бір ұлы бар. Олар кішкентай күнінен Елдос екеуміздің қалай еңбектеніп, нан тапқанымызды көріп өсіп келе жатыр. Таң атқаннан осы мектепке бізбен бірге келіп, білім алуымен қатар біздің қалай жұмыс жасап жатқанымызды көріп жүр. Негізі, баланың ең бірінші үлгі алатын адамы, ол – ата-анасы. Әрбір отбасының қанаты балалары ғой. Өскенде бізге жаман атын келтірмей, өздерінің еңбек жолдарын қалыптастырып, өз еңбегімен жетістіктерге жетіп жатса, шаңырағымыздың шаттығы сол, – дейді.
Елдос пен Айнұрды өмір бойы ынтымағы жарасқан, үлгілі отбасы қатарынан десек қателеспейміз. «Үл­кенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді тәрбиенің бастауы деп білген отбасы қоғамда зор беделге ие.
Сүттей ұйыған отбасында жы­лылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясын­дағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.

Әсел РЗАЕВА

29 сәуір 2023 ж. 445 0