» » Озаттарға – шәкіртақы

Озаттарға – шәкіртақы

Биыл төртінші жыл қатарынан Жаманбай батыр ауылдық округінің озат оқушылары «Орынбасар Абибуллаев атындағы шәкіртақымен» сүйіншіленді. Бұл жөнінде ұлағатты ұстаздың ұлы Дулат Абибуллаевтан білдік.

Жерлесіміз, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас редакторы Дулат Орынбасарұлын сөзге тартқанымызда:
– Әкемнің атындағы шәкіртақы Бесарық елді мекеніндегі №54, Кеңес елді мекеніндегі №239 мектептің озат оқушыларына қатар беріліп келеді. Әкем бұл мектептерді әр жылдары басқарған еді. Алғаш 2017-2018 оқу жылында үздік оқыған талапкерлерге тағайындалды. Содан бері үздіксіз беріліп келеді. Мақсат – талантты да талапты талапкерлерге қолдау көрсетіп, адами капиталдың дамуына үлес қосу. Елдің интеллектуалдарын қолдау арқылы келешекке инвестиция құю. Бұл әкемнің саналы өмірінде атқарған жұмысы-тұғын. Осыны жалғастырып, әкемнің арман-мұратын орындалуына үлес қосу. Жобаға қолдау білдірген барша ағайындарға алғыс білдіремін, – дейді ол.
Енді тарқатып айтар болсақ, 2017-2018 оқу жылында О.Абибуллаев атындағы шәкіртақыны №239 мектептің түлектері Әйгерім Сақибқызы (ҰБТ қорытындысы бойынша 124 балл) мен Айшабибі Ақболат (115 балл) және Әлиев Дінмұхамедке (119 балл) тағайындалды. Ал, №54 мектеп бойынша Аружан Әбділла (124 балл) мен Аделя Жанәділге (ҰБТ шығармашылық бойынша үздік үміткер) табысталды.
Әр оқу жылдары Шырын Айтметова, Ұлмира Есмахан, Рамазан Аязбек, Бекарыс Ермахан, Бақдәулет Асанбай, Жадыра Орынбасар, Аяжан Өтеп, Әнел Мейірбек, Ерахмет Сейітбек ұлағатты ұстаз атындағы шәкіртақыға ие болды.
Ал, 2020-2021 оқу жылында қос мектептің озат оқушылары Артық Тұрсынбек (135 балл) Ақниет Баекешов (126 балл), Береке Қаржауова (132 балл), Ақтілек Рысбай (127 балл) және Қарақат Даниярға (114 балл) «Білім беру ісінің үздігі» Орынбасар Абибуллаев атындағы шәкіртақы табысталды.
Әрине, қолдаудың мұндай тетігі оқушыларды сапалы білім алуға ынталандырады. Мұны шәкіртақы иесі Береке Қаржауова жасырмады.
– Қуаныш үстіне қуаныш қосылды. Себебі ҰБТ бойынша жоғары балл жинасам, екінші жағы, шәкіртақыға ие болдым. Біздің мектепті ұзақ жыл басқарған Орынбасар Абибуллаев ағайдың атындағы сыйлықты алу мен үшін үлкен мәртебе, – дейді ол.
Жаңақорған ауданында орта білім беру ісінде Орынбасар Абибуллаевтың өзіндік сара жолы бар. Бүгінде №54, №239 мектептің үздіктер қатарынан түспеуінде Орынбасар ағайдың үлесі қомақты.
Айта кететіні, Орынбасар Абибуллаев 1974 жылдың тамызында Келінтөбедегі №192 мектепке физика және еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет жолын бастады. 1980-1989 жылы №239 мектептің тізгінін ұстады. 1989-1992 жылы Талап кеңшары партия ұйымының хатшысы, кеңшар директорының орынбасары қыметтерін атқарды. 1992-2011 жылы №54 мектепке директор болды.
1996 жылы №54 мектеп облыста үздік білім ордасы атанып, басшысы жемісті еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері» белгісімен марапатталды. Бүгінде ол басқарған білім ошақтары ҰБТ нәтижесі бойынша үздік нәтиже көрсетіп, үлгілі мектептер қатарынан көрініп келеді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
10 шілде 2021 ж. 911 0