№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз...»

«Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз...»


Экономиканы ғылымсыз алға оздыру мүмкін емес. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз...» деп айтып өткен Абай сөзінде ұлы ақиқат жатыр. Бұл сөзіміздің дәлелі, алақандай ауылдың май топырағын жалаңаяқ кешіп, жанторсығына жамаулы шүберек қалтасын арқалап, қарабайыр мектепте білім алса да елдің баласынан бағы асып, биікті бағындырған бағландарымыз жоқ емес”. Солардың қатарында Бөртескеннің перзенті, бүгінде есімі жаҺандық ғылымның жарқын тарихынан дара орнын таңдаған тұлға – жерлесіміз, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерия академиясының корреспондент мүшесі Айдархан Жүсіпбекұлын оқырмандарымызбен кеңірек таныстыруды жөн көрдік.

Талант атаулы тектен келеді. Әйтпесе, жас дарынның талабын танып, арнайы мектепте оқытып, арқасынан қаққан ешкім жоқ. Жасынан теміржолға жұмысқа жегілген, кейін станция басшысы болған, одан әрі ол кездері жері шұрайлы, малға жайлы, берекелі қоныс – Бөртескенде тіршілік жалғаған қарапайым отбасында дүниеге келген он ұл-қыздың барлығы бір-біріне сүйеу болып, жігерін жанып, кемел келешегіне тірек бола білген ата-ананың қас-қабағын бағып, тағдырдың ауыр сынына тас-түйін талап, мұқалмас татулықпен төтеп беріпті. Отбасының сүт кенжесі – Ғалияш қыздары қырқынан шығар шықпас, аналарынан айрылып жабырқаулы күй кешкен, үйелмелі-сүйелмелі бауырлар кейінгі шешелері – Балқияның аласы жоқ аппақ көңілінен қорған тауып, шуағына жылынды, ақылына жүгінді. Он баланың үстіне жүрексінбей келіп, тасмаңдайлы тағдыр жібін тарқатуға тәуекел еткен оған бұл жолда көркем мінезден жаралған, кәміл иманнан нәр алған табиғи болмысы тірек болғанын сол кез көзкөргендер сүйсіне әңгімелейді. Солардың бірі, кент тұрғыны, аудан ағарту саласының ардагері Зияудин Әбілқайыров: «Біздің балалық бал күндеріміз Бөртескенде өтті. Заман тар, саясат қысқан, Хрущевтің әр отбасына бір сиыр, бес қой­дан артық дәулет ұстауға рұқсат бер­мейтін жарлығы жүріп тұрған кез. Бұл кезең ешбір отбасына оңай тиген жоқ. Осындайда әжеміз Әселдің жалғыз сиырының бір мезгілгі сүтін көрші үйге беріп отырған мейірімділігінен сол кез адамдарының дархан пейілін көргендей боламын. Сол титтей көмегінің өзімен қамкөңілдерді қанатының астына алған жаны жібек анаға таудай таяныш бола білуінің астарында біздің ұлттық кодымыздың ұлы ұстанымы тұнып тұр» деп толғанады.
Қайнаған тіршіліктен оқшау, бұйығы жатар момақан ауылдың үстінен анда-санда арқырап өтер қызыл-ала пойыздар болмаса басқа кезде өз қызығы өзін­де, теміржол жиегінде жарқырап жатар шағын ғана көлшігінде қысы-жаз жас құрақ асыр салып жататын Бөртескенге бала кезімде мен де талай барғанмын. Бұйра құмы тобығыңнан келетін жып-жылы ұядан ұшып шығып, бүгінде есімдері жалпақ әлемге жария болған Мұхтар Әлиевтен бастап бүгінгі кейіпкерімізге дейінгі қаншама танымал түлектерімізбен мақтана аламыз.
Елімізде өндірістегі ғылым саласын, инновациялалық технологияларды жа­ңар­­ту бағытында математикалық үлгілеу саласындағы Қазақстан ғалым­дарының жетістіктері елеулі деуге болады. Осы орайда табиғи құбылыстардың қор­шаған ортаға әсерін математикалық жолмен зерттеп жүрген ғалым Айдархан Қалтаев ағамыз бастауыш сыныпта есеп пәнінен дәріс берген мқғалімі Әлімқұлов Атамұрат ағайы мен жоғары сыныпты №51 орта мектепте оқығанында сабақ берген ұстазы Құдияровқа әлі күнге өзін қарыздар сезінеді. Мектепті «Алтын медальға» тәмамдауға бір ғана пәннен төрттік болған екен. Сонда да қатарынан қара үзіп, ғылымның биік шыңын бағындыруына туған әке бойынан ауысқан арда қасиет – есепке жүйріктік жас түлектің ғылым жолындағы жарқын белесіне даңғыл жол ашып беріпті.
