№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өмір үйретеді, еңбек ширатады

Өмір үйретеді, еңбек ширатады


Өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап, кешегі тоқсаныншы жылғы тоқырау тұста да ауданның экономикасы мен өркениетінің өрлеуі, ел әлеуетінің дамуы жолында еселі еңбек еткен азаматтар аз емес. Олардың барлығы қазір құрметті зейнет демалысында, елдің тілеуін тілеп отырған қазыналы қарияға айналды. Солардың көшінде аудан энергетика саласында ширек ғасырдан астам еңбек еткен, ауданның “Құрметті азаматы” Өтеген Әлімбетов ағамыз да бар. Ол өз саласының білікті маманы, сонымен қатар спорт саласының серпілуіне өзіндік қолтаңбасын қалдыра білді. Сексен жастың желкенін тартқан қариямен сұхбаттасудың сәті түсіп, өткен күннің өнегесінен сыр шерттік.

– Ата, алдымен аудан спортының өткен тарихына тоқталайық.

– Жалпы Жаңақорғанда жеңіл атлетика спортының тарихы тереңде жатыр. 60-жылдардан бастап аудан спортшылары облыста озық тұрды. Оның ішінде қашықтыққа жүгіру, жузу, биіктікке секіру, сонымен қатар, футбол мен баскетбол, волейболдан да біздің аға-іні, құрдастар ешкімге дес бермеді. Мәселен, Совет Исанбаевтың рекордын Сыр өңірінде 10 жылға дейін ешкім бұза алмады. 800 метрден 1500 шақырымға дейінгі аралықта көп сынға түсті. Одан кейін, Павлов деген орыс жігіт болды. Ол да өте мықты волейболшы еді. Әбдіразақ, Телман деген жастардың да есімі жарқ ете қалды. Әсіресе, Төменарықтан шыққан Әбдірейім Мейірбековтің орны бөлек еді. Айта берсек көп, спорт тақырыбы бөлек әңгіме...

– Сіз қандай биіктікті бағындыра алдыңыз?

– Біз мектептен кейін үлкен спорттан кеттік. Оған дейін облыстық жарыстарда, оның ішінде жүгіру, хоккей, баскетбол мен волейболдан мектеп қалыптастырдық. Ол кезде қазіргідей жағдай болмады. Көршім болған Советтің күнде таңертең жаттығу жасап жүргенін көріп, аға буын болған соң ілесе кететінбіз. Міне, сондай азаматтар мүмкіндік болмаған соң спортпен қош айтысты. Ол күндер енді қайта келсе спортты тастамайтын едік. Әттең...

– Сіздің қызмет жолыңызды парақтасақ саналы ғұмырыңызды ауданның электр жарығының қызметіне арнаған екенсіз.

– Иә, 1961 жылы Алматы қаласындағы политехникалық институтқа оқуға түстім. Энергетика факультетін оқып жүріп белгілі себептермен екі жылдан соң ауылға оралдым. Академия алып, ауылда сельхозтехникада қызмет еттім. Бір жарым жылдан кейін оқуға қайта түсіп, оны бітірген соң Алматыда мамандығыммен еңбек жолымды бастадым. Араға жылдар салып, ауылдан хабар келді. Сол кездегі электр жарығы мекемесінің бастығы Шаймерден Сартаевтан ауылға үлкен электро энергия станциялары соғылуда, алайда маман жоқ, туған өлкеңе қызмет жаса деген ұсыныс келді. Содан 1969 жылы ауылға қайта келдім. Екі жылдан соң әскерге кетіп, борышымды өтеп қайттым. Ленинградтағы әскери округте болдым. Үйренісіп алған соң, отбасымды көшіріп алдым. Өйткені, сырт аймақ болған соң әлденеге ұшырап қаламын ба деген ой болды.

– Басшылық қызметке қалай келдіңіз?

– 1975 жылы уақытша аудандағы электр жарығы мекемесіне басшы етіп сайлады. 1976 жылдың қаңтар айынан бастап қызметіме кірістім. Екі жылдан кейін энергетика министрлігінің ауыспалы “Қызыл туын” жеңіп алдық. Бұл тек Қазақстанның емес, Одақтық деңгейдегі мәртебе еді. Алайда, Қызыл ту бізде тек 11 ай ғана тұрды. Себебі, Келінтөбеде трансформатор орнатып жатқан тұста қаладан командировкаға келген мамандардың шикі тапсырмасы кесірінен бір инженеріміз тоққа түсіп, ескерту алдық. Кінәлі болғанымен, туымызды қайтарып бердік. Содан 1999 жылға дейін атқарып келдім. Тек белгілі себептермен қызметімді тапсырып, қатардағы инженер болдым, кейіннен құрметті зейнеткерлікке шықтым.

