Үздік Шопан


Биыл күз өңір диқандары мен шопандары толайым несібе мен ырзықтың молшылығына жетті десек артық болмас. Мал шаруашылығы қазақтың әуел бастан оң жамбасына келетін атакәсіп екендігі рас. Әсіресе, жаңақорғандықтар үшін төрт түлік кәсіптің төресі. Осындай еңбек адамдарын дәріптеу, оларды бір марқайтып тастары рас. Биыл мерейі тасып, абыройы асқандар қатарында «Тұртан Ата» Шаруа қожалығының шопаны Дархан Мырзабаев «Үздік шопан» қатарынан бой көрсетті. Біз шаруа озатымен арнайы жолығып, әңгімеге тартқан едік.

  «Тұртан ата» шаруашылығының шопаны Дархан Мырзабаевты үздік деп танудың өз себебі бар. Өткен жылы 800 бас аналықтан 780 бас төл алып, жоспарды 100 пайыз орындады. Әрі әрбір қойға мұқият қарап, ауырып қалса, ем-дом жасайды. Түн ауғанша, әрбір малдың жай-күйін бағады. Түз тағысы тимеу үшін де жанталасып жүргені. «Бүгінде ұсақ малда түрлі індет бар. Көбінің адамға жұғу қаупі жоғары. Сондықтан мал жайып келген соң, кешқұрым қолға резеңке қолғап, үстіне арнайы киім киіп, отарға кіріп, дімкәс қойларды жеке қораға қамап, оларға тиісті ем-шара жасайды. Мал дәрігерін шақырып, кеңесіп алады. Осылай етпей, мал оңалмайтынын алға тартты бізбен әңгімесінде үздік шопан.

Әкесі Мырзабаев Серікбай Кеңес үкіметі кезінде белгілі шопанның бірі болса, анасы Әлима Өмірбекова да еңбекте озат болып, мал шаруашылығымен айналысқан еңбек адамдары. Ия, отбасымен тынымсыз тірлікпен өмір бойы айналысып, атадан балаға жалғасқан атакәсіп екен. Қызу шаруа майданындағы кейіпкерімізді сөзге тартқанымызда:
– Балалық шағымыз белгілі ғой, жастайымыздан тезек теріп, жусанның тамырын отынға жинап, ойынның не екенін ұмыттық. Еңбекке құштарлық кішкене кезімізден қалыптасты,– деп ағынан жарылды. Алдына мал салғалы көктем - жаз көкке жүгірген жануарды жамыратпай ұстау оңай шаруа болмапты. Тарыдай шашылған отардың басын қайыра алмай, әлекке түскен күндерінде ызадан көзіне жас тығылған сәттерін де жасырмады. Тіпті, аттан түсіп, жорғаның тізгінін жалына түйіп қоя беріп, тоқтыларды жаяулатып жайған кезі де болды. Әсіресе, қылышын сүйретіп келген қыс мезгілінің сыны қатал. Жылдар өте келе сан алуан қиындықтарды артқа тастаған шопанның тәжірбиесі толысып, қой өсірудің құпиясына қанықты.

– Мені әкем бала кезімнен қой бағудың қыр-сырына баулып, жайылым таңдаудың, көшіпқонатын уақыттардың тиімді тұстарын үйретті. Бәрі де төгілген ащы тер мен жаншылмас жігердің арқасы, – дейді.

Мал қоңды болса дерт дендей бермейді. Қыс пен жазғы жем-шөбін мөлшермен беріп, жайылым мен қыс¬тауды ерте қамдайды. Жазда тауға жайланса, қыста Сырдың бойын бетке алып, Қожакент ауылының төңірегінде қыстап келеді. Малдың жайына қарай көшіп-қонып, мал шығынын болдырмауға бекінеді. Таңның атысы, күннің батысы білекті түріп, белді бекем буып, қойдың қоңын арттыруда кейіпкеріміздің еңбегі зор. Осы ретте, малшылардың «Мал – баққанға бітеді» деген нақыл сөзі бекер айтылмағанын, мал бағудың да үлкен қыр-сыры мол үлкен ғылым екеніне көз жеткіздік. Бұл мәселеде шаруа адамының ұтқаны көп.

– Қой бағуды кәсіп еткеніме ешқашан өкінген емеспін. Малдың жайын жасау, оны төлдету, сүт пен ет өнімдерін алу үлкен шаруа. Мұндай шаруаға кез-келген адам шыдай бермейді. Қиындыққа төтеп беріп, тәуекелге бел байламай ердің ісі біткен емес. Атакәсіпті дамытып, заманауи техникаларды игеру заман талабы. Мал шаруашылығында ғылым мен технологияны дұрыс пайдаланып, заманауи мүмкіндіктерді жүзеге асыру мақсатымыз. «Алтын күз2022» мерекесінің төріне шығарып, марапатқа лайық санаған облыс басшылығына, «Тұртан ата» шаруақожалығының төрағасы Алшынбай Тұртановқа алғысым шексіз. Еңбектің еленгені ерекше қуантты. Алдағы уақытта да еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қоса бермекпіз, – дейді мерейі тасыған шопан.

Міне, осылай түздегі жұмысын ақсатпаған Дархан Серікбайұлы шаруашылықтың жарықжылуын да маздатып отырған жайы бар. Шопан және шекшек ата баласын баптап, көбейтіп, атабаба дәстүрін жалғауды өзіне парыз санаса керек. Олай болса, уақ мал көрсеткіші бойынша аудан үлкен межені бағындырады деген сенімдеміз. Батыл қадамнан тайсалмай, бабалар көшін ертеңге жалғап, ақ-адал ұрпақ өрбіткен осындай азаматтарымыз елдің есінде ел құрметтісі болып қала бермек.

Әсел РЗАЕВА
23 ақпан 2023 ж. 2 004 0