№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсы кісі –жабылмаған кітаппен тең

Жақсы кісі –жабылмаған кітаппен тең

Жаңақорғанда хирург-дәрігер Сұлтанбек Әлқожаевтың көмегіне жүгінбеген жанұя жоқтың қасы-ау. Кешегі жағдайдың ауыр кезі – алпыс жетінші жылдары жиырма үш жасында аудандық ауруханада еңбек жолын бастаған кілкіндей жас табан аудармай жарты ғасыр денсаулық саласында тер төгіпті. Құдайдан келген кесел өз алдына аттай шауып жүрген пенденің аяқастынан жазымға ұшырап жанұшырып жеткенінде өзі атпалдай тұлғалы болғанымен жүрегі нәзік Сұлтанбек ағамыз батыл шешім қабылдап, жедел іске кірісіп кеткен енапат қарекетіне осы жолдардың авторының да анық көз жеткізген жайы бар.

Хирургия столында өзің жатпасаң да өзегіңді жарып шыққан перзентің өлім мен өмір ортасында арпалысып жатқанда бір Алладан кейін бар үмітін ақ халаттыға артып жанын шүберекке түйіп қыл үстінде тұрар тілеулестің басы да, аяғы да мен емес, періште емес пенде болса да қандауырдың құпиясын меңгеріп,жаны көзіне көрініп, бір тарының қауызына сыйып келген талайды қауіп-қатерден құлан-таза айықтырып жіберер киелі мамандықтың иесін құтқарушы санап ота бөлмесіне дейін жандалбаса еріп келіп, есіктің аржағында қала берер жаутаң жанарлардағы шарасыздық дәрігер жүрегіне инедей қадалып, отаны жасап біткенше көз алдына сан көлбеңдеп жанын қоса қинайтыны тағы бар. Сосын өзге дүниені ұмытып, бар тілеуі алдындағы сырқатқа ауып, сағаттар бойы ажалмен арпалысып, жаңадан сызық түскен маңдайдан ащы терді бір сыпырғанда бойына күш құйылып, санасы шайдай ашылып, жады жарқырап , одан арғысы тамыр-тамырды қандауыр ілген саусақпен емес, тылсым күш тербеген түйсікпен қуалап,ізінен еріп, көңілмен сеніп, отаны сәтті аяқтап біткен соң барып уҺ деп жан шақырып, өзге дүниеден оралғандай күй кешіп, аурухананың кең дәлізінде бір сәт тыныстап отырар жағдайы асыл жанды ағаның өзіне ғана аян.
Осы дәрігерлікке бала жасынан ынтық болыпты. Әкесі Әбубашар кіндігінен өрген төрт баланың тұңғышы, он сегіз жасар Айтжанын соғысқа аттандырып жолын тосып жүргенінде, баласынан екі хат алған. Бірінде ұрысқа дайындалып жатырмыз деген, екіншісі қара қағаз. Қайран әке қарақағаздың келгенін айтпай, отбасынан жасырып келіпті. Өзі колхоздың басқармасы, тамам жұртты тарықтырмай еңбекке жігерлендіруді ғана ойлаған ел ағасының айналасынан жасырған ауыр қайғысы қу жанын жегідей жеп, темір төзімін күйретіп жіберді ме, өмірі қысқа болды, жары Күнторыны, одан кейінгі үлпіршектей өсіп келе жатқан үш бүлдіршінін буыны қатпай соңына қалдырып. бақи дүниеге аттанып кете барды. Галифесінің қалтасында сақталған қарақағазды үй іші сол кезде тауып алды.
Үйдің кенжесі Сұлтанбек ол кезде он үш жаста болатын. Аудан орталығындағы №51 ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орыс-қазақ орта мектебін өте жақсыға тәмамдап, «Алтын медальге» бір кәріс қызымен таласқа түсіп, аудандық білім комиссиясының шешіміне қарсы болып аудандық партия комитеті бірінші хатшысына арызданып, емтиханды қайта тапсырады. Сөйтіп өзінің мектебінде алған білімін дәлелдеген. 1961 жылы он жеті жасында Алматы қаласындағы мемлекеттік мединститутына келіп құжат тапсырады.
