№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбек етсең еселеп келеді

Еңбек етсең еселеп келеді


Дәмі тіл үйірер түрлі тәттілерсіз дастарханды елестете алмаймыз. Әрі дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болып келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз «Несіпкүл ана» кондитерлік дүкен иесі Ләззат Төлегенованың шаруасын ширатып келе жатқанына биыл тоғызыншы жыл.

  – Алғашында тәтті өнім пісірумен хобби ретінде айналыса бастадым, кейін келе кәсібіме айналды. 2013 жылдан бастап хоббиімді кәсіпке айналдырып, аудан төңірегінде тапсырыстар қабылдап, еңбек етіп келемін. Бұл ісімді жолдасым мен үлкен әпкем қолдап, цех ашуыма бастамашы болды. Қазір цехта төрт адам жұмыс жасайды. Тәттілерге тапсырыс күнде түседі, дүкенде дайын торттар да бар. Күнделікті тапсырыс беру деңгейі өте жоғары деп айта аламын. Бізге дүкендерден, тойханалардан үнемі тапсырыстар түсіп отырады. Қарапайым халықтың өзі дәл ойындағыдай торттарын осы жерге келіп тапсырыс беріп алып кете алады. Бірақ, жүрек қалауымен айналысқаннан болар, торт пісіруден шаршамаймын, керісінше жан тыныштығын табамын, – дейді Ләззат Дүйсенқызы.

Кәсібін жан-тәнімен ұнататын Ләззаттың қолынан шыққан торттың небір түрі, тіскебасар, бәліштер ауыл тұрғындарының арасында сұранысқа ие. Оның үстіне бағасы қолжетімді болғандықтан көпшіліктің қалтасына аса салмақ түсірмейді.

Қаймақ, ірімшік, сүт, шоколад сынды қоспалардың сапалысын ғана пайдаланатын цехта бүгінде торттың 30-ға тарта түрі дайындалады. Атап айтсақ, «Карамельный», «Рафаэлло», «Вупи пай», «Молочная девушка», «Шоколадный», «Қызыл бархат», «Королевский» және «Медовый» сынды торттардың түріне күн сайын тапсырыс қабылдайтын кондитер цехы көппен тәжірибе бөлісуге де дайын.

– Мен барынша қарапайым халықтың қалтасына қараймын. Пісірген өнімдерімді қолжетімді бағада ұсынамын. Адамда қанағат болса, тапқан ақшаңның берекесі де болады екен. Әрине, бір тортқа қажетті заттар мен коммуналдық шығындарды есептегенде орташа бағаны ұстауға тырысамын. Өзімнің тұрақты тұтынушыларым маған сеніп, тапсырыс береді. Мен үшін ең бастысы – сапа. Қай салада да ең алдымен еңбектену керек. Менің бүгінге дейін жеткен жетістігім сол еңбектенудің арқасында деп ойлаймын. Өзім сияқты кәсіпкерлердің жұмысын да жоғары бағалаймын, – дейді ол.

Қашанда тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барынша тырысатын кәсіпкердің жасаған өнімдеріне өзге ауыл-аймақтардан да тапсырыс беріп, жақындарын түрлі тәттілермен қуантып жүрген жандарда жеткілікті. Әр тапсырыс берушінің көңілінен, талғамынан шығу үшін тәттілер тек табиғи сапалы өнімдерден жасалады және бағалары да аса қымбат емес. Ризық-несібеге қол жеткізудің өзі адамның іс-әрекетіне байланысты болса керек-ті. Бірі мамандық алып сол жолда қызмет етсе, енді бірі кәсіп ашып ісін дөңгелетуде. Кейіпкеріміздің кондитер цехынан бөлек, аудан орталығындағы «Ақ палас» мейрамханасын да жандандырып отырғанын білдік. Жолдасы екеуі еңбек етуден жалықпай, керісінше бірнеше кәсіптің басын біріктіріп көпшілікке қызмет етіп отырған өнегелі жас отбасы екенін де аңғардық.

Тәтті пісіріп сатушылардың барлығы да бұл саланы алғашында хобби ретінде бастап, кейін кәсіпке айналдырған. Қолдан келсе қабілетті пайдаланып, неге ақшаға айналдырмасқа? Үйреніп, білгісі келген адамға кедергі жоқ. Бастысы ниеті түзу, еңбегі адал болса болғаны.

Ботагөз БЕКМАХАНОВА
11 қараша 2023 ж. 908 0