Министр оқушылар үшін төртінші тоқсан қашан аяқталатынын айтты
Асхат Аймағамбетов кейбір тақырыпты біріктіріп оқытуға мүмкіндік бар екенін айтады. Бейнесабақтар осындай тәсілмен дайындалған
Биыл төртінші тоқсан жылдағы дәстүр бойынша 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қашықтан оқу кезінде мұғалімдер есеп бермейді – министр
"Төртінші тоқсан, біздің ойымызша, ешқандай кедергі болмаса, басқа да мәселелер туындамаса, өз мерзімінде аяқталуы керек. Дәстүрге сай 25 мамыр күні төртінші тоқсанды аяқтаймыз", - деді Аймағамбетов онлайн брифингте.
Ол биыл төтенше жағдайға байланысты көктемгі демалыс әдеттегі екі аптадан үш аптаға созылғанын атап өтті.
"Мұндай мәселелер бізде жиі кездесіп отырады. Мұғалімдер біледі, кейбір тақырыпты біріктіріп оқытуға мүмкіндік бар. Қазір бейнесабақтарды осындай тәсілмен дайындап қойдық. Сондықтан бағдарламаны қуып жетіп, барлығын қамтимыз", - деп сендірді министр.
Айта кетсек, төтенше жағдайға байланысты қазақстандық оқушылар 16 наурыздан 5 сәуірге дейін демалысқа шықты. Төртінші тоқсан алтыншы сәуірден басталады. Оқушылар қашықтан оқыту режиміне көшеді.
Карантин жағдайында қашықтан оқыту "Ел арна", "Балапан" телеарналары, "Qazaq radiosy", интернет-ресурстар мен пошта арқылы жүргізіледі.