№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Керек кәсіп тіршілікті тіктейді

Керек кәсіп тіршілікті тіктейді

Кәсіп ашып, еңбек ету, бұл бүгінгі күннің талабы. Бұл заман «алма піс, ауызға түс» деп керіліп жататын кез емес. Мемлекет кәсіп ашып, ырзық табуға ниеттілерді қашанда қолдап келді. Оны күнделікті көзімізбен көріп те, естіп те жүрміз. Біздің ауданымызда да жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып кәсібін бастауда. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, 2020 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 649 адам грант жеңіп алған болса, оның ішінде, шлакоблок өндірісін қолға алуды мақсат еткен 8 кәсіпкер өз ісін бастады. Шағын өндіріс құрылысты тиімді әрі сапалы жүргізудің озық үлгісі ретінде едәуір тиімді екеніне көпшіліктің көзі жетті. Қазір жұртшылық үй тұрғызса да, кәсіптік мақсаттағы ғимараттар салса да осы шлакоблокты кәдеге жаратып келеді.
Айтып отырғанымыздай бүгінде өз ісін дөңгелетемін деушілерге мүмкіндік көп. Тек кез-келген істің тетігін тауып, мүмкіндікті тиімді пайдалана білсе болғаны. Міне, осылай кәсібін дөңгелетіп отырған Ақжарқын Оспановтың ісіне көпшілік сүйсіне қарайды. Ол мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, өз ісін дамытуда.
– Шлакоблок дайындауды жүзеге асыру аса шыдамдылықты, еңбекқорлықты, тиянақ­тылықты, әсіресе дәлдікті қажет етеді. Қара­жатымызға сай құрылғыларын сатып алдық. Бүгінде күніне 200-300-ден аса шлакоблок шығарып жатырмыз. Бизнес жолына түскен соң әрине, жан-жақты білім қажет. Осы тұрғыда бизнес-кеңесші курсын оқып, сертификат алдым. Алдағы уақытта жоспар өте көп, – дейді кәсіпкер.
Шлакоблоктың құрамы цемент, қиыршық тас, құм және судан тұрады. Бұл ши­кізат түрлері бізде қолжетімді. Содан болар құрылыс ма­те­риалдарының ішін­де шла­ка­блоктың бағасы едеуір арзан. Бұл құрылыс мате­риалы­ның осы түріне сұранысты арттырып отыр.
Аудандық Мемлекеттік кірістер басқар­масының мәліметінше, 15-ке жуық кәсіпкер заңды түрде тіркеліп, шлакоблок өндірісін дамытуда. Одан бөлек, отбасылық бизнес ретінде шлакаблок құюды жолға қойғандар көп. Расында, Жаңақорған кентіндегі көше-көшені аралап, сапалысын іздесеңіз, 30-ға жуық шағын шлакоблок өндірісін табасыз. Ауылдық округтерде де өндірістің осы түрі дамып жатқаны анық. Оны ауылдағы үйіргелік қоралар мен тұрғын үйлерге шлакоблоктан салынып жатқанынан байқауға болады. Жалпы соңғы жылдары аудан бой көтерген тұрғын үй және кәсіпкерлік ғимараттың дені материалдың осы түрін пайдалануда.
Талап ауылдық округінің тұрғыны Ақжарқын да халық сұранасына сай еңбек етуде. Ол жастайынан еңбекке араласқан, қандай істі болмасын дөңгелетіп алып кетуге бар. Болашақта өндірісі өркен жайып жатса, жұмысшылар алуды да жоспарлап жүр. Дегенмен шлакоблок құю үшін қажетті қоспалардың қымбаттап кетуі бағаның да өсуіне ықпал еткен. Былтыр 120 теңгеден сатылған болса, биыл 140 теңгеден сатылуда.
Аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков:
– Сұраныс және ұсыныс заңы бойынша тауардың бағасы неғұрлым төмендеген сайын тұтынушының сатып алатын тауарының саны көбейеді. Яғни сұраныс тауар өндірісінің көлемі мен құрылымын айқындайды. Соңғы жылдары ауданда демографиялық өсім байқалып, халық саны артып келеді. Бұл тұрғын құрылысына екпін берді. Ал, құрылыста қол жетімді материал – шлакоблок болып тұр. Жыл басынан бері 3 азамат шлакоблок өндірісін дамытуға байланысты бизнес жоспарын қорғап, грант алды, – дейді.
