Тіл үйірер тәтті табыс көзі
– «Алғашында тәтті өнім пісіру¬ді хобби ретінде айналыса бастадым, кейін келе кәсібіме айналды. 2013 жылдан бастап хоббиімді кәсіпке айналдырып, аудан төңірегінде тапсырыстар қабылдап, еңбек етіп келеміз. Бұл ісімді жолдасым мен үлкен әпкем қолдап, цех ашуыма бастамашы болды. Қазір цехта төрт адам жұмыс жасайды. Тәттілерге тапсырыс күнде түседі, дүкенде дайын торттар да бар. Күнделікті тапсырыс беру деңгейі өте жоғары деп айта аламыз. Бірнеше жылдан бері қалыптасқан тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Бізге дүкендерден, тойханалардан үнемі тапсырыстар келіп отырады. Мәселен, самса, чибуреки, пирог, тортқа күнделікті тапсырыс түседі. Қарапайым халықтың өзі дәл ойындағыдай таппаған торттарын осы жерге келіп тапсырыс беріп алып кете алады. Бірақ, жүрек қалауымен айналысқаннан болар, торт пісіруден шаршамаймын, керісінше жан тыныштығын табамын. Қазір торт пісіретіндер өте көп. Дей тұрғанымен, әрқайсысының өзінің тұтынушылары бар. Тәтті пісіруді серік еткен қыздармен кездесіп, басқосып тұрамыз. Біздің арамызда көреалмаушылық деген жоқ. Керісінше, білгенімізді ортаға салып, білмегенімізді үйреніп жатамыз, – дейді Ләззат Дүйсенқызы.
Ия, кәсібін жан-тәнімен ұнататын Ләззаттың қолынан шыққан торттың небір түрлері, тіскебасар, бәліштер ауыл тұрғындарының арасында сұранысқа ие. Дастарханға Ләззатың тәттілері қойылған сәтте, қонақтардың барлығы да дәмін татып, ерекше ықалас танытып, үй иесінен байланыс нөмерін сұрап алып жатады. Оның үстіне бағасы қолжетімді болғандықтан көпшіліктің қалтасына аса салмақ түсірмейді. Қаймақ, ірімшік, сүт, шоколад сынды қоспалардың сапалысын ғана пайдаланатын цехта бүгінде торттың 30-ға тарта түрі дайындалады. Атап айтсақ, «Карамельный», «Рафаэлло», «Вупи пай», «Молочная девушка», «Шоколадный», «Қызыл бархат», «Королевский» және «Медовый» сынды торттардың түріне күн сайын тапсырыс қабылдайтын кондитер айналасындағыларға өз білгенімен үнемі бөлісіп те отырады.– «Мен барынша қарапайым халықтың жағдайына қараймын. Пісір¬ген өнімдерімді қолжетімді бағамен ұсынамын. Адамда қанағат болса, аз-маз тапқан ақшаңның берекесі де болады екен. Әрине, бір тортқа қажетті заттар мен коммуналдық шығындарды есептегенде орташа бағаны ұстауға тырысамын. Өзімнің тұрақты тұтыну-шыларым маған сеніп, тапсырыс береді. Мен үшін ең бастысы сапасы. Қай салада да ең алдымен еңбектену керек. Менің бүгінге дейін жеткен жетістігім сол еңбектенудің арқасында деп ойлаймын. Сондықтан өзім сияқты кәсіпкерлердің жұмысын, еңбегін жоғары бағалаймын», – дейді кәсіп иесі.
Расында, Ләззаттың тәттілері тіл үйіреді. Қашанда тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барынша тырысатын кәсіпкердің жасаған өнімдеріне өзге ауыл-аймақтардан да тапсырыс беріп, жақындарын түрлі дәмдімен қуантып жүрген жандар да жеткілікті. Тапсырыстардың көптігіне қарамастан барынша үлгеруге тырысатындықтарын жеткізді. Әр тапсырыс берушінің көңілінен, талғамынан шығу үшін тәттілер тек табиғи сапалы өнімдерден жасалады және бағалары да аса қымбат емес. Ризық-несібеге қол жеткізудің өзі адамның іс-әрекетіне байланысты болса керек-ті. Бірі мамандық алып сол жолда қызмет етсе, енді бірі кәсіп ашып ісін дөңгелетуде. Кейіпкеріміздің кондитер цехынан бөлек, аудан орталығындағы «Ақ палас» мейрамханасын да жандандырып отырғанын білдік. Жолдасы екеуі еңбек етуден жалықпай, керісінше бірнеше кәсіптің басын біріктіріп көпшілікке қызмет етіп отырған өнегелі жас отбасы екенін де аңғардық.
Тәтті пісіріп сатушылардың барлығы да бұл саланы алғашында хобби ретінде бастап, кейін кәсіпке айналдырған. Қолдан келсе қабілетті пайдаланып, неге ақшаға айналдырмасқа? Үйреніп, білгісі келген адамға кедергі жоқ. Бастысы ниеті түзу, еңбегі адал болса болғаны.
Ботагөз БЕКМАХАНОВА