Іздеген жан мұратына жетеді
«Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» деген халық даналығында. Расында ұстаз тәлімін алмаған жан жоқ шығар, сірә! Білімді ұрпақ, болашақтың кепілі десек сол ұрпақтың бойына білім нәрін сіңіретін ұстаздар қашанда құрметке лайық. Міне, сондай ұстаздың бірі әрі бірегейі, саналы ғұмырының 42 жылын елді ағарту саласына арнаған ардагер ұстаз Күләнда Жақыпбекова. Жалпы қазіргі кезде білім беру саласы заманның ағымына, ұрпақтың сана-сезімі мен таным-түсінігіне қарай бейімделіп, үздіксіз өзгеріп жатыр. Сәйкесінше, мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ал мектеп директорына жүктелген жауапкершілік тіпті орасан. Бұл сөзімізді қарапайым мұғалімнен мектеп директорына дейін көтерілген кейіпкеріміз қуаттай түсті.
– Ұстаздық – әркімнің қолынан келмейтін, ерекше талантты қажет ететін, қиялға бай адамға ғана тән қасиет. Иә, адам тәрбиелеу қиын да қызықты жұмыс. Сондықтан да мұғалім шәкіртіне деген мейірімі мол, ниеті адал, қамқоршы болу қажет. Ұстаз өзінің шеберлігін күнбе-күн дамытып, әртүрлі кездейсоқ жайттарды алдын ала сезіп, болжап және оның оң нәтижесін табуға дайын болуы тиіс. Өз кәсібінің майталманы ғана осы мақсатқа рухани күш-жігерін, қуатын сарқу арқылы жететіні түсінікті, – дейді ұлағатты ұстаз.
– Қазақ халқының мақтанышы, белгілі жазушы Тынымбай ағам қазақ әдебиетінде ерекше орны бар, ешкіммен салыстыруға келмейтін керемет суреткер, шебер қаламгер екенін мақтан етемін. Әкелеріміз туыс, ол кісі менің немере ағам. Мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнын осы ағамның үйінде бес жыл жатып оқыдым. Ғибратты әңгімелерін тыңдадым, кітаптарын оқыдым, өмірлік мол сабақ алдым. Ол кісі біреуге жақсылық жасаса ерекше қуанады. Дауыс көтеріп ашуланғанын көргенім жоқ. Өте сабырлы. Көп нәрсені көзқарасыменақ ұқтырады. Өзінің отбасына ғана емес, осы өңірдегі адалдық мектебінің ұстазы саналады ғой. Нағыз шығармашылық адамы десем болады. Үйдің қабырғасы толы кітап. Таңертең бәрімізден ерте тұрып, кітап оқып, өзімен өзі қағазға бірнәрселерді жазып отырады. Кітапты өте көп оқиды әлі күнге сол әдетінен таймаған. Осы тұста айта кетейін, жеңгем де ағама шығармашылық адамы ретінде қарап, бар жағдайын жасады. Кез келген уақытта үйге қонақ кіріп келетін. Қонақ болғанда да ақын, жазушылар елге белгілі азаматтар жеңгемнің қолынан шай ішіп, ет жеп, ағаммен арқа-жарқа әңгіме айтып отыратын. Ағамның қолында бес жыл оқығанымда көп дүниенің мәнісін аңғарып, үлгі-өнеге алып, білімді адамның болашағы қашанда жарық болатынын түсініп, сол жолда көп іздендім, еңбектендім. Ал, жеңгемнің қонақжайлылығы өз алдына. Есіктен кірген адамға төрін ұсынып, дастарқанды әпсәтте жайнатып жіберетін, қолы өте ашық, кең пейілді жан еді. Ағам мен жеңгем өмірдің сан тараулы жолдарын бірге кешті, үйлерінен қонақ арылмай, ойдағы-қырдағы ағайын-туыс, дос-жаранның бәрі осы үйге келіп түсетін.
– Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармаларын оқығанда бейне сол көріністің ішіне еніп, сол кейіпкерлердің арасында жүргендей күй кешетініміз сөзсіз. Расында, керемет суреткер ғой.