Кейіпкеріміздің өмірбаянына аз-кем тоқталып өтсек, ол 1950 жылы Шиелі ауданы №22 бекетте дүниеге келген. 1968 жылы орта мектептен соң ҚазМУ-дің механика-математика факультетіне оқуға түскен. 1973-75 жылдары кеңес армиясы қатарында взвод командирі болып қызмет етті. 1975 жылдан 2000 жылға дейін ҚазМУдің механика кафедрасының аспиранты, инженері, аға оқытушы, доцент қызметін атқарып, одан әрі осы оқу орны механика кафедрасының меңгерушісі болды. 2008-2010 жылдары ҚазҰУ-нің механика-математика факультетінің деканы, 2015 жылдан бастап механика кафедрасының профессоры, 2017 жылдан бастап Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің өнеркәсіптік инженерия институтының директоры, сонымен қатар қолданбалы механика және инженерлік графика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Осы жылдары Польшаның Краков ғылыми және технологиялар уни­вер­ситетінің, Францияның Лота­рин­гия ұлттық политехникалық инсти­тутының шақыртылған профес­соры, Германияның Гейдельберг универ­сите­тін­де зерттеулер жүргізді.
13 PhD докторын дайындады. «Қазақс­тан ЖОО үздік оқытушысы» ата­лы­мының екі дүркін лауреаты, «Астанаға 10 жыл» және «Қазақстан тәуелсіздігіне – 25 жыл» медальдарымен марапатталған.
Жары Раушан – жапондық «Аэроа­сахи» компаниясының Қазақстандағы өкілі. Ұлы Ілияс – Иордан университетінің түлегі. Мариям, Ибрахим, Сара атты немерелері бар.
Отандық ғылымның дамуына мате­матикалық негіздемелері арқылы теле­гей – теңіз үлес қосып келе жатқан кемел білімнің иесімен келелі сұхбатымыз ол кісінің тәжірибеге енгізген ғылыми жаңалықтары тақырыбында өрбіді. Ғалым ең алғаш ғылымғы бет бұруының сырын былай тарқатады:
– Университетте оқып жүрген кезімде Сұйықтар мен газдар механикасы деген пәнінің ішінде мұғалімдеріміз сұйықтар мен газдар қозғалысын сиппаттайтын күрделі, сызықсыз, 3 өлшемді Навье-Стокс атты теңдеулер жүйесімен таныс­тырды. Бұл теідеулер жүйесінің жалпы түрде шешімі жоқ, ал ол кезде 1 не 2 өлшемді жалпы мәселелерін жуықтап есептеу арқылы ғана шешуге болатын. Мен де осы теңдеулерді пайдаланып сұйықтар мен газдар қозғалысының күрделі мәселелерін шешуге қызықтым. Осындай қызығуымды көрген, мүмкін талабым, талантым болған шығар, Шах­бас Әлімгерейұлы Ершин деген профессор мені өзіменен зерттеулер жүргізуге шақырды, ғылымға бет бұруым содан басталды
Негізгі ғылыми бағытым – сұйықтар мен газдардың құйынды қозғалысының заңдылықтарын зерттеу, дыбыстан төмен және дыбыстан жоғары жыл­дам­дықтағы реакцияланатын газ ағын­дарының даму заңдылықтарын анықтау; көміртегі және сутегілік қоспалардың жалындарының дыбыстан әлдеқайда төмен жылдамдықтағы таралуы және олардың детонацияға көшу заңды­лық­тарын зерттеу, шаймалау әдісімен жер астынан уран өндіруді басқару мен мониторинг жасаудың интеллектуальді жүйе­сін жасау, күн энергиясын сақтау және үйлер мен суды жылыту үшін пай­далану.
– Жәй жылдамдықтағы жану және жанудың детонацияға көшу ғылыми тәжірибесін оқырманға қа­­рапайым сөзбен түсіндіріп бер­сеңіз?
– Біз ылғи естіп жатамыз ғой, шах­тада жарылыс болыпты, адамдар жара­ланыпты, не тіпті қаза болыпты деп. Қарапайым тілмен айтқанда ол жарылыс былай болады.
