№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бірлігі мықты елден береке кетпейді

Бірлігі мықты елден береке кетпейді

Ежелгі Тұран өлкесінің ұлан-ғайыр аумағын алып жатқан Ұлы Дала елі – бүгінде бірнеше ұлт пен ұлыстың тарихи отанына айналған. Мемлекет құрушы қазақ ұлтының төл атрибуттары мен құндылықтарын бекемдеуі Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылданғаннан кейін басталды. Отыз жылда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан демократиялық, саяси- құқықтық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, жаһанға бейбіт тірлік, берекелі дамуымен танылған мәртебелі мемлекет ретінде қалыптасты.


Біздің дәуіріміздің VІІ-VІІІ ғасырларында өмір сүрген көне түркі мемлекетінің билеушісі Білге Қағанның тасқа қашалған тағылымды пайымдарының астарында «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген қасиетті қағида жатыр. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан осындай мызғымас бірлікке арқа сүйеп, баянды тірлік жалғауының арқасында әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енді.
Бүгінгі таңда Қазақстан 70-тен аса халықаралық ұйымдарға мүше. Осыдан үш жыл бұрын Вашингтонда өткен Ядролық Тәуелсіздік жөніндегі ІV саммитте Елбасы Н.Назарбаев өзінің жаңа сыртқы саяси бастамасы - «Әлем ХХІ ғасыр» манифесін жаһанға жария етті. Манифест қазіргі таңда дүние жүзін алаңдатып отырған аса маңызды мәселелерді қамтуымен барша әлем жұртшылығының қолдауына ие болды.
Азаттықтың алғашқы жылдарында мемлекет құрушы қазақ халқының саны жалпы ел халқының жартысына да жетпеуі егемендіктің еңсе көтеруінде кәдімгідей кедергілерді кесе-көлденеңдеп, тарихқа кеткен есемізді түгендеуде сынақтарға тап болған кездер аз болмады. Осындай сын қатерлі тұстарда ұлт лидері мықты мемлекет қалыптастыру жолында барлық ұлттар мен ұлыстардың мұрат-мақсатын, мүддесін топтастыруды көздеген бірегей моделін жасап берді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетілдіруде іргелі істерге жол ашты. Азаматтық қоғам негізінде қазақстандық бірлік пен бірегейлікті қалыптастырып, жандандыра түсуде.
Бүгінде Қазақстанның барлық қаласында, облыс орталықтарында кең байтақ елімізді мекендеп, өсіп-өркендеп жатқан сан ұлттардың дербес мәдени орталықтары бар. Онда әр ұлт өз ана тілін, салтын, дәстүрін ұлықтайтын шараларды ұйымдастырып, рухани нығайып, азаматтық тең құқықты тетіктерін дамытуға мүдделі. Бірақ қай-қайсының болмасын ата-бабасынан бері ата-жұрты санап, өніп-өсіп жатқан қазақ топырағына деген құрметі кеміген емес. «Елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой әркез, қайда жүрсем де бір сәтке тыныш таптырмайды» депті Елбасы. Оның бұл пікірі ұлт көшбасшысының тарих көшіндегі әрбір қадамынан айқын көрініс беріп тұрады. Бұған Елбасының: «Менің мұратым – елімнің бүгінгі бейбіт өмірі, ертеңгі нұрлы болашағы. Келер ұрпақтың алғысы мен ризашылығы біздің бүгінгі істеріміздің жарқын нәтижесіне тікелей байланысты. Осы жолда халық бірге болса қандай қиындықты да еңсере аламыз. Осы жолда мақсат ортақ болса қуатымыз тасып, күш-жігеріміз еселене түседі. Сол жолда мемлекет пен халық мүддесі ұштасып жатса, мәртебелі міндет – осы», – деген сөзі айқын дәлел.
Қазақтың қасиетті жері – біздің асқақ рухымыз, баға жетпес байлығымыз, мәңгілік мұрамыз.
Тәуелсіздік қолға тигеннен кейінгі ең бірінші сүйінші жаңалық - шетте жүрген қандастарымыз туған жерге ат басын тіреді. 1992 жылдың 27 тамызында шетелдерде тұрып жатқан қандас бауырларымызды Отанға оралту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы шықты 1992 жылы Дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Елімізде осындай 5 рет басқосу өткізілсе, ең соңғы құрылтай жаңа елорда төрінде өтті. Әлемде өз қандастарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыда көмек қолдау жасап жатқан дүние жүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан. Біз елге ел, басқа бас қосып, Қазақстан халқының саны мен саласын арттыру арқылы ұлттық демографиялық саясаттың ең маңызды бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Осынау жылдарда елімізге миллионға жуық бауырымыз оралды. Көш әлі жалғасуда.
Қазіргі кезде өзге елде өмір сүріп жатқан қазақтардың жалпы саны ұлтымыздың үштен бірін құрайды. Олар әлемнің 40-тан астам елінде өмір сүріп жатыр. Олар қай жерде ғұмыр кешсе де қазақтың мәртебесіне тілеулес, мерейіне ортақ, жеңісіне қуанады. Өйткені әлемдегі бар қазақ – бір қазақ.
Біздің еліміз – Ұлы Дала елі. Мәңгілік ел. Біздің осы қасиетті атауды санамызда берік ұстап, бірлігін бекемдеу – ортақ парызымыз. Бұл – Ұлы Дала ұрпағының ұлағатты борышы.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

10 шілде 2019 ж. 1 339 0