№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы

Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы

Азаматтық белсенділігі, кәсіби ұстанымы тұрғысынан Мира Жандарбекова көптен ерекшеленіп жүреді. Білім беру саласында ұзақ жылдық еңбегі бар маманды «Сыр сұхбатқа» шақырып, парасат-пайымын парақтап, білім беру саласындағы жаңалықтар жөнінде әңгіме өрбіттік. 
– Әңгімемізді қашықтан оқы¬тудан бастасақ. Қалай ойлайсыз бізде (ауданда) білім берудің осы түрі нәтижелі жүруде ме?
– Елімізде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты білім саласы да қашықтан оқытуға көшті. Ұстаздар қауымы оқытудың жаңа жүйесіне дайын екенін көріп, біліп отырмыз. Оқушылардың қашықтан білім алуы тек олар үшін ғана емес, қоғам үшін де жаңаша өзгеріс әкелді. Біз мынаны түсінуіміз керек, цифрлы технологиялар дәуірінде орта білім беру мекемелерінің қашықтан оқыту жүйесіне көшуі ертелі-кеш орын алатыны белгілі. Қашықтан өзіңе қажеттіні үйрену, көру, білгеніңді толықтыру, бір сөзбен айтқанда, пайдалы білім алу, төтенше жағдайға дейін де жүріп отырған процесс-тұғын.
Педагогтарда оқытудың бұл түрінен біршама тәжірибелері болғанымен, ата-аналар мен оқушылар үшін бұл жүйе ауыр тиді. Кез-келген жүйенің басы қиын болатыны белгілі. Бірақ барлық мәселелер елдің бас ұстазы Асхат Аймағамбетовпен білім басқармасы мен білім бөлімі басшылары үшін тұрақты өткізіліп тұрған бейнеконференцияда алдын ала талқыланып, шешімін тауып отырды. Сондай-ақ ауданда қашықтан оқытудың өз деңгейінде ұйымдастырылуын аудан әкімі Сұлтан Мақашов өз бақылауында ұстады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовтың тапсырмасымен сабақтардың ұйымдастырылу алгоритмі, жүргізу платформаларының дұрыс таңдалуы, елді мекендердегі интернет желісінің жылдамдығы, әр отбасындағы бала санына сәйкес қашықтан оқытуды жүргізетін құралдармен (компьютер, моноблок, планшет, смартфон т.б.) қамтамасыз етілуі алдын ала зерделеніп алынды. 
Әрине сапалы ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі де жоғары болатыны сөзсіз. Қазіргі таңда ауданда қашықтықтан оқыту барлық 42 мектепте жүзеге асырылуда. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан түсініспеушілік жоқ. Әзіл араластырып айтсақ: «Мұғалім кейіпіндегі» ата-аналар мен «үйдегі мектептің» қазіргі көрінісі көңілге толады.
– Ал қашықтан тәрбие жұмыстары қалай ұйымдастырылуда?
– Бұл жұмыстарға да алдын ала дайындық жасалды. Карантин жағдайында әрбір сынып жетекшіден бастап, мектеп тәлімгері, әлеуметтік педагог, психолог, ұйымдастырушы мектеп директорының орынбасарларымен қашықтықтан жүргізілетін тәрбие шаралары жоспары жасалынды. Осы ретте, әрбір оқушыға, ата-анаға, мұғалімге мерзімінде психологиялық қолдау жасап жатқан мектептің психолог мамандарының еңбегін айрықша атағым келеді. Байқап қарасаңыздар, әлеуметтік желі арқылы баланың жан дүниесіне ерекше рух беретін, отбасы мүшелерін, жалпы елді татулыққа, бірлікке шақыратын, тәрбиелік мәні жоғары челлендждер, онлайн ойындар, сайыстар көптеп жүргізілуде.
– Психологтардың еңбегіне жоғары баға бердіңіз. Өзіңіздің осы саладан қайта маманданғаныңыз туралы аз-кем хабардармыз. Осы тұрғыда кәсіби маман ретінде індетке қатысты, оқытудың жаңа түріне икемделуге байланысты қандай кеңес айта аласыз?
