МАҚТАНШАҚ БАР АҚЫЛЫН МАҚТАНҒА ТАУЫСАДЫ
Хакім Абай: «...әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді...», деп ой түйеді.
Ойлап қарасақ, Абайдың келелі ойынан бой түземек түгелі, кейінгі кезде өткенмен мақтануды әдетке айналдырдық. Тарихты біліп, одан қорытынды шығарған жөн. Бірақ, тарихпен мақтану басқа. Осыны түсінсек...
Иә, ақиқатында біз тек тарихпен мақтанып жүрміз. Мәселен: «Баяғыда жеңгелеріміз ізетті болатын. Сәлем салып, үлкеннен бата алушы еді. Басынан орамал түспейтін. Өйткені, орамалы жоқ әйелдің шашына шайтан жабысады деген ұлағатқа сенетін», – дейтін ағалар көп. Бұл шындығында мақтануға тұрарлық жағдай ма? Себебі, бұл – ұятты жерлерін көрсетуге құмар, тыржалаңаш шешінген (олай дейтініміз киімі бар, бірақ, денесінің бәрі көрініп жүретін. авт.) әйел затының қылығына жаны ауырғандардың ойы.
«Жас кезімізде автобуста үлкендерді көрген бойда орын беріп, сыйлаушы едік. Ал қазір егде тарттық. Бірақ, жастар автобусқа немесе трамвайға мінсек, орын бермек түгел, біртүрлі қарайды өздері», – деп ренжитіндер де жоқ емес. Демек, баяғысына шаттанып, бүгінгісіне ренжіп жатқан бір адам.
Жастар да тек өткенімен мақтануға әуес. Тарихтан хабары бар жастар «Баяғыда Голландияға қызғалдақты біздің бабамыз алып барған екен. Бүкіл адамзат бабамызға рақмет айтуға тиіс. Өйткені, ең бірінші жылқыны қолға үйреткен – біздің бабаларымыз», – дейді. Мақтануға боларлық жағдай. Десе де, бүгінде елімізде жайқалып тұрған қызғалдақ көрдік пе? Жылқының асау басын алғаш үйретсек те, жылқының қымызына қанып отырған жайымыз бар ма? Сондықтан бұл құр мақтану болмағанда немене?
Одан бөлек ұлтымен емес, руымен мақтану етек алды. Мәселен «Баяғыдан менің атам болыс болған. 30 жылдары менің атам Алашорданың белсенді мүшесі болған көрінеді», – дейтін жастар баршылық. Атасы текті болғаны жақсы. Бірақ, сол тектінің ұрпағы атасының ісімен мақтанбай, өзінің қарекетімен кеудесін керсе болар еді.
Бір тарихшымыздың әңгімесінен: «Қазіргі Қытайдың астанасы Бейжің түркілердің жері болған екен», – дегенді естідік. Мұнымен де мақтануға болатын шығар. Алайда жерімізге көз түріп отырған Қытайдан қорғанудың жолын іздеген дұрыс.
Шындығында, қарап отырсақ, «Баяғыда осылай болған екен», деген әңгімелер легі кете береді, кете береді. Не десек те, тәуелсіздік алғалы ұрпақ мақтанатын бір іс бітірдік. Ол – Сарыарқаның төрінен жаңа Астананың бой көтерілуі. Басқасының бәрі өткенмен мақтану ғана болып тұр. Әзірге, шындық осы...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.