№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СӨНБЕЙТІН ШЫРАҚТЫҢ СӘУЛЕСІ

СӨНБЕЙТІН ШЫРАҚТЫҢ СӘУЛЕСІ

   Үлгілі қадір қасиеттің қандайы болмасын үкілі үміттің қауызынан бүр жарады. Төрт ұл баладан екеуін қолына ұстап қалаған ата-ана бар тілеуін осы қос қарашығының жолына бағыттап, қоңыр тіршілік кешсе де қолынан жетектеп қатарынан қалдырмауға тырысты. Үйдің бар тірлік-тауқыметін үйелмелі-сүйелмелі өсіп келе жатқан қыз балалардың иығына артып қойып, ұлдары – Назарбек пен Сейілбектің ілім жолын қуып, оқымысты болуын қалаған Шаухаман ақсақалдың үйінде шам жарығы ұзаққа дейін сөнбейтін. Шырақ түбінде бастары түйісіп, ұстаз тапсырмасын құнттай қып орындап, қалаған уақытта қолға түскен кітап атаулыны оқып, тауысудан жарысқа түсетін қос жеткіншек бала кезден «ақсаусақ» етіп мәпелеп өсірген аяулы жандардың үмітін ақтап, алдағы өмірде елді аузына қаратқан топ бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де болды. Бұған олардың өнегелі өмірі дәлел.

  Қазақтың ауыл шаруашылығы инсти­тутын инженер-механик мамандығы бойын­ша бітірген Сейілбек Шаухаманов қызметін қатардағы қарапайым механиктен бастады. Оның бойындағы көптің мүддесіне келгенде жан тыныштығын жиып қоятын жалын қасиетін бағалаған басшылық жас жігітті комсомол қызметіне тартты. Ауданның жас­тар ұйымын басқарды. Айналасы екі-үш жылда белсенді іс-қимылмен танылған жастар жетекшісі ең артта қалған совхозға директор етіп жіберілді. Сенімді ақтау жолында жеңді түрініп іске кірісті. Сондай қажырлы іс, қайтпас қайсарлықтың нәтижесінде ауылдың ажары, шаруаның шырайы кірді. Елдің еңсесі көтерілді. Одан кейінгі жылдары Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасының тізгіні тиді. Бұл аймақта да көптеген айшықты іздер қалдырды. Атап айтсақ, Тасбөгет қонысын көркейтіп-көгалдандыруға көп тер төкті. Бұл күнде Тасбөгет тұрғындары көк майсаға айналған көрікті мекенді Шаухамановтың есімімен байланыстыра атайды. Осы үлгісін ол Шиелі ауданына бірінші хатшы болып, барған кезінде де үкілей түсті. Оның басшылығымен аудан орталығында бау-бақша, гүлзарлар ашылып, оған сан түрлі жеміс және саялы ағаштар отырғызылды, көшелер көркейтіліп, орталық алаң жаңадан жарақтандырылды.
Сейілбек Шаухаманов екі жылдай Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет етті. Ал ердің жасы – елуде Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Ол осы жылдары елдің есінде қалатын ірі оқиғаларға мұрындық болды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында Арал теңізіінің тағдыр талайына байланысты Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің басшыларының басын қосқан халықаралық конференция өткізілді. Конференция Арал теңізін арашалап қалу жөніндегі халықаралық қор мен оның басқармасын құрып, ережесін бекітті. Арал проблемасы әлемдік деңгейге көтерілді. Сонымен қатар, ол типтік жобадағы диагностикалық кеңес беру орталығы мен облыстық медицина орталығы құрылыстарының салалы да мерзімінде бітіп, халыққа қызмет етуіне бар күш-жігерін арнады.
Осы тұста «Арал апат аймағында тұра­тын халықты әлеуметтік жағынан қорғау туралы» заң қабылданды. Негізінен ауылшаруашылығымен айна­лысатын Қызылорда облысын өндірістік-аграр­лық аймаққа айналдыру бағытында батыл қадамдар жасалды. 1991 жылы бүкіл республика бойынша тек Қызылорда облысы ғана астық сату жөніндегі тапсырысты абыроймен атқарып, Сыр бойы диқандары ел қамбасына 270 мың тоннаның үстінде маржан дән құйды.
