Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СЫР СҮЛЕЙІ АТАНҒАН ТҰРМАҒАМБЕТ

СЫР СҮЛЕЙІ АТАНҒАН ТҰРМАҒАМБЕТ

«Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан үзінді.


Қазақ халқының ұлт болып қалып­тасуында айрықша рөл атқаратын бай тарихы бар Ұлы Дала елінің бір пұшпағы саналатын Сыр өңірі ұлт мәдениетінің ұлы көшін жасаған өлке. Иә, «Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұра­ның көмбесі Қызылорда жайлы Елба­сының берген бағасы. Расында, осы өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, сал-серілер шығармашылығы әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс, өзіндік сипаты басым өнер ретінде айрықша назар аударады. Біз бүгін Сыр сүлейі атанған Тұрмағамбет Ізтілеуов жайлы қалам тербемекпіз.
Әрине, көпшіліктің білетіні, Тұрма­ғамбет Ізтілеуовтің 1936 жылы Әбіл­қасым Фирдоусидің 40 мың жолдық «Шаһнамасын» парсыдан қазақ тіліне еркін аударма жасаған ерлігі.
Ал, енді осындай дәрежеге 1882 жылы Қызылорда облысы, Қармақ­шы ауданы, Ленин атындағы кең­шарда дүниеге келген қарапайым қазақ баласы қалай жетті? Қай оқу орнын бітірді? осындай орынды сұрақ туындайды.
Тарихқа көз жүгіртсек, бала Тұр­мағамбет алғаш Алдашбай ахуннан оқып, сауатын ашқан. Бұқара қаласында әуелі «Мир араб», кейін «Көкелташ» медресесінде оқыған. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген. 14 жасында «Қара қоңыз» тұңғыш мысал өлеңін, 18 жасында «Мәрді дихан» атты алғаш дастанын шығарған. Нәзиралық дәстүрмен шығыс­тық сюжеттерді негізге алып, «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану»,тағы басқа да оннан астам дастан жазған. Оған қоса, «Көкелташ» медресесінде тәжіктің классик жазушысы Садриддин Айнимен достасып, студенттер арасында қабырға газетін шығарып тұрған.
Өзі медреседе оқып жүріп, Қарақал­пақ елінде бала оқытқан. Осы тұста «Шәкірттеріме», «Ұстаз ұсынысы», «Шөл­мек» атты өлеңдерін жазған. 1905-1925 жылдары ауыл мектебінде мұғалім, 1936-1937 жылы Қазақстан Халық ағарту ко­мис­сариатында ғылыми қызметкер болған. Яғни, күні кешеге дейін Кеңес дәуі­рінің кезінде «дін-апиын, ол адамды құрдымға тартатын догма» деген пікірдің шындық болмағанын дәлелдеген екен. Әйтпесе, діни білімімен Қазақстан Халық ағарту комиссариатында ғылыми қыз­меткер бола ала ма? Онда отырып, ғылымға нендей үлес қосты деген сұраққа аяңдап көрелік.
Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығарма­ларының негізгі тақырыбы – білім-ғылым туралы болған екен. «Балаларыма», «Ақыл – тон, аңдағанға тозбайтұғын», Ұлдарыма», «Абайды оқығанда» деген өлеңдерінде ұлт санасын сәулелендіруге күш салады. Адамдық пен ізгілікті «Адамдық іс», «Жақсы мен жаман», «Қабанға қарсы ұмтылма, ер дегенге», «Толымды жігіт» өлеңдеріне арқау етеді.
Оның сатиралық «Құрбанғалиға», «Бар» мен «Жоқ», «Ал» мен «Бер», «Бірге туған», «Құлжан биге» өлеңдері де бар. Ақынның сөз өнерінің өміршеңдігін өнеге еткен өлеңдеріне «Назым», «Сөз берсем «жөндеймін» деп бұзасыңдар», «Әр елдің бар бұлбұлы», «Жоқ деме маза өлеңде», «Жырыңды жаз жөрмелеп», тағы басқалары жатады. Сондай-ақ, «Атаңның әуелінде белінде едің», «Адам» атты діни-философиялық жырлары мен бұрын баспа бетін көрмеген «Хазіреті Омардың хикаялары», «Пендесін Алла жеткерер», «Бұйрық» өлеңдерінде ол өзінің суреткерлік таланты мен дін ілімінің білгірі, терең психологиялық танымның иесі екендігін танытты.
Жас ақын ғылым-білімді жазып қана қоймай, өзі де оны ел ішіне тара­туға сүбелі үлес қосты. «Көкелташ» медресесін бітіріп, өз еліне оралған соң, Қызылқұм жиегінен пансионды мектеп аша­ды. Бұқарада оқып жүргенде ол араб, парсы, шағатай (өзбек) тілін үйреніп, Бируни философиясын терең игереді. Бірақ Тұрмағамбет Ізтілеуовтың Сырға оралуы бір ғана медресе ашуда емес, Сыр елінде шағатаизм-түркизм стилімен ұштасқан қазақтың жазба әдебиетінің тууымен байланысты болды.
Тұрмағамбет поэзиясында халық­тық мазмұн терең болып келеді. Оның қадірін білем десеңіз халық ортасына барыңыз. Жыр жампозы Тұрмағамбет Ізтілеуов артына тәлім - тәрбие, өнеге, өсиеттік мәні бар ақыл - нақылдар жазып қалдырды. Ақынның шығармалары да бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінде тәлімдік мәнге ие болып, халықтың игілігіне айналды. Ол адамдардың ізгі мұратына үлгі - өнеге ретінде қызмет етеді.
Сыр бойы ежелден – ақ от ауыз, орақ тілді шешендер мен көсем қарияларға, жез таңдай әншілер мен айдарынан жел ескен ақын - шайырларға, жыршы-жырауларға, сал - серілерге кенде болмаған. Өзгеден ойы асқақ, ақыл парасаты мол перзенттерін халық сүйсінгендіктен «Сүлей» деп атайды. Солардың бірі, әрі бірегейі, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне айрықша үлес қосқан, суырып салма ақындығымен, ерекше талантымен елге танылып, «Сыр сүлейі» атанған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өмірі де шығармасы да ғибрат аларлық мәнді.
Ендеше, бір ғасыр бұрын айтылған Тұрмағамбеттің әрбір қорғасындай қара сөзінің қадірі қазіргі күні сары алтындай салмақтана түсуде. Сүлейдің сырын саналы ұрпақ бұрынғыдан да байыппен аңдап, шынайы ақыл-кеңесіне тереңдете ден қоюда.

Ескендір ЕРТАЙ.
22 маусым 2019 ж. 795 0