Алдыменен көмірдің арасындағы қуыс­­тарда жиналып қалған метан және сол сияқты жанғыш газдар шахтёрлар көмірді кеулеп алып жатқан кезде шахтаның ішіне қарай тарайды, ал олар­дың жана бастауына кез келген ұшқын жетеді. Басында қозғалмай, не жәй қозғалып тұрған ауамен араласқан газ, яғни жанғыш қоспасы, тез арада жәй жылдамдықпен жана бастап со­дан детонацияға ауысады. Егер біз ай­наламызда байқайтын кәдімгі жа­лын­­­­­­ның жылдамдығы секундына метр­­лермен есептелінетін болса, детонация кезінде жалын секундына километрлеген жылдамдықпен тарайды. Сондықтан детонация бізге жарылыс ретінде байқалады, ал шындығында детонация жалынның жанғыш қоспа ішінде таралуының бір түрі. Егер кәдімгі жалынның таралу жылдамдығы жанғыш газдың жылу өткізгіштік қасиетімен байланысты болса, детонациялық жану жылдамдығы жанғыш газдың молеку­лаларының броундық қозғалы­сының жылдамдығымен анықталады.
Менің зерттеулерім жәй жалынның детонацияға ауысу механизмін түсіну, оған турбуленттік қозғалыстың қанша­лықты әсері бар, соны анықтау болды.
– КазАтомПром бөлімшелерінде жерасты шаймалау әдісімен уран өндіру процесінің 3D моделін әзір­леп, өндіріске енгіздіңіз. Осыны қарапайым тілмен түсіндіріп бер­сеңіз?
– Қазақстан уран өндіруден дүние­жүзінде бірінші орын алады. Негізінен уран өндірудің үш жолы бар: ашық карьер арқылы өндіру, шахта арқылы өндіру және жерасты шаймалау әдісімен өндіру. Ашық карьер арқылы жер бетіне жақын жатқан (шамалап 100 метрден аз) уранды өндіреді, бізде бұл жолмен кезінде Қордай, Степногорск және Ақтаудың маңында өндірілген, қазір мұн­дай уран кендері Қазақстанда жоқ.
Шахта арқылы концентрациясы жо­­ға­ры терең жатқан (шамалап 100 метрден терең) уранды өндіреді. Ал қазір Қазақстандағы барлық кен орын­дарындағы уран қоспаларының жатқан жері терең және концентрациясы аз, сондықтан бұндай кен орындарында жерасты шаймалау әдісін пайдаланып өндіру ғана қолданылады. Қысқаша айт­қанда бұл әдістің технологиясы былай: Кен жатқан қабатқа ұңғымалар желісі арқылы қышқыл еріткіш айдалып қатты кенді ерітінді түріне ауыстырады, ал басқа ұңғымалар арқылы еріген кен жер бетіне көтеріледі. Сосын сорберде кенді ертіндіден бөліп алып қалған ертіндіге тағы да қышқыл еріткіш қосып жер астына қайтадан айдайды. Сөйтіп процесс жер астындағы кен таусылғанша қайталана береді. Бұл әдіс бір жағынан концентрациясы аз және қоспаларының жатқан жері терең уран кендерін игерудің бірден бір тиімді технологиясы болса, екіншіден бұл басқа әдістерге қарағанда әлдеқайда экономикалық тұрғыдан тиімді және эклогиялық зияны аз технология. Өйткені, егер технология ережелерін мұқият ұстап отырса, бұл технологияны пайдаланғанда карьер арқылы өндіретіндей емес, жер бетінде еш уранның қалдықтары қалмайды.
Мен 3-4 оқушыммен бірге осы шаймалау әдісімен жер астынан уран өндіру технологиясын одан әрі жетілдіру үшін басқару мен мониторинг жасаудың интеллектуальді жүйесін жасадым. Бұл өндіру процесінің мүмкіндігінше дәл математикалық сиппатау түрін құрып, оның компьютерлік моделін жасау арқылы іске асырылады. Бұндай құры­лымды процестің имитациялық моделі деп айтуға болады. Осы модельде уран өндірудің әртүрлі жағдайын, әдістерін алдымен қарастырып, сосын олардың ең тиімдісін іске асыруға болады.
Ғалым осылай дейді. Ұққанымыз, табиғи құбылыстардың қоршаған ортаға әсерін математикалық жолмен зерттеп жүрген жерлесіміздің отандық ғылымда орны бөлек. Осындай азаматтың есімін төл басылымымызда жаңғыртып, көпке үлгі етудің астарында аға жолын қуған жас толқын қатары көбейе берсе екен деген ізгі тілек жатыр. Осы жылы жел- тоқсанның он сегізінде жетпіс жасқа толатын елжанды азаматқа туған жер атынан қандай құрмет жасасақ та жарасады.

Баян ҮСЕЙІНОВА
05 желтоқсан 2020 ж. 13 980 0