– Өте орынды. Дұрыс айтасың, ол кісі көп сөйлемейді. Аз әрі саз сөйлейді. Егер бір әңгіме айтатын болса барлығын егжей-тегжейлі, көз алдымызда өтіп жатқандай әңгімелейді. Әсіресе, ауыл жайындағы айтатын естеліктері маған қатты ұнайды. Кәдімгідей көз алдыңа анық, дәл сол уақытта болып жатқандай суреттеп бергенде, ауылға бір барып келгендей боламын. Бұл өте үлкен шеберлік қой. Тағы бір қасиеті, ойын ашық айтады. Ешкімнің көңіліне қарамайды, өзге біреуге ұнамай қалам-ау деген ой болмайды. Осы жағынан мен көп тәлім-тәрбие алдым. Кәдімгі үлкен бір мектептен өттім десем артық болмас. Бес жыл оқуымды аяқтағаннан кейін, ағам мен жеңгем ақ тілегін айтып, ақ баталарын беріп шығарып салды. Оның бәрі менің көз алдымда. Тіпті, кеше ғана секілді. Әйткенмен, уақыт шіркін жүйрік екен. Жеңгем бұл пәниден өтіп кетті ғой.
– Әңгіменің тізгінін сәл босатып, өткен шаққа оралсақ. Еңбек жолыңызды алғаш бастаған қызығы мол жылдар есіңізде шығар?
– Жауапкершілігі мол, тынымсыз еңбекті талап ететін мұғалімдікті жүрек қалауыммен таңдадым. Аудан орталығындағы №51 Қаратаев атындағы орта мектепті тәмәмдағаннан кейін, Алматы қаласындағы шет тілдер институтына «француз және неміс тілі» мамандығына оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтам, өзімнің туып-өскен Қосүйеңкі ауылында №161 орта мектепте мұғалім болып еңбек жолымды бастадым. Одан кейін отбасылық жағдайыма байланысты №56 орта мектепке жұмысқа орналасып, 1999 жылы атаулы мектепте тәрбие завучі болдым. 2006 жылы №125 Садықбек Сапарбаев атындағы орта мектепке директор қызметіне ұсынылдым. Бұл білім ошағында бес жарым жыл еңбек еттім. Осы жылдар аралағында үлкен жетістіктерге жеттік, ең алғашқы алтын белгі, үздік аттестат иегерлері шықты. Одан кейін 2012 жылы №163 орта мектепте ауыстырылдым. Аудан орталығындағы үлкен мектеп. Мен басшылық еткен уақытта 1798 бала болды. Ұжымдағы әріптестердің бір-бірімен ынтымақтастығы ата-аналармен қоян-қолтық қарым-қатынасымыз оң нәтиже беріп, білім саласында жоғарғы көрсеткішке жеттік. Қызмет еткен ұжымыма да, тәлім берген шәкірттеріме де алғысым шексіз. Сөйтіп, 2017 жылы зейнеткерлікке шықтым. Әйтсе де, аудандық білім бөлімінің басшысы еңбегімді ескеріп 2019 жылдың 25 тамызына дейін ұзартты. Одан кейін тағы бір жыл балаларға сабақ бердім. 2020 жылы абыроймен, ұжымның қошеметімен еңбек демалысына кеттім. Әйтсе де, менің тәжірибемді бөлісу мақсатында кәсіпкер Сапарғали Оспанов деген азамат «Болашақ» бастауыш мектебіне директор болуды ұсынды. Міне, 2022 жылдан бастап атаулы мектепті басқарып келе жатырмын, – деді ұстаз.
– Кез-келген толқын алдыңғы аға, ата буынға қарап бой түзейтіні белгілі. Әсіресе жас мамандарға білікті ұстаздардың кеңесі керек-ақ. Осы тұрғыдан келгенде, талантты мұғалім болудың жолы қайсы? Мұғалімдікті таңдамас бұрын, жас талапкерлер нені ескерген жөн?
– Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған шебер ұстаз бүгінде өз еңбегінің жемісін көріп отыр. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Сондай-ақ, баланың өз әлемі болады. Сол әлемге баламен бірге ене білу керек. Ең бастысы алдыңда отырған баланы, өз балаңдай жақсы көре білу қажет. Мектеп тынымсыз тіршіліктің ордасы. Ас ішіп, теледидар қарап отырсаң да ойыңның бір ұшында бала тұрады. Мұғалім білімін үздіксіз дамытып, жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім. Өз заманының дара тұлғасы Константин Ушинский: «Оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігі жойылады» деп айтқандай, ұстаз өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тиіс. Ең жақсы мұғалім – шәкіртінің жанын түсінетін, оны өз перзентіндей сүйе алатын, оқушы үшін бойындағы барын беретін, шәкіртін өздігінен білім алуға жетелейтін мұғалім. «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қоғамда мықты, білігі жоғары, жаңашыл ұстаздардың болуы – өмір талабы. Жас ұрпақты оқытуда, оқушының тұлғалық деңгейін қалыптастыруда түрлі инновациялық әдістәсілдерді кең қолдануды қажет етеді. Мұндай талап-міндетті орындауда ұстаздың жаңашыл, іздемпаз болғаны дұрыс.
