№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖАЗҒЫ КУРСҚА ЖАЗЫЛДЫҢ БА, ЖАС ӨРЕН?

ЖАЗҒЫ КУРСҚА ЖАЗЫЛДЫҢ БА, ЖАС ӨРЕН?

“Баламды медресеге біл деп бердім” деген жыр жолдарының авторы Хакім Абай. Бұл тақырып бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Керісінше өміршеңдігін көрсетті. Тек адамдар арасында көзқарастар өзгерді. Яғни, бүгінгі таңда кей ата-ана түсінігінде баламды медресеге берсем, молда болып кетеді деген жалаң ой қалыптасқан. Ақиқатында мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу курстарының берері мол. Өйткені, мешітте дәріс алған жас жеткіншектің тәлім-тәрбиесі көзге көрініп тұрады. Шәкірттердің сыпайылығы, кішіпейілдігі, үлкенге ізеттілігі, кішіге құрметтілігі, ата-анаға деген қамқорлығы. Тізе берсең жақсы қасиеттер тізбектеле береді. Міне, осындай рухани құндылықтарға жетелейтін Алла үйіндегі имандылық сабақтарына қатысу, имани иммунитетіміздің артуына һәм адал мен арамды ажыратуға себепкер. Бір сәт тарихқа көз жүгіртсек.

Кешегі хакім Абай Семейдегі Ахмет Ризада, ал Ахмет Байтұрсынов «Ғалия» медресесінде арабша тіл сындырғанын білеміз. Тәлім-тәрбиенің құтханасы болған діни сауат ашу курстары асыл дініміз Исламның қайнар бұлағынан сусындауға, Әбу Ханифа мазхабы ілімі негізінде сауаттануға жол ашады. Бұл дегеніміз, өскелең өрендеріміздің бойында өзіндік рухани сана қалыптасады деген сөз. Балиғатқа толысымен діни сауат ашу курстарының табалдырығын аттаған бала, өскенде ел ертеңіне қиянат жасамасы анық. Біз осы орайда, аудандық орталық мешітте дәріс жүріп жатыр дегенді естіп, мешіт ұстазы, наиб имам Мейрамбек Баймұратовты сөзге тарттық. «Жас та болса, бас болып», бар білгенін шәкірттеріне үйретіп жүрген Мейрамбек ұстаз өз сөзін былай сабақтады;
– Қазір мешітте жиырмаға жуық жасөспірім дәріс алуда. Сауат ашу курсы аптаның дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма күндері өтуде. Барлығының ынталары жақсы. Мұнда Қасиетті Құран-кәрімді түпнұсқасынан оқуға мүмкіндік жасаймыз. Яғни, Құран әліппесін ежіктеп бастап, уақыт өте емін-еркін оқитын деңгейге жетеді. Өздеріңіз де білесіздер Құранның алғашқы аяты «Оқы» деп түскен. Бұл бұйрық тек Құранды ғана емес, әлемді оқу, адамды оқу, әлемнің жаратылыс сырларын оқып, ғаламды зерттеп – зерделей білу деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Ілім үйрену-әрбір мұсылман ер кісіге де, әрбір мұсылман әйелге де парыз» деген. Сонымен қатар, дәріс барысында имандылық жөніндегі ғибратты әңгімелер мен мағынасы мол насихат. Үлкенге ізет-кішіге құрмет, ата-анаға қамқорлық, Отанға деген сүйіспеншілік тақырыптарында имани әңгімелер өрбітеміз. Дәріс аламын деушілерге Алла үйінің есігі әрдайым ашық. Тек ынта мен ықылас болса болғаны, – дейді Мейрамбек ұстаз бізбен әңгімесінде.
Сондай-ақ аудандық мешітте осы аптадан бастап, «Аяла» атты жазғы қыздар лагері жұмысын бастағаны белгілі болды. Екі апталық курста жасөспірім қыздар имандылық нәрімен сусындап, тәлім-тәрбиенің негізін бойына сіңіреді. Оған қоса, кенттегі «Қум сахаба» мешіті мен аудандық орталық мешітте Әбу Ханифа медресесінің 3-курс студенті Жәдігер Алиакбар дәріс берсе, «Хисамиддин Сығанақи» мешітінде Ақмұрат Әлімбайұлы мен Әбдірахым Сейтжаппаров балғындарды имандылыққа баулуда екен.
Хош. Мына ағылшындардың отаны Англияда мемлекет балабақшадан бастап өздерінің христиандық бағыттағы діндерін насихаттап, миллиондаған қаржы бөледі екен. Оның мәнісі, ертеңгі күні ер жетіп, жетілген бала басқа ағымға кіріп кетсе, миллиардтап қаржы бөлсең де адасқан баланы кері қайтара алмайтындығында екен. Иә, мұндайда қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» демеуші ме еді.
Түптеп келгенде, ілім-білім адамды тәрбиелейді. Қисықты түзейді. Адасқанды дұрыс жолға салады. Бүгінгі жинаған білім, екі дүниеде де олжалы қылады. Пайғамбарлардың мұрагері ғалымдар екені баршаға аян. Қазақта тәрбиелі, байыпты, өз орнымен сөйлей білетін жанды «ұстаз көрген» деп жатады. Ілім іздену адам баласының табиғатына тән. Адам өмірден тәулік сайын жаңа бір нәрсені ұғынады һәм үйренеді. «Білмегеніңді кісіден сұра, үлкен жоқ болса, кішіден сұра» деген нақыл сөз бар. Өмірден түйгенін, білгенін үйретуші ұстаз бен білімге сусындағысы келген шәкірттердің арасында өзара құрмет ізеттер пайда болады.
Қорыта айтқанда, «тал бесіктен-жер бесікке дейін ілім іздену парыз». Бұл Пайғамбар өсиеті. Білімді, сауатты болу – Исламның талабы. Қазіргі таңда әлемді алаңдатқан түрлі «изм»-дердің жетегінде кетіп жатқан жастардың басым көпшілігінің діни сауаты таяз. Оны сала мамандары да мойындайды. Ағымдармен қарсы күресте біздердің әрбіріміздің діни сауатымыз, рухани иммунитетіміз мықты болуы тиіс. Осы тұрғыда дүниелік ілім мен діни ілімді сабақтастыра отырып, өмірлік ұстанымын айқындай білген жанның адаспасы хақ.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
06 тамыз 2019 ж. 947 0