№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Әлем таныған ғұлама» Республикалық ғылыми конференция осы тақырыпта өтті

«Әлем таныған ғұлама» Республикалық ғылыми конференция осы тақырыпта өтті

Бүгінгі ұйымдастырылып отырған жиын Қазақстан, Орта Азия ғана емес, жалпы мұсылман жұртшылығы үшін аса құнды, ұлағатты басқосу болмақ. Хуссамеддин бабаны толық зерттеп білуіміз бізді қаншама тура бағытқа салып отыратынының өзі баға жетпес қазына. Конференцияда ең алғаш сөз алған осы жиынға арнайы келген «Нұр-Мүбәрәк» Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Абдулхаким-Мухаммад-аш-Шаххат Әл Жиндид жиынға осындай баға берді.


Мысыр сынды ғұламалар отанында жүрсек те Хусамеддин-әс-Сығанақидың соңы­на тастап кеткен еңбектерін, әсіресе фихқ-құқық мәселесін мейлінше тереңдеп талдап түсіндіретін құнды еңбектерін іздеп жүріп оқуға, зерттеуге мәжбүрміз.
Ислам ғылымының діңгегі болып есеп­телетін үлкен бір пән бар. Оны меңгермеген ғұлама мынау адал, мынау арам деп үкім айта алмайды. Хуссамеддин бабамыз осы тармаққа байланысты нақты ұғым қалыптастырған тұлға. Оның бұл еңбектері өзінің ұрпақтарына ғана емес, барша мұсылман үмбеттеріне арналған аманат. Енді бізге осы мұраны келешек ұрпаққа жеткізу –асыл мұрат. Ол кісінің зерттеу еңбектерінің ерекшелігі, ақылға қонымды, тілі жеңіл оқылады.
Көп ғалымдар өз еңбектерінде нақты қағидалар жөнінде өзгермейтін ұстанымда болса, бабаның ерекшелігі біржақтылыққа бармайды, «Алладан басқа иллаһ жоқ» деп сенген мұсылманды түрлі кемшіліктеріне қарай кәпір деп есептеуге қарсы, ислам шеңберінде тануға тырысады. Аса қатты фанатизмге де қарсы. Ол кісі өте терең ақыл иесі, дүниетанымы кең, көзі ашық азамат болған. Ол кісі еңбектерінде адамның ішкі дүниесіне қатты мән берген. Сопылық ілі­міне қатысты да көп мәлімет тастап кетті. Адам баласы жинаған білімі ақылы, рухани байлығымен ғана емес, сыртқы ахлағымен де исламның көрнісін танытып тұруы тиіс деп санаған.
Хусамеддин-Әс-Сығанақи еңбек­те­рінде экстремизмге қарсы қағидалар жөнінде көп айтылған. Бүгінгідей, экстремизм мен терроризм мәселесі ширығып тұрған кезде ол кісінің бұл еңбектерінің маңызы зор. Біздің Алматы қаласындағы Египет-Ислам мәдениеті университеті дәріскерлері осы еңбектерге көбірек сүйенеміз. Оқу барысында магистранттарға, докторлық еңбегін қорғау­шыларға осы тақырыптарды тереңдеп зерттеу тапсырылады.
Бүгінгі Сыр еліне ғылыми, мәдени, тарихи сапарымызды пайдалана отырып, аймақ халқына мынадай базынамды жеткізгім келеді:
Не