Нарық бағамы күннен күнге өзгеріп, барлық заттың қымбаттаған уақыты. Біз сөз етіп отырған құрылыс материалы үшін 1 тонна цемент былтыр 27 мың болса, биыл 32 мыңға көтеріліп кетіпті. Қиыршықталған ұнтақ тас 37 мыңнан 42 мыңға көтерілсе, құмның бағасы 12 мың теңге болып тұр. Бұл өз кезегінде өндіріп отырған тауар бағасының көтерілуіне де әсерін тигізері сөзсіз. Бірақ, қанша жерден қымбаттаса да бұл өнімге сұраныс азаяр емес.
Керісінше, алдын-ала тапсырыс беріп қоятындардың қарасы көбейген. Алайда, бұл кәсіптің көлеңкелі тұсы да бар. Неге десеңіз, әлеуметтік желіге жарнама жасаған жеке кәсіпкерлермен хабарласқанымызда олардың әлі де болса салық комитетіне тіркеле қоймағандардың көптігіне көзіміз жетті. Сондай азаматтардың бірқатарына хабарласып, кәсібімен заңды айналыспауларының себебін де сұраған едік. Мәселен, Самат Меңдіқара есімді азамат өз ойын жасырмай, анық айтты.
– Әрине, кәсіпті заңдастырып, ешкімге жалтақтамай айналысқанға не жетсін. Бірақ, әзірге іс бағыты қалай болар екен. Бұл кәсіпті игеріп кете аламын ба, сұраныс бола ма деген сұрақтар маза бермеді. Содан әуелі айналысып көрейін, бәрі жақсы болса, кәсібімді заңдастырамын деп ойладым. Қазір айналысқаныма биыл екінші жыл болып отыр. Шүкір, қолыңдағы тауарың сапалы болса, ол жерде қалмайды екен. Былтыр тәп-тәуір пайдасын да көрдім дей аламын. Биыл да қыстың уақытында алдын-ала тапсырыс беріп қойғандар бар. Тіпті ақысын төлеп қойды, – дейді ол.
Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталы азаматтарға көптеген қолдау көрсетілуде. Оның айқын дәлелі, биыл Сыр өңірінде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» ретінде жарияланды. Осы тұста, мемлекет қолдауына ие болып, кәсібін дөңгелетіп отырған іскер азаматтың бірі – Тұрғанбек Рыспанбетов. Ол – 2015 жылы мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген демеу қаржы алып, құрылыс материалдарын шығаруды қолға алды. Ол да, қабырғалық блок өнімін (шлакаблок) құюды бастайды. Жеңілдетілген қаржыға шлакоблок құятын аппарат, еуроқұрылғы, қоспаны араластырғыш (миксер) секілді заманауи жабдықтарды алады. Қазіргі таңда күніне 500-600 дана қабырғалық блок құютын Тұрғанбек Рыспанбетовтың шаруасы ширақ. Тірлігі тиянақты.
– Көктем мезгілі басталғалы тұрғын үй соғу науқаны қарқын алды. Тұрғындар тарапынан шлакоблок өніміне сұраныс жоғары. Сұранысқа сай сапалы құрылыс материалын шығару – біздің басты ұстаным. Күндігіне 500-600 дана шлакоблок құйып, 85 теңгеден сатудамыз. Алдағы уақытта тағы да мемлекет қолдауы аясында кәсіпті кеңейту жоспарда бар. Өзіміздің адал еңбегімізбен, маңдай терімізбен нәпақамызды тауып отырмыз. Жалпы, қазір елімізде еңбек етуге ниеті бар кез келген адам жұмыссыз қалып жатқан жоқ, – дейді ол.