– 2005 жылдан аудандық білім мекемелері бойынша математика, ақпараттандыру және тәрбие саласына жетекшілік жасап келемін. Былтыр білімімді психолог-кеңесші мамандығы бойынша қашықтан жетілдіріп, қайта мамандандырылдым. Психологиялық тұрғыда талдау жасайтын болсақ, COVID-2019 инфекциясын ми қалай қабылдайды, солай адамға әсерін береді. Рухани энергия деген бар, жалпы ол кез-келген адамда кездеседі, айырмашылығы жоғары және төмен деңгейлігінде. Адам баласының ішкі сарайы таза және өзіне сенімділігі басым болғанда ғана, оның энергиясы көтеріледі. Оның иммундық жүйелері де жоғары болады. Ал иммундық жүйесі жоғары кісі қашанда кез келген кеселге қарсы  күресе алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл – қауіп, екіншісі мүмкіншілік. Індет, дағдарыс дегеніміз уақытша, өтпелі құбылыс» деген сөзі бар. Сондықтан, психолог ретінде өтпелі құбылыстың қауіптілігін тек сақтану үшін ғана қабылдап, мүмкіншіліктерді көбірек пайдаланғанымыз абзал. Мәселен, отбасылық құндылықтарға көбірек уақыт бөлу, ілім, білім үйрену, рухани тазару. Өзім де қазір жұмысымды қашықтықтан үйлестірудемін. «Шын ниетің болса, бәрін де жасайсың, бәріне де үлгересің» деген өмірлік қағидам бойынша ізденіп, онлайн форматта республикалық «Тәжірибелік психология» мамандарымен тәжірибе алмасудамын. Сұхбатты пайдаланып, ата-аналарға балалардың үй жағдайында қалыпты білім көрсеткішіне қол жеткізуі  үшін қарапайым кеңестерді ұсынамын.
– Ол қандай кеңестер?
– Ең алдымен, балаңыздың бұрыннан қалыптасқан күнделікті режимін өзгертпеуге тырысыңыз. Балаңызға өзін сыныптастарымен бірге отырғандай сезінуіне көмектесіңіз. Тәртіп пен жинақылықты талап етіңіз, бұл оқу процесінде аса жауапкершілікті сезінуіне әкеледі. Баланың жеке қызығушылығы мен танымдық мұқтаждықтарын ажырата білген жөн. Сабақ кестесінен бөлек, балаңызға қызықты әрі пайдалы фильмдер, ойындар немесе тапсырмаларды ұйымдастыруға тырысыңыз. Үй атмосферасын сынып атмосферасына сәйкестендіріңіз. Оны балаңыздың тапсырмаларды диван үстінде отырып немесе ас ішіп орындамауынан бастаңыз. Үнемі позитивті көзқараста болыңыз. Кейбір жаңа тақырыптарды меңгеру балаңызға ауыр тигенде сіз де абдырап қалмаңыз. Психологиялық тұрғыда айтарым, оқудың осы форматын бірінші өзіңіз қабылдаңыз. Себебі, сіздің мұғалімдер, сабақ жайлы білдірген  әрбір сөзіңіз, ісіңіз, көзқарасыңыз балаға тікелей әсер ететінін есте сақтаңыз.
Балаңызға кез келген жағдайда қолдау білдіретініңізді шынайы көрсетіңіз, эмоционалды толқулар мен негативті іс-әрекеттерді барынша көрсетпеуге тырысыңыз, онсызда физиологиялық шектеулер балаға екі есе күш түсіріп жатқандығын есте сақтауды сұраймын. Карантинді жұртты дүр сілкіндірген індет депемес, барлық жағынан жаңамүмкіндік деп қабылдаңыз.
– Білім, тәрбие турасындағы тақы¬рыпты түйіндеп, өзіңіздің жеке өміріңізге тоқталсақ...
– Шымкент шаһарының тумасымын. Үйдің кенжесімін, әпкем де мұғалімдіктен зейнетке шыққан. Сол әпкемнің ізінен еріп, Шымкент педагогикалық математика-информатика мамандығы бойыншы білім алдым. Ал ауданға 1991 жылы келдім, еңбек жолымды мұғалімдіктен бастадым. Осында тұрмысқа шығып, жарым Нұржан екеуміз 4 ұл-қызды өсіріп, солардың қызығын көріп келеміз. Екі қызым мен үлкен ұлым мамандықтары бойынша елге қызмет көрсетуде. Ал кенже ұлымыз биыл мектеп бітіреді. Жұбайым аудандық электр тарату жүйесінде бас инженер болып қызмет атқарады. Жалпы алғанда өзімнің өмір жолымды осылай қысқаша сипаттағым келеді.
– Соңғы сауал болсын, алда тәжірибелі маман ретінде жас ұстаздарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Жыл өткен сайын білім сала¬сында көптеген өзгерістер орын алуда. Жаңартылған бағдарламалар, қашықтықтан оқыту сынды, сондықтан қандай жағдай болмасын ұстаз осы процестердің бәріне дайын болуы керек. Әсіресе жас педагогтерге қатысы бар. Сондықтан ұстаз боламын деген әрбір жас ең алдымен ізденімпаз, мейірімді, әрі психолог болуы керек. Сонда ғана мамандықтың шыңына жете аласың.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
12 мамыр 2020 ж. 2 787 0