Анасының қамқорлығымен жетім­діктің шеңгеліне ерік бермей, ерте есейген үш ұлдың үшеуі де жатпай-тұрмай талаптанып, көштен қалмастың жолы білімде деген қағиданы жас көкіректеріне түйіп өсті. Соның нәтижесі ғой, 1928 жылы туылған ағасы Қорғанбек Қызылорда пединститутын тәмамдап, ауылда «Ақ мектеп» аталған білім ордасында бала оқытты. Мұғалімдікке алатын 38 сом жалақысының тең жартысын бұған студент інісіне жіберіп, қатардан қалдырмауға тырысқан Қорғанбек ағасын алып бәйтеректей көруші еді. Ол кісі бар болғаны алпыс жеті жасында ауыр сырқаттан дүниеден озды. Ол ағасынан өсіп-өніп, соңында қалған он перзент бауырынан тарады, қасы-қабағына қарады. Шама-шарқынша барлығын жоғары оқу орнына сүйрелеп, жоғары білім алуына тер төгіп кеткен әке еңбегін ақтай алған ұл-қыз білімдар боп жетіліп кісілікке жарады. Одан кейінгі ағасы Сауранбек Алматы мединститутының санэпидемиология факультетін тәмамдап, елге келіп, 1952 жылдан бастап аудандық СЭС-тің бас дәрігері қызметін атқарды. Еңбек ете жүріп туберкулез ауруларын орталық ауруханадан бөлек емдеуді мәселе етіп көтеріп, 1963 жылы 55 төсектік тубдиспансердің ашылуына қол жеткізді. Сонымен қатар тері аурулары емдеу мекемесін бөлек орналастыруды жүзеге асырған. Ғұмыры қысқа болып, бар болғаны 32 жасында көз жұмған Сауранбек ағасының соңында қалған үрім бұтағы көңілге бір демеу. Сұлтанбек бұл ағасынан 2 курста оқып жүргенінде айрылып, қайғыдан қан жұтқандай болды. Оның орнының кемдігін кеше өзі дүниеден өткенше арман қылып кетті. Тірліктен сәл бір теперіш көрсе, алға басқан қадамы кері кетіп көңілі жығылса осы ағаларының жоқтығы жүрегіне дық етіп тиіп, солар қасымда болғанда менің орным бұдан биікте болар еді-ау деген өкініш өзекті өртейтін.
Бір қызығы, оқуды бітіріп, елге қызмет етейін деп келген жас дәрігерге бір басқарма ағасының «қыздардың оқуын таңдапсың да, сықиды ма, бетбрашты ма, механик инженерді оқығаныңда аз уақытта бастық болар ма ең» деп өкініш білдіргені бар. Ауыл адамдарының аңғалдықтан әлі арыла қоймағанын содан ақ білуге болар. Ал өзі балаларын да, бауырларын да барынша дәрігерлікке баурап бақты.
Өзінің жақсы маман болуына бала кезінен өз әкесінің талапшылдығы қатты себеп болды. Әкесі орысша әдебиетті көп оқитын, үш ұлын да солай тәрбиеледі. Осы дағдыны, осы үрдісті жалғастырған хирург ағамыз да өз ұрпағына, бауырларына осындай талап қойды. Эдмунд Бердктың: «Раб, довольным своим положением, вдвойне раб, потому что не одно его тело в рабстве, но и душа его» - «Құл өзінің жағдайына разы болса, ол екі есе құл, өйткені оның өзі ғана емес, жан-дүниесі атаулы құлдықта» дегенін келтіріп, сондықтан көп оқы, білімді болсаң ішіңдегі пікіріңмен жарып шыға аласың деген өсиетін жиі айтатынын Сұлтанбекұлы Шыңғысбек өз естелік кітабында келтіреді.
1976 жылдан 2012 жылға дейін аудандық аурухананың хирургия бөлімін басқарған Сұлтанбек Әлқожаев он бес жыл аудандық ішкі істер бөлімі сот медицинасының сарапшысы қызмтетін қоса атқарып келді. Өзіне қатал талап қоя білетін білімін үздіксіз жалғастыруда Мәскеу, Ленинград, Минск, Киев, Новосибирск, Баку, Алматы қалаларында курстан өткен. КСРО Хирургтер қоғамының Пленумына Қазақстан атынан делегат болып қатысқан. Отыз алты жыл бойы аудандық аурухана хирургия бөлімі меңгерушісі, ауданның бас хирургі атанған аға жөнінде жақында сол кісінің қарауында тікелей шәкірті болған мақтаулы медбике Жұлдызай Оқапқызының мына бір айтқаны ойға оралып отыр. «Алғашқы жұмысқа келгенімде нешетүрлі жағдаймен кейде қызыл қанға бөгіп қиналып жатқандарға ота жасауда ағаймен бірдей тұрып қиналысты бастан кештім. Сонда біреулердің шошынбайсың ба, ұшынбайсың ба деген сұрағына ұстазымның «қиналып жатқан сырқатты өзімнің бір бауырым деп сезініп, шын аяушылықпен жәрдемге кіріссең ұшынбайсың да, шошынбайсың да» деген өсиетімен тойтарыс бердім. Ағай осы өнегесімен өз бойындағы қасиетті маған жұқтырған екен-ау» деген еді толқып. Жұлдызай қазірде сол жерде аға медбике болып енді өзі шәкірт тәрбиелеп келеді.
