№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ТӘҢІРДІҢ ТАРТУЫ

  Бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің ақ таңының атқанына 27 жыл толды. Осы уақыт аралағанда мемлекет елдіктің туын көкке көтеріп, өз шекарасын нақтылады. Ел еңсесі асқақатап, әлемдегі дамыған елу елге енді. Ендігі меже – озық отыз мемлекеттің қатарына кіріп, әлемнің алпауыт елдерімен терезені теңестіру. Мақсатқа жету үшін Сыр өңірі де экономикалық даму жолында алға қарай нық қадам басып, Жаңақорған ауданынының әлеуеті артты. Осы орайда, Тәуелсіздік тұғырын асқақтатып, ел мерейін үстемдейтін мереке аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде «Мәңгілік елдің тұғыры – Тәуелсіздік» тақырыбымен өрбіді.

  Салтанатты шара әр жүректе Отанға деген сүйіспеншілік алауын тұтатып, мемлекеттік Әнұранмен басталды. Залда жиылған қалың қөрерменнің қаз-қалпында қасқайып тұрып, тебірене Әнұранды орындауы әр қазақтың өз елінің нағыз патриоты екенін көрсетті.
Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков сөз алып, Тәуелсіздік жылдары елдің жеткен жетістіктеріне тоқталды. Жаңақорғандықтардың да бағындырған белестерін тілге тиек етті. Елдіктің еңсесі – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін айтып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
  – Тәуелсіздік – Мемлекеттің мерейі асқақ мерекесі, барша Қазақстан халқының айрықша ардақты күні. Бүгінде біз Елбасы саясатының арқасында экономикасы қарқынды өскен, дәулетті елге айналдық. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Қазақстан-2030» даму стратегиясы межеден ерте орындалып, дамыған 50 мемлекеттің қатарына ендік. Татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының бейбіт өмірі дүниежүзінде үлгі болып келеді. Осы тұста, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында аянбай қызмет етіп жүрген тұрғындарға алғыс білдіремін, – деді Адай Елеусізұлы.
  Мерейлі мереке әрі қарай ауданның әлеуметтік және экономикалық саласында қызмет жасап жүрген жетістік иелерін марапат тұғырына көтерумен жалғасты. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісімен қоғамдық кеңес мүшесі, денсаулық сақтау саласының ардагері Қуандық Қарақожаев, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Су шаруашылығы мекемесінің ардагері Әбсұлтан Өтенбайұлы, аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» ауданның бас имамы Сайдулла Сүннеттуллаұлы, Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының төс белгісімен Найла Шарапқызы марапатталды. Ал, Болат Жұмашбекұлы, Анар Жүсіпқызы, Мұхит Мырзашұлы мен Сәбит Әлмаханұлы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының Алғыс хатын алды. Сонымен қоса, ауданның алға жылжу жолында еңбек етіп жүрген бір топ жаңақорғандыққа аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Салтанатты кеш концерттік бағдарла­мамен ұласып, Нұрбек Жұмахметұлы, Құралай Әлиева мен Кенже Әкімбаева бастаған бір топ әншілер және «Қаратау қазынасы» фольклорлық ансамблі көрерменге әуезді ән сыйлап, көпшілікті ән қанатында қалықтатты. Ал, «Нұргүл» халықтық би ансамблінің тал шыбықтай бұралған қыздары нақышты билерімен көпшілік көзайымына айналды.
  Иә, бейбітшілікті тәу еткен шаңырақтың шырайын азат күннің кіргізері анық. Дегенмен, бүгінгі бақтың басымызға оңайлықпен қонбағаны сіз бен бізге аян. Кешегі ХХ ғасырдың соңғы жылдарында азаттық үшін отқа түсіп, қасық қаны қалғанша ел болашағы жолында қанын төккен боздақтардың ерлігі мәңгілік ел есінде. Демек, сан қазақтың қанымен, мың қазақтың жанымен келген Бейбітшіліктің алауын лаулатып, отын сөндірмей, «Мәңгілік ел» тұғырын биік ұстап, Тәңір тарту еткен Тәуелсіздік үшін жан аямай қызмет ету әр адамға азаматтық парыз.

                                                                                                                                            Айсұлу АЛДАНАЗАР.


18 желтоқсан 2018 ж. 1 083 0