» » ОҚЫТУ САЛАСЫНДАҒЫ ОЗЫҚ МЕКТЕП

ОҚЫТУ САЛАСЫНДАҒЫ ОЗЫҚ МЕКТЕП

  ХХІ ғасыр – білім мен интелект ғасыры. Яғни, адами капитал қозғаушы күшке ие. Осы ретте, сапалы білім беріп, тәлімгерлері биік-биік белестерден көрініп жүрген №54 Жүсіп Қыдыров атындағы мектептің тыныс-тіршілігімен танысуды ұйғардық. Спорттық жарыстармен, өнер бәсекелерінде шоқтығы биік атанып жүрген білім ордасы ҰБТ қорытындысы бойынша үздік нәтижеге ие.


  Алдымен білім беруде үздік тәжірибесі қалыптасқан білім ордасының қысқаша тарихына тоқтала кетсек. Себебі, кез келген мектептің білім сапасы өткен тари­хынан танылады. ХХ ғасырдың 70 жылдары «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медальдың иесі, КСРО және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Зинабдин Шермағамбетов басшылық жаса­ды. Ал, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мектеп тізгінін Орынбасар Абибуллаев ұстады. Осы кезеңдерде білім беруде үздік тәжірибе қалыптасып, аудан және облыс көлемінде үздік мектептер санатынан көріне бастайды. Осы ағалардың аманатына адалдық танытуға тырысып жүрген ұстаздар 2000-2001 оқу жылында «Облыстың үздік мектебі» атанды. 2016-2017 және 2017-2018 оқу жылы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша аудандағы үздік білім ордасы болды. Бүгінде бұл мектепті Нұралхан Түктібаев басқарады.
Қазір әлемнің озық елдері білім сала­сына қатты көңіл бөледі. Яғни, білім беру жүйесі заманауи талап-міндеттерге сай қалыптасқан елдің өрісі биік болады. Оған Сингапур, Жапония сынды елдердің даму жолы үлгі.
– Бізде оқушыларды 5-сыныпқа қабыл­дайтын пән мұғалімдері 4-сынып оқушы­ларынан жылына екі рет негізгі пәндерден жазбаша, ауызша жұмыстар арқылы оқушы білімін тексеріп алады.
5-7 сыныптарда оқушылардың пәнге қызығушылығын анықтау мақсатында сауалнамалар алынып, 9-сыныпта өз мамандығын дұрыс қателеспей таңдауына бағыт-бағдар беріледі. Таңдаған мамандығы бойынша 10-сыныпта қай бағытта оқитыны анықталады. Ең негізгісі, оқушыларды 6-сыныптан қабылдап алып, 11-сыныпқа дейін бір ұстаз білім нәрімен сусындатып, нәтижесін көзбен көреді. Сонда ұстаздың да жауапкершілігі артады. Бұл – ұстаздар арасындағы қызығушылықтытудырады, – деп әңгімесін бастады мектеп директоры.
Оқу жылы басталғанда сыныптан 2-3 рет сынама тест алып, оқушыларды 3 деңгейге топтастырады. Яғни, жоғары, орта және төмен деңгейге сынып оқушыларына бөледі. Сосын төменгі деңгейдегі оқушыны орта деңгейге, ортаны жоғары деңгейге жеткізуге жұмыс жасайды. Жалпы, жетістіктің басты сыры оқушыларды 6-сыныптан қабылдап 11-сыныпқа дейін білім нәрімен сусындату. Міне, сапалы білім берудің сыры осында.
– Біздің мектептен елге белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар қанат қақты. Мектептің атын алған ақын-сазгер Жүсіп Қыдыровты, ақын Адырбек Сопыбековты қазақ елі мойындайды. Жазушы Байбота Қошым, Темірхан Момбеков, Абдолла-Алтый Сүлеймен, Бақтыбай Айнабеков, Оңалбек Жақыпұлы, Қуандық Оразбекұлы, Оңалбай Садықовтың туындыларынан бірнеше буын ұрпағы тәлім-тәрбие алып, қалыптасты. Халық әртісі Төрехан Рамбердиев, Төлепберген Әбдірашов және т.б тұлғалармен мақтана аламыз. Ал, қазір сондай тұлғалардың ізін жалғап, үлгілі шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаздардың еткен еңбегінің ұшан-теңіз екенін айта аламын , – деді мектеп басшысы.
Бүгінде білім ордасында 59 мұғалім бар. Оның 18-і жоғары білікті, 25-і бірінші білікті, 11-і екінші білікті санатта. Кембридж бағыты бойынша деңгейлік курстан өткен мұғалім саны – 13. Директордың екі орынбасары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білімін жетілдірді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білімін жетілдірген мұғалім саны – 39. Қысқа мерзімді курстан өткені – 55, ақылы негізде біліктілік арттыру курстарынан өткен мұғалімдер саны – 8. Әдістемелік кеңесте «Бастау», «Лингвист», «Тағылым», «Асылмұра», «Тағзым», «Алгоритм», «Архимед», «Шыңдау» пән бірлестіктері жұмыс жасайды.
