Елдос – елдің ұлы
Біз аудандағы жастар мен орта буын өкілдерін «Міне, азамат!» айдарына арқау етіп, өмірлік ұстанымы мен көзқарасын, болмысы мен бітімін дәріптеуді жөн көрдік. Алғашқы кейіпкеріміз Елдос Жұмаділлаұлын таңдадық. Себебі, қазақ ежелден ұрпағына әділ, адал болуды аманаттап, жадына «аманатқа қиянат жасама» дегенді сіңірсе, біздің кейіпкеріміздің жеткен жетістігі әке аманатына адалдық танытуынан деуге болады. Жаңашыл азаматты сөзге тартып, емін-еркін ой алмастық. Алдымен жекеменшік мектепті салуда не түрткі болғанын сұрадық.
– Бәсеке адамды шыңдайды. Бәрінен бұрын, сервистік қызмет сапасын арттырады. ХХІ ғасыр – білім, ғылым, инновацияның ғасыры. Адами капитал өркениет көшіне ілесуде шешуші рөлге ие. Міне, осындай талап мен талғам тұрғысынан ойланып, жекеменшік мектеп ашып, оны әкемнің есімімен атауды ұйғардық, – деп бастады әңгімесін ол.
Әрине, мектепті «Жұмаділла Өткелбай атындағы дарынды мектебі» деп атауы орынды. Жұмекең саналы өмірінде ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып, елдік мұрат жолында еңбек сіңірді, әрі жаңашылдығымен, талапшылдығымен есімізде қалды.
Елдос шаңырақтың кенжесі ретінде әкесінің тәлімін сіңіріп, аманатына адалдық танытуға күш салып келеді. «Әкем ел үшін істеген бастамаларың көптің бойына сіңгенде ғана игілікке айналады. Игілікті іс өміршең болады» дегенді жиі-жиі айтушы еді. Осы ұлағаты жадымда жатталып қалыпты. «Осы аманатты қалай шындыққа айналдырамын» деп ойландым. Ойлана келе оқушыларға сапалы білім беретін мектепті ашуға тоқталдық», – дейді іскер азамат.
Бұдан ары сұхбатымыз сұрақ жауапқа алмасып, ойымыз бір жерден шықты.
– Шынын айтқанда, бала оқыту да бизнеске айналды. Неге бұл саланы таңдадыңыз? Оқыту мен тоқытудың өзіндік қиындықтары бар емес пе?
– Биылғы оқу жылында 313 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оның 138-і бірінші сыныпқа келді. Бірінші және екінші сыныпта орыс сыныбы бар. Ұстаздар саны – 44. Оның сегізі жоғары санатты мұғалім. Сондай-ақ, білім ошағында медициналық кабинет, кітапхана, асхана қарастырылды. Кітапхана қорында 350-ден аса кітап бар.
Әкем, ағам, жұбайым осы салада қаншама шәкірт тәрбиеледі. Олардың көбі елдің түрлі саласында еңбек етіп, елдің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Сондықтан жекеменшік мектепті бизнеске қарағанда «аманатты жүзеге асыру» деп қабылдап, тәлімгерлердің сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасаймын.
– Идея қайдан келді?
– Негізі бұл идеяны Түркістан бірге оқыған группаласым айтқан еді. Бүгінгі бала – егемен елдің ертеңі.
– Бұдан басқа қандай кәсіптің түрін игерудесіз?
– Шаруашылықта төрт түлікті түлетіп, егін-жайды жолға қойғанмын.
– Сізді банк саласының тәжірибелі маманы ретінде жаңақорғандықтар жақсы біледі. Қызмет жолыңыз қалай басталды?
– 2006 жылы А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін қаржы және несие мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымды «Halyk Bank» АҚ аудандағы филиалында бастап, 12 жылға жуық менеджер қызметін атқардым.
2018-2020 жылы «Байкен-U» ЖШС-нде жұмыс істедім. Сосын білім саласына инвестиция құюды ұйғардым.
Өмірде түсінгенім, әрбір адамның алдында үлкен жол бар. Оны таңдап, талғап, тәуекел ету керек. Сонда ғана жетістікке жетуге болады.
– Бәрекелді! Әрине, үлкен армандар балалық кезден қалыптасатыны белгілі. Солай емес пе?
– Үйдің кенжесімін. Алдымда екі ағам және үш әпкем бар. Мектепте жүргенже Батырқожа Бабаев ағайдан тәлім алып, спортқа ден бұрдым.
Бала кезімнен әкем секілді елге қызмет етуді армандадым. Әрі бұл мүмкіндік әр адамға әртүрлі келеді екен.
– Естуімше, сіз құрылтайшысыз, директор – үйдегі жеңгеміз. Отбасыңыз туралы тоқтала кетсеңіз...
– Бірнеше жыл қаржы саласында жұмыс жасасам да балаларға мектеп ашу ойымда жүр еді. Келіншегім осы ойымды құптап, қолдау көрсетті. Алдымен балабақша ісін жүргізіп, біршама тәжірибе жинап, содан кейін 500 орындық мектеп ашу мақсат бар еді. Білім бақылау департаментінің рұқсатымен осы бастауыш мектепті аштық. Мақсат біреу – саналы шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім беру. Алдағы уақытта осы жолда аянбай қызмет жасаймыз. Отбасымда 1 ұл, 3 қызым бар. Жақында ғана жан-жарым маңдайы торсықтай ұлды өмірге әкеліп, төбемді көкке жеткізді. Сол жұбайым Айнұр Жүрментаева осы мектеп директоры.
– Әкеңіздің өнегелі жолын біз білеміз, жаны жомарт кісі еді. Сізді де аға буын мадақтағанын естідік. Ердің азаматтық қырын қалай танимыз?
– Менің бір айтарым, жігіт бір сөзді болу керек, уәде берді ме, орындауы тиіс. Қазіргі қоғамда атұстар азаматтарымыз тым майдаланып барады. Бұл қазаққа жат қылық. Әкем бізге елдің ұлы болуды тапсырған, бұл әкеміздің аманат жолы. Ал, жомарттық жасау бұл өмірге келген әр азаматтың перзенттік парызы. Қазақта «оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген тәмсіл бар. Кез келген азамат туған өлкесіне, ондағы кіндік қаны тамған әрбір тұрғынға қол ұшын беру тиіс. Жас болып, көпке ақыл айтудан аулақпын, бірақ азаматтың азамат болып қалыптасуы жақсы мінезден, қоғамның құбылысы сан түрлі, адамдардың ойы да осы тұрғыда. Ең маңыздысы, Абай атамыз айтпақшы, адам болып қалу маңызды. Міне, менің ұстанымым осы.
– Өзіңіздің мінезіңіз бен ішкі болмысыңызды бір ауыз сөзге сыйдырып бере аласыз ба?
– Менің кескін келбетім, бет-бейнемді бүгінгі білім ордасы мен балалардың алған тәлім-тәрбиесімен өлшесек қалай болады. Өзімді қарапайым жанмын деп есептеймін, сырт көз сыншы, бірақ мен осы бір қасиеттен асып кете алмаймын. Бұл ата-анамнан дарыған қасиет. Қысқаша қайырғанда осы...
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