Сұлтанбек Әлқожаев туралы кезінде мерзімді баспасөзде жиі жарияланыпты. «Лениншіл жаста», «Казахстанская правдада», «Ленин жолында», кейін «Сыр бойында» «Азамат абыройы», «Теплые руки врача», «Душой и сердцем», «Жарты ғасырдың жемісі» деген мақалалар жарық көріпті. Еңбек жолында 10 мың ота жасаған сырбойылық қаҺарман дәрігер жөнінде тележурналист Зейін Әліпбай хабар түсірген. Денсаулық сақтау саласы түрлі деңгейдегі басшылығы еңбегін елеп, сан рет Құрмет грамоталарымен марапаттаған. ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің «Медицина саласының үздігі» медалінің иегері. 2001 жылы аудан әкімінің шешіміміен «Жыл адамы» номинациясын жеңіп алған.
Кіндігім үзілмесін деген ұлы ниеттің қабыл болып, Құдыреттің көзге көрсетіп қолға ұстатар қымбат сыйы – шыр етіп дүниеге келген жас нәресте бұдан жүз жыл, мың жыл бұрын өмір сүріп арманда кеткен ата-бабаның аманатын тірілтіп, жарық дүниеге жар салып келетінін ұғына білеміз бе? Ата тектің құнарынан нәр алған, ар-намысынан жаралған, өткеннің асқақ ой-арманын алға оздыра білген аймаңдай ұрпақтың өсіп-жетілгені қандай бақыт. Ұрпақ сабақтастығы дейді мұны.
Сұлтанбек ағамыздың перзенттері – Сәруарбек доцент, медицина ғылымдарының кандидаты. Шыңғысбегі тарих ғылымдарының кандидаты, келіндері де ғылым жолын қуған жандар. Қыздары Гүлнара техника ғылымдарының кандидаты, Гүлмира аудан орталығындағы №163 мектеп­те орыс тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, Фараббек Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірген, Алматы қаласы ІІД-де полковник полиция шейінде, ал кенжесі Олжасбегі жоғары милиция мектебін бітіріп, аудандық ішкі істер бөлімінде аға лейтенант шенін алған, қазірде «Қазақстан темір жолында» жұмыс жасайды.
Ата тек туралы неге айттық? Ұлкен бабалары Әлқожа Ақ патша үкіметі кезенде, яки Сейхундария маңайындағы өлкеге иелік еткен губернаторы А.Перовскийдің писары (тілмашы, аудармашы) ретінде жергілікті халықтың құқының қорғалуына өз әлінше көмек көрсеткен. Оның ұлы Әбубашар да оқып, тоқыған кісі, аудандық Советі атқару комитеті төрағасының орынбасары болған, Миялы ауылдық Кеңесі «Октябрь» колхозын басқарған. 1956 жылы 69 жасында өмірден озды. Жақсылардан тараған ұрпақ та жерде қалмай ата есімін жарқыратып тарих тереңінен алып шыққанының бір көрінісі жақында қолымызға тигелі отырған жаңа кітап. Оны құрастырып баспаға беріп отырған Сұлтанбекұлы Щыңғысбек бұл еңбегінде Мұхаммед Пайғамбарымыздан бастап 50-ші ұрпақ болып келетін өзіне дейінгі аралықтың шежіресін қамтиды. Сыр бойында жатқан киелі бабалар – Сайид Бурханиддин – Қылышты Ата ұрпақтарының өмір тарихын түзеді.
Мазмұнды дүниеге Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов пен Жаңақорған ауданы әкімі, руханият жоқшысы Руслан Рүстемовтың алғысөз жазуының өзінен әдеби туындының мән-мазмұны, келешек ұрпаққа берер тағылымы зор құнды еңбек екенін терең танығандаймыз. Бір өкініштісі, 2015 жылдан бастап түрен салған құнды жазбаны Бас кейіпкеріміздің өзі болып келетін Әбубашарұлы Сұлтанбек ағамыз көре алмай кетті. Кітаптың тұсауы таяу күнде асыл ағаның өмірден озғанының бір жылдығына орай өткізілетін жылдық асы қарсаңында көпшіліктің қатысуымен кесілгелі отыр екен. Біз бұл туындының электронды нұсқасын оқып шығып, іштей шын сүйсінгенімізді жасырмаймыз. Кітап авторы Шыңғысбек Сұлтанбекұлы бір әулеттің өмір шежіресі арқылы өз әкесі – хирург дәрігердің елге сіңірген еңбегін, ұрпаққа өнегесін тартымды тілмен әңгімелейді. Өзі орыс сыныбында оқыған азаматтың өмірден түйгенін ана тілінде жатық ойлап, жеткізе жаза білуінің өзінен пайымы терең парасаттың ұшқынын танып, негізге тартып туған жетелі ұлдың бұл жетістігіне шынымен қуандық. Мұның барлығы жақсы перзент дүниеге әкеліп өсіріп-жетілдірген Сұлтанбек ағамыз бен оның жары, ширек ғасыр мектепте ұстаздық еткен Есқожақызы Күнімай апамыздың тәрбиесінің арқасы екенін іштей мойындадық.
Әр заманның өз оқырманы бар. Ал жақсы кісі – беті жабылмаған кітаппен тең.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
01 тамыз 2021 ж. 7 445 0