– Жалпы қазақ азаматтары арасынан алғашқылардың бірі болып Орта Азиядағы ірі жобаға қатысқан екенсіз...

– Рас, ол кезде жалындаған жас едік. Институтты бітірген соң, Соколов Сарыбай кен байыту зауытында жұмыс жасадым. Сібір мен Орта Азия, Қазақстанда ең үлкен адымдап жүретін эксковатордың монтажына қатысқан бірден-бір қазақ мен болдым. Осы бір ісіммен мақтана аламын. Егер туған мекенге келмегенімде, үлкен саланың жүгін одан да биікке көтерер ме едік...

– Жалпы басшылық салада ренжіген немесе біреуге тізеңіз батқан күндер болды ма?

– Шыны керек, біздің уақытымызда адалдық, азаматтық және қарапайымдылық деген қасиет бірінші орында тұрды. Қызмет болған соң, шаршайсың, ренжитін кезде аз болмайды. Бірақ, өзіңнің сүйікті кәсібің болған соң бәріне көнуге тура келеді. Қызметімде тек жұмысты талап еткенім рас. Мен мүмкіндігінше жастарға жәрдемші болуға тырыстым. Өйткені, олар біздің болашағымыз ғой. Қазір дамыған заман, ізденуге мүмкіндік өте көп. Кәсіпті терең меңгеруге барлық жағдай бар. Аудан әкімінің бастамасын естіп, қуанып отырмын. Кенттегі барлық электр энергиясы жаңғыруда, қуаныштымыз.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауданның әлеуметтік саласына да сіңірген еңбегіңізді жерлестеріңіз жақсы біледі. Яғни, алғашқы аудан әкімінің орынбасары болғаныңызды айтып отырмыз.

– Ол бір қызық оқиға болды. 1994 жылдың қаңтар айының 10-ы күні аудан әкімі Ибрагим Әбибуллаев шақырып жатыр деді. Бар ойым жарық мәселесінде кілтипан болды ма дедім. Сөйтсем, орынбасарлық қызметті міндеттеп, бірден қолымды қойдырып, бұйрық шығарып берді. Өзім де түсінбей қалдым. Содан Өмірсерік Тақырбасов екеуміз бір күнде қызметке келіп, жұмысқа кірісіп кеттік. Ол кездер өте қиын кезеңдер еді, ауданға инфрақұрылым деген жүйеге келмеген. Бір қуанарлығы, көршілес облыстарға қарағанда бізде жарық көбірек болды. Оған бірінші себеп, Шалқияның мүмкіндігін пайдаландық. Екінші, Шымкенттен таныс-тамыр арқылы тағы бір желі тартып, Кентаудан 3-ші трансформаторды ауданға алдырдық.

– Аудандағы электр энергиясы саласында ізіңіз қалды, еңбегіңізді ел біледі. Ал, әкім орынбасары болған қызметіңіз қалай бағаланды?

– Қызметке кіріскеніме 1 ай, 6 күн болғанда аудан басшысы шақырып алып, көмірдің таусылғанын айтып, әсіресе, мектептерге жылу керектігін жеткізді. Сыр өңірінде көмір тапшы, содан комхоздың бастығы Ахметов пен кент әкімі Әбусейітов үшеуміз Шымкент шаһараны түнделетіп жол жүрдік. Қай ауыл екені есімде жоқ, көмір зауытына келіп аялдадық. Бір орыс жігіті құшақ жая қарсы алып, жерлестерім деп төрін ұсынды. Сөйтсек ол жігіт біздің ауданда алтын шығаратын мекемеде жұмыс жасап, талай шаруасына жәрдемші болған екенбіз. Аманатымызды айтып, 25 вагон, 60 тонна көмірге келісімшарт жасасып, өзімізбен уақытша болса да 5 камаз телешкісімен ауылға тарттық. Міне, осындай күндерді де көрдік.

– Отбасыңыз туралы түйіндей кетсеңіз.

– Алла берген 1 ұл, 5 қызым бар. Рәзия есімді жұбайым екеуміз 19 немере, 15 шөбере көріп, отырмыз. Қос қызым спорт жолында болған, қазір барлығы құтты орнында. Ең бастысы, адам ұрпағымен мың жасайды, жастарға айтарым баланың болашағына, әсіресе қатты мән беру керек. Ал, қалғаны уақыттың еншісінде. Өйткені, өмір үйретеді, ал, еңбек адам ширатады.

– Әңгімеңізге рахмет!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
28 сәуір 2023 ж. 1 812 0