«Үйді қандай материалдан салған абзал?». Бізді де журналист ретінде осы сұрақ мазалады. Ес білгелі елдің үйді кірпіштен не кесектен тұрғызатынын көргендіктен, шлакоблоктан үй тұрғызып жатқандарды көргенде таңқалғанымыз жасырын емес. Тіпті, көпшіліктің пікіріне құлақ түрсеңіз де, үй салуға қолайсыз, қыстың қақаған аязында салқын, шіліңгір шілдеде ыстық болады деседі. Олай болса, шлакоблоктың құрамына, жасалу жолына тоқталмасқа болмайды. Әуелі, шлакоблоктан қаланған үй кірпіш қабырғаға жақсы балама болып табылады. Олар жылуды ұзақ уақытқа дейін ұстап тұратын қасиетке ие. Мысалы 64 см кірпіш қабырға 34см шлакоблокпен тең түседі. Шлакоблоктан қаланған қабырға кірпішке қарағанда 2 есе жеңіл. Бұндай материал уақыт жағынан да ұтымды. Алайда, ол кірпішке қарағанда осал және екі қабаттан көп салуға кеңес берілмейді. Шлакоблоктан жасалған үйдің сырты әсем болу үшін оны арнайы материалмен қаптау керек. Десе де, шлакоблок жақсы құрылыс материалы болып саналады екен. Өйткені, арзан бағасының арқасында үлкен сұранысқа ие. Қазақстанның табиғат жағдайына есептегенде жарты кірпіштеп қалаған (20 см) қабырға балшықпен (раствор) сыланып сыртынан минералды негіздегі жұмсақ жылылағыш материалмен (минвата қалыңдығы 5 см) қапталса жылулық жағынан қойылатын талаптарға толықтай жауап береді деседі. Ал, жағымсыз тұсы материалдың ылғалға әлсіз келетіндігінде.
Қазіргі уақытта құрылыс материалдары нарығы кеңеюде, құрылыс материалдарының жаңа түрі тиімді және арзан. Бұл материалдың бағасы кірпіштің немесе пенобетонның бағасынан едәуір төмен. Өрт жағдайында зақымдану мүмкіндігі аз болады. Шлакоблокпен салынған үй ағаш, кесек сынды үйлерге қарағанда түрлі кеміргіш жәндіктермен зақымданбайды. Сондай-ақ, табиғи апаттарға төзімді. Тиісті құрылыс кезінде, оның ішінде болат шыбықтар мен блоктардың бос жерлеріндегі цемент, құм, малтатас қоспасы неше түрлі дауылдарға қарсы тұра алады. Әрі шлакоблоктан салынған үйлердің есіктері мен терезелері жақсы орнатылған болса, сырттағы дыбысты өткізбейді.
Алайда, шлакоблоктың кемшіліктері де аз емес. Айталық, егер сіз су деңгейі жоғары аймақта тұрсаңыз, онда жертөлеге бетон блоктарын пайдалану судың ағып кетуіне және бұзылуына әкелуі мүмкін.
Бұл жөнінде білікті құрылысшы маманы, қоғам белсендісі Алшынбай Тұртановтың пікірін білген едік.
– Біз осы уақытқа дейін қолданып келген кірпіш, кесек ғасырлар бойы сынақтан өткен, халықтың алаңдамай қолдануына кепілдік бар. Енді заман ағымына қарай, заманауи дүниелерді де қолдану керек те шығар. Бірақ, шлакоблоктың кепілдік қағазы жоқ, әлі сынақтан өтпеген. Қолданыстағы қандай дүние болмасын тексерістен өтіп, арнайы құжаты болуы шарт. Солай бола тұра, көпшілік жапа-тармағай құрылыста кеңінен пайдаланып жатыр. Бұл өте күмәнді нәрсе. Қарапайым халық салғырттыққа салмай, асықпай, саралап барып, кәдеге жаратса деген ойдамын, – дейді ел ағасы.
Қандай кәсіп түрі болмасын, ең бастысы сапасына көңіл бөлген жөн. Бұл жерде грантты берудегі ең бірінші мақсат кәсіпкерлікті заңдастыру. Айлығың шайлығыңнан артылмай қажып жүргеннен гөрі жеке кәсіп ашып, адымыңды өрге, қанатыңды кеңге жайғанға не жетсін. Осы тұста кәсіпкерлікті дамытуға қатысты елімізде қабыданған бағдарламаларды қолдану қажет-ақ.
Әсел РЗАЕВА
08 маусым 2021 ж. 1 060 0