Бәсекеге қабылетті болу үшін дамудың жолын іздеген ұтады. Ол үшін тәжірибе алмасып, өзгелерден өзіңе керекті үйрену жетістікке жетелейді. Осыны ескерген мектеп ұжымы өзге өңірлермен тәжірибе алмасып отырады.
– Алматы қаласындағы №86 мектеп, Түркістан қаласындағы «Дарын» мектебі, Қызылорда қаласындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұстаздарымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Үнемі тәжірибе алмастырып, біліктілікті арттыруға мән береміз. Бірлескен жұмыстар арнайы жоспарланып, жүйелі түрде жүргізіледі, – деді ізденімпаз директор.
Енді ҰБТ-дан жеткен жетістіктеріне тоқтала кетсек. 2015 жылы екі «Алтын белгі», 2016 жылы бір «Алтын белгі», 2017 жылы бес «Алтын белгі», 2018 жылы үш «Алтын белгі» шықты. ҰБТ қорытындысы бойынша 2015 жылы – 93,3 балл, 2016 жылы – 94,3 балл, 2017 жылы – 94 балл, 2018 жылы 31 оқушы бітірсе, соның 20-ы тестілеуге қатысты. Аудан бойынша ең жоғары баллдың бірін осы мектептің оқушысы жинады. Нақты айтқанда, Аружан Әбділдә – 123 балл көрсетті. Одан бөлек алты оқушы 100 балдан асырды. Биыл мектепте 32 оқушы бітіреді, соның 28-і тестке қатысады екен.
ҰБТ-дан бөлек оқушылардың жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, 2016-2017 оқу жылында «Жас журналист» республикалық интернет байқауында ҰБТ-дан 125 балл жинаған Салтанат Мағжан дара шықты. Облыстық өзін-өзі тану пәні олимпиадасында Жанәділ Мадина тұғырдың биігінен көрінсе, Республикалық кезеңінде екінші сатыға тұрақтады. Халықаралық ғылыми жоба байқауында да шәкірттер жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осылай жалғастыра беруге болады. Сондай-ақ, оқушылар робототехника саласын меңгере бастаған.
– Мектепте робототехника кабинеті жасақталды. Мұнда арнайы сабақ өтіліп, оқушылар робот техникасымен танысады. Мектептің информатика пәні мұғалімі Құрмет Өтемісов ауыл балаларының жаңалыққа деген құштарлығын құптап, сабақ кестесіне робототехника пәнін ендірді. Бұдан бұрын Корея еліне барған делегация құрамында ол елдің білім беру құндылықтарына көз жеткізіп оралған едім. Алған әсерім ұшан-теңіз. Оқушы еркіндігіне баса көңіл бөлінеді. Сабақтарына ендік, біздегі ашық сабақтағыдай алдын ала баланы дайындап қоймайды. Бұл да баланың дамуына оң әсерін тигізері анық, – деді мектеп директорының орынбасары Райхан Кадирова.
Иә, білім ошағының тағы бір артықшылығы жаттанды білімге қарағанда, негізді, дәлелді ілімге мән береді. Мәселен, оқушы дайындық тест кезінде биология пәнінен 17 сұраққа дұрыс жауап берді делік. Сол оқушы тестте дұрыс белгілеген 17 сұрақты ұстазы мен оқушылар алдында қорғайды. Яғни, аталған сұрақтың жауабын белгілеу кезінде неге сүйінгені (қандай оқулықтан оқығаны) сұралады. Ал, білмеген сұрақтарымен пән мұғалімімен жұмыс жасайды. Осылайша тест жаттатпай, пікір-талас алаңы ретінде оқушыны еркін әрі теориялық тұрғыда дайындайды.
Түйіндей айтқанда, мектептің үлгі етер жетістіктері мен білім берудегі озық тұстарын сараптап көрдік. Сондықтан, білім биігіндегі бәсекелестікке қабылетті болу жолында мұндай көкжиегі кең білім ошақтарымен тәжірибе алмасып, өзара семинарлар, дөңгелек үстел өткізіп тұру қажетті құбылыс. Себебі, заман талабы осындай. Бір сөзбен айтқанда, білімі сапалы, ғылымы дамыған, жастары технологияны меңгерген ұлт қана ХХІ ғасырдың озық отыздығына ұмтыла алады. Міне, бүгін біз сондай мектептің бірін сөз еттік.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

23 сәуір 2019 ж. 1 418 0