» » ҚЫМБАТ КЕШТЕРДЕН БАС ТАРТАЙЫҚ!

ҚЫМБАТ КЕШТЕРДЕН БАС ТАРТАЙЫҚ!

«Жаңақорған тынысының» №37 (8255) нөмірінде аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовтың «Нағыз бәсеке – білімде» атты мақаласы жарық көрді. Бір деммен оқып шықтым. Ауданның бас ұстазы орынды мәселе көтерген екен. Яғни, мектеп бітіруші түлектердің қымбат қоштасу кештеріне байланысты пікірін білдіріп:

– Адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету кез келген мемлекет дамуының маңызды бағыттарының бірінен саналады. Бұл түсінікті де. Себебі, адам қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз еткен мемлекет өсіп-өркендей алады. Ал, ұзыннан-ұзын қымбат көліктер шеруі кезіңде және кофе-мейрамханаларда өткен қоштасу кешінде қауіпсіздікке ешкім де жауап бере алмайтыны анық. Егер он немесе жиырма жылдық аясында кездесу өтсе, ол басқа әңгіме. ...әр отбасының әлеуметтік деңгейі әртүрлі. Бірінің жағдайы бар. Енді бірі аста-төк ысырапшылдыққа бей-жай қарай алмайды. Ал, бәсекеге айналған қоштасу кештері отбасылық бюджетке салмақ салатыны айтпаса да түсінікті, – депті.
Расында, бар-жоғы үкі-үш сағатқа созылатын қоштасу кештеріне қомақты қаржы жұмсалады. Оны үнемдеп, мектепте өткізген абзал. Бұрың да солай өтуші еді ғой! Сол балалардың кем болып қалғанын көрген жоқпыз. Қайта үнемделген ақшасына оқуына қажетті заттарды алғаны дұрыс секілді.
Бұл мәселе кез-келген ата-ананы толғандырып отырғаны шындық. Сондықтан даңғыра бәсекені доғарайық. Одан да жастардың сапалы білім алғанына мән берейік.
Болат Ибрагимов қоштасу кештерін өткізу формасын оқушының жетістігін дәріптеуге негіздеуді ұсыныпты. Өте орынды. Әр оқушының өмірде жеткен жетістігі болады. Бірі интеллектуалды додаларда, бірі спорттық сайыстардан биіктен көрінеді. Ал, енді бірі мектеп өміріне белсенді араласады. Жалпы, барлық оқушының қасиетіне, қабілетіне қарай дәріптеудің ретін табуға болады. Жетістікке жеткен оқушыларды насихаттау арқылы мәртебесін арттырасыз. Ал, ондай жастар өз-өзіне сенімді келеді.
Сондықтан, ата-аналар мен мектеп түлектері бұған түсіністікпен қарайды деген ойдамын.

Жәмила КАУШІМҚЫЗЫ,
Төменарық ауылдық округі
әйелдер кеңесінің төрайымы,
еңбек ардагері.
21 мамыр 2019 ж. 914 0