Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бесарық – киелі мекенім

Бесарық – киелі мекенім

Ақын Адырбек Сопыбековтың туған жері – Бесарық туралы мына өлеңі көкейімізде жат­талып қалған.
Маңайға мынау көз салып,


«Ауылың қандай?» – десе анық,
Ауасы – жұпар, суы – бал,
Киелі мекен – Бесарық.
Қаратау жатар мұнартып,
Қарайтын жұрт құмартып.
Ағады таудың өзені,
Бұрымын мың бұралтып.
Туған жерден жоқ асқан,
Мөлдіреп тұрар көк аспан.
Созылып жатқан кең дала,
Бір жағы Сырмен жалғасқан.
Шежіреде тұр бәрі анық,
Ұрпағы кеткен таралып.
Тұрады бәрі солардың,
Ауылдан осы нәр алып.
Сөйлесе бірі сөз алып,
Уәдесі – берік, сөзі – анық.
Тұлғалар шыққан біртуар,
Киелі мекен – Бесарық.
Алыстан келген жол салып,
Жетеді бұған көзі анық.
Асыға күтер қонағын,
Киелі мекен – Бесарық.
Алдыңнан шығып ән салып,
Құшағын жайып қарсы алып.
Оздырады төріне,
Киелі мекен – Бесарық!
Тірегі – төрт түлік малын өсіріп, Сыр бойындағы «Сарқамыс» пен «Көкшеден» бастап, солтүстігіне қарай ескі Сауран қала қамалы мен Сатымсайды көктей өтіп, Қарауыл төбені жамбасқа алып, жусанды жонды белдеулей, «Ақсайды» жоғарылай өрлей отырып, қатпарлы таудың бергі «Алқым» аңғарына кіріп, Сарапан, Бесқұдық т.б. жағалай жайлай, өзенді қуалай бойлай, сонау өркеш-өркеш Қаратаудың кең қолтығынан қоныс тепкен жер жаннаты – Егізқараға дейінгі ортада, негізінен Құрбан Ата, киікші баласының Шегірінен тараған ұрпағы бағзы заманнан тұрақты мекен еткен.
Ол кездері көктем шыға Бесарық өзені бойындағы, бұлақ басындағы баудың көлеңкелі сазды беткейіне жұмыртқадай аппақ киіз үйлерін тігіп тастап, бие байлайтын. Киіз үйдің түндігін ашып, іргесін бүріп, күміс білезікті әжелер тегене толы қымыз сапыратын. Жиегі күмістелген тостағандағы сары қымызды ұрттап қойып, ауыл ақсақалдары бәтуалы әңгіме, шежіре шертетін.
Сонау Төсбұлақтан бастау алған суға қарт Қаратаудың қойнау-қойнауынан қайнап шығып жатқан бұлақ көздері, сай-сайды қуалай келіп, бір арнаға қосылып, еріндері көпіршіп, толқын ата иірім жасап, оңтүстік Сыр бойына қарай тартады. Тағы да жолай, жылтырай аққан бұлақ көздеріне, нөсерлей құйған жаңбыр суы мен қардың еріген қызыл суы қосыла аққанда, кей тұстары өткел бермес өзенге айналып, Сырдарияға құйылып жатқан. Осы өзен суынан бес жерден су шығады. Оны өзеннің екі жағында отырған, Киікші ұрпағы екі, Ноғай ұрпақтары үш арық суын алып, ауыз су, аяқ су ретінде шаруашылықтарына пайдаланған. Сондықтан бұл өңір - Бесарық деп, өзені Бесарық аталады.
Табиғаты бай тау шатқалдарында аңның қабылан-барыс, қоңыр кіші аю (1925 жылдарға дейін болған, Ахмет бақсы айтуы), қасқыр, арқар, түлкі, шошқа т.б. болса, қыран құстардың түр түрі аспанда қалқып ұшып жүретін.
Тұрғын халық мал, егін, бау-бақша егумен шұғылданған. Су диірмендер орнатқан. Мал өнімдерін Түркістан асып, Ташкент пен Бұқараға дейін керуен тартып алып барған. Балаларын өз ауылындағы молдаларға, аяқ жетер жердегі медреселер мен орыс басқыншылығы тұсында жаңадан ашылған Түркістан, Жаңақорған, Бесарықтағы бұратана халықтар үшін ашылған мектептерде оқытқан.
Петроградта 1917 жылы 25 қазанда (7 қарашада) патша тақтан құлатылса, 30 қазан (12 қарашада) 5 күннен соң Перовскіде (Қызылорда) Кеңес үкіметі орнады. Өзге жерлермен қатар Жаңақорған болысында да Кеңес өкіметі бейбіт жолмен орнады. Осы кезде Жаңақорғанмен бірге аудан аумағында 32 ауылды біріктірген Ақарық, Өзгент, Сауран және Приречная болыстары кеңестендірілді.
Әр халық бас бостандығын алады, теңдік болады, жер шаруаларға беріледі деген сияқты қызыл сөзге сенген халық қызыл империяның шекпеніне оралғанын да білмей қалды. Мұны қадам басып, жыл өткен сайын өмірдің өзі көрсетіп жатты.
Азамат соғысынан кейінгі 1922-23 жылдары ашаршылыққа ұшыраған қазақ ауылының мал басы кеміп кеткен-ді. 1928 жылы ауданның құрылуы, байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу (тәркілеу) және ұжымдастыру (колхоздастыру) жұмыстары қатар іске асты. Бай малын кедейлерге бөліп беру, бай болған адамдар мен қожа-молдаларды қудалау басталды. Халық түн жамылып, басы ауған жаққа көше бастады. Қызыл сөзге сенген елден шыққан белсенділер мен қызыл большевиктер асыра сілтеуінің салдарынан қолдан жасалған ашаршылық зұлматы, халықты күйзелтіп, ел-жұртты тоздырып жіберді.
Қылышынан қан тамған империяның құлап, егемендіктің орнауы қазақтың тарихта кеткен есесін түгендесе соның ішінде Бесарықтың басына бағы қайта қонып, жауһарларымен қайта қауышуда.
Ел тағдыры – қоғам тағдыры, қоғам тағдыры – адам тағдыры. Бірін-бірі жетілдіріп, бірін-бірі қалыптастырып, тұлымды тұтастыққа жетуі тегеуріні мықты, іргесі мызғымас тиянақты тағдырға алып келеді. Егемен еліміздің бүгінгі еркін тағдырына жетуі мен жаңа дәуірге қадам басуы оңайлықпен жүзеге асып жатқан жоқ. Оған қуатты күш, шуақты іс керек.
Қандай бір қиындық болмасын, қандай бір игілік болмасын – соның бәріне төзетін де, соның бәрін жасайтын да адам. «Ауылын азаматына қарап таны» дейді дана халқымыз. Ел пайымды ерімен, еңбеккер азаматымен өсіп, өркендейді. Қайратты тұлғаларымен тұғырға көтеріледі.

Қалаш БАСҚОЖАЕВ,
медицина саласының ардагері
25 маусым 2019 ж. 854 0