– Айтыңызшы, бұрынғы оқушылармен қазіргі оқушылардың айырмашылығы бар ма?
– Айырмашылық адамда емес, айырмашылық мектеп бағдарламасында. Қазір сыныптағы оқушы саны шектеулі. Алғашқы қабылдаған сыныбымда 46 бала болды. Мектепке алғаш келген балаларды мектеп тәртібіне үйрету, партаға отырғызудың өзі қиын болып еді. Қазіргі кезде ғаламтор деген ізденгіш ұстазға үлкен мүмкіндік, кереметтей көмекші. Қазіргі әріптестерімде көрнекіліктен еш қиындық жоқ. Қазір ақпарат көп. Сонымен бірге оқушының зейінін бөлетін ұялы телефон, көп каналды теледидар, компьютер деген тағы бар. Жүйелеп айтсаң, ол кез бен қазіргі оқыту жүйесінің ерекшелігі де, айырмашылығы да жер мен көктей деуге болады. Қазіргі білім берудің жаңа форматы бұрынғыдан күрделілеу болғанымен заман талабына сай. Әлем өзгеріп жатыр. Барлық мемлекеттер оқ бойы оза шығу үшін аянбай еңбек етуде. Біз де сол көштен қалмауымыз керек. Осы ретте білім саласы бірінші кезекте тұрары сөзсіз. Бұрынғыдай емес, бүгінде ұстаз мәртебесі көтеріліп, олардың балаларға барынша сапалы білім беруі үшін бар жағдай жасалған. Мұғалімдер осы мүмкіндікті пайдаланып, әр баланың бойына сапалы білім дарыту жолында аянбай еңбек етсе деген ниетім бар. Жаңартылған оқу бағдарламасы жастарды бәсекеге қабілетті ететін реформа. Бағдарлама баланың өзіндік көзқарасын қалыптастыруда, іздене білуде шешуші рөл атқарады. Оқушы дәстүрлі сабақта теориялық білім алатын болса, қазір ойын ашық айтуға, тәжірибемен ұштастыруға жол ашылды.
– «Мұғалім боламын» деген ұрпағыңыздың, тума-туыс, бауырдың белін буып, ақ жол тілейсіз бе? Әлде «бағыңды басқадан сына!» деп ақыл бересіз бе?
– Өзі мұғалімдік мамандықты таңдап тұрса, бетін қақпаймын. Бағдарлай алмай, бір шешімге келмей тұрған балаға «мұғалім бол, қыстақта отырсаң да қызмет табылады, аштан қалмайсың» деп ақыл айтпаймын. Мамандық таңдауда жүректің әміріне құлақ түру керек. Мұғалімдік адамзат бар жерде мәңгі жасайтын кәсіп. Сондықтан үкіметтің бұл мамандықтың мәртебесін көтеруін құптаймын.
– Оқушыға заман талабына сай білім беру үшін мектеп қандай болуы керек?
– Әл-Фарабиден «Тәрбиесіз қолға білім салма» деген даналық қалған. Меніңше, бірінші кезекте тәртіп болуы шарт. Тәртіпсіз берілген білім кейін өзімізге зиянын тигізуі мүмкін. Бүгіннің жалпы орта білім беретін мектебі – жаңа қоғам мектебі. Ол – халықтық мәдениетке интеграцияланған, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын, рухани жағынан таза, дүниеге тік қарайтын, білімнің жаңа мазмұнымен байланысқан, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып жетілдіретін мектеп болуға тиіс.
P.S.: «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Ата-анадан кейінгі балаға тәлім-тәрбие беруші ұстаз. Күләнда апайдың еңбекқорлығы мен білімділігі алдында отырған әр оқушыны тек биікке жетеледі. Өзіне зор жауапкершілік жүктелгенін сезінген маман «тәрбиесіз берілген білім нәтижесіз болады» деген принциппен жұмыс жасап, шәкірттеріне сапалы білім алуымен қатар, адамдық пен адалдықтың рухын сіңіре білді. Самайына ақ кіргенше ұстаздық етуден жалықпаған абыройлы ұстазға көкірегіңізді қайғы-мұң шалмай ұзақ өмір сүріңіз деген ақжарма тілегімізді білдіріп, қош айтыстық.
Әсел РЗАЕВА