Әкімдік институттың енуіне орай ол облыстың алғашқы әкімі болып тағайындалды. Ақын Олжас Сүлейменовтың «танктің гүрілінен кастрюлдің бос даңғыры қорқыныштырақ» деп бейнелеп айтатын қысыл-таяң кезең осы тұс.
Облыс басшылығы тізгінін ұстаған талапшыл тұлға осындай қысылтаяң кезеңде елді тығырықтан алып шығудың тетігі – тек еңбекте ғана екенін, халықтың өз күш- жігерімен жеңіске жетуге болатынын дәлелдеуге ұмтылды. Бүкіл бағдарлама адамдардың өздерінің қолда бар мүмкіндігіне , табиғи ресурстарға, қажыр –қайратына сүйенуге, олардың рухын биіктетуге бағытталды.
Жер мен судың қуатты мүмкіндігін пайдаланып, Сыр өңіріне қажетті дақыл өсіруге, азық-түлікке бағытталған тауарларды өндіруге күш салынды. Нарықтық қатынастарға жол ашылды. Егін және мал өнімдерін өңдейтін, ұқсататын жүздеген кәсіпорындар қазығын қадады.
Ел болашағына үлкен үміт артқан «Оңтүстік мұнай-газ өндірістік бірлестігі» құрылып, апат аймағы деп аталған өңірде мұнай өндіру көлемі бір миллион тоннаға жетті. Ал 1995 жыл оның көлемі 2 миллион тоннаға жетті. Мұнайдың игілігін облыс халқы көре бастады.
Мұнайдың қаржысына Израильден он кіші сүт зауыты, Финляндиядан ет зауыты келтіріліп, жаңа технология – тамшылатып суару әдісімен жүзім өсіріле бастады. Табиғи қарым-қабілетіне сай Сейілбек Шаухаманов өзіндік ғұмыр долында Қызылорда және Талдықорған облыстарында, Тереңөзек, Сырдария, Шиелі, Жалағаш аудандарында комсомол шаруашылық, кеңес, партия органдары бірінші басшысы қызметінде жемісті жетістіктерге қол жеткізе білгендігі көпке аян. Оның ұйымдастырған ізгілікті істерінің қай –қайсысы да ылғи озат тәжірибе сипатында танылып, әріптестеріне үлгі ретінде дәріптелді.
  Ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, бірінші әкімі, бірінші сенатор, облыс тарихында біздің өлкеден сайланған бірінші СОКП-ның мүшесі. Ол үш рет Парламент депутаты болып сайланып, елдің биік сенімінен таныла білген жан.
Әлемдегі бірінші құндылық– адам, бәрі де адам игілігі үшін жасалады – дегенді темірқазық етіп алған Сәкең былай деп жазады: «Бүкіл өмірімде, қай қызметте болмасын адамдарды үгітпен, насихатпен, жақсы сөзбен, жеке өнегемен сендіру, нандыру, көндіру, оларға сену , сыйлау, өзіңмен тең ұстау, құрметтеу , жағдай жасау арқылы басқару, бағындыру қағидаларын бұлжытпай сақтауға тырыстым. Осылайша айқайламай-ақ, арылдамай-ақ, ешкімнің арына, намысына тимей-ақ, тілдемей-ақ, қорқытып үркітпей-ақ, тепсінбей, тіксінбей, білгішсінбей, бишікештенбей-ақ жұмыс істеуге болатынына көзім де, көңілім де әбден жетті».
Экологиялық апат аймағындағы елдің жағдайын жақсарту мақсатында «Жасыл өлке» бағдарламасы қабылданды. Ол облыстың бірінші хатшысы болған жылдары мейлінше мықты, табанды кадр құрамын жасақтауға тер төкті. Бұл тұрғыдан келгенде ешкімді алалауды білмейтін, тек адалдықты бағалай білер принцишіл тұлғаны басқару өнерінің Академигі деп танитындар көп.
Бүгінде Шаухаман қарияның қара шаңырағын күзетіп отырған Назарбек аға мен Дина апаның орнында келін-балалары бір үйден шыққан қос қоғам қайраткерінің мұраларын, естеліктерін көз қарашығындай сақтап күтімге алған. Құттыханаға кіре бергеннен қабырғадағы Елбасының Сейілбек Шаухамановтың 70 жасқа толуына орай «Парасат» орденін тапсыру сәтінен түсірілген партретке назарымыз ауды. Тарихтың бір сәті. Бұл оқиғаның бір әулет үшін ғана емес, бүкіл сырбойылықтар үшін маңызы зор. Ол кісі бұдан басқа «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар Достығы», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
Назарбек ағаның немересі Нұрлыбек өзіне ескерткішке арнайы берілген абыз атаның жарық көрген кітаптарын әкеп, алдыма қойды. Әр жылдары қатарынан шығып келе жатқан бұл құнды қолтаңбалармен етене таныспыз. Бұлардың барлығында қайраткер тұлғаның бүкіл ғұмырлық арман-тілегі , өміпден көрген түйген тәжірибелері, өсиеті, өнегесі, танымы, тағылымы жатыр. Оқы да, керегіңе жарат. Ой-өріс, көкірек көкжиегіңді кеңейт, ақылыңа ақыл, парасатыңа парасат қос.
Бір ғажабы, сөз өнерңін жетік меңгерген жазушылық қабілеті, қанша оқысаң да жалықтырмайтын жауһар сөз иірімідері тереңге тартып, тынысыңды ашып, зәмзәм бұлақтың суын ішіп, мейіріміңді қандырғандай керемет әсерге бөленесің. Абай ақынның «жүрек сауаты– ақыл, ақыл сауаты - мінез» дегеніндей көңілден шыққан әрбір сөзінен көкірегің шайылып, ақыл өсиетінен аңқыған адами тұлғасын танып, құрметің еселене түседі.
Оның Мұхтар Әуезов, Қалтай Мұхамеджанов туралы зерттеулерінен бөлек еңбек және өнердің нағыз майталмандары, қоғам қайраткерлері – Ыбырай Жақаев, Манап Көкенов, Әбділдә Тәжібаев, Камал Ормантаев, Сағидолла Құбашов, Цой Ден Хак, Ұзақбай Қараманов, тағы басқалар туралы жазған эссе шығармалары биік публицистикалық қуатымен, тақырыптық, идеялық, тілдік бірлігі үйлесімді өрілген стильдік ерешелігімен ел жүрегіне жақын. Заман, қоғам тынысын терең зерделеп, жүректің қылын тербеп жазған «Бақыт кілті», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл елдің?» атты туындылары өміршең мазмұнымен қымбат. Бүгінге дейін жарық көрген «Алтын алма, алғыс ал», «Ер қанаты», « Ақ бата», «Бақытыңды бағалай біл» атты кітаптары соңында қалған ұрпаққа ұмытылмас ұлағат болып қалмақ.
Отбасында жары Жұпар жеңешеміз екеуі өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп, жетілдірді.
Бұл кісінің елдегі ағайынға белгілі ерекше қыры – жүрегінің жұмсақтығы. Аса мейірімділіктің өзі иманға келеді. Ол кісі ерекше имани кемелденген тұлға еді. Бірде осы шаңырақтағы келіні қатты сырқаттанып үстінен түсіп қалған ағаның облыстық ауруханаға өзі алып кеткені бар. Маңдайалды мамандарымыз жандәрмен жұмылып жатыр. «Ері – сүйенерінен ерте айрылған,өзі екі үйді қарап отырған қарағым еді. Аман қалса екен» дегенде көз жасы еріксіз сорғалаған асыл аға тапсырманы бір-ақ қоңыраумен беруіне болар, бірақ осы қиналысын, осы өтінішін, осы тілегін дәрігерлерден бұрын Құдіреттің өзінен жалынып сұрап тұрғаны ап-айқын еді. Тек Құдайдан қорқатындар ғана Оның алдында бас иіп, тізе бүгіп, көз жасын көл етіп, рахметін ала алады.
Бір сөзбен айтқанда, Сейілбек ағаны осындай кішіпейіл мінезінің арқасында Жаратушының жақсылығына бөленген жан деп толық сеніммен айтуға болады.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

30 шілде 2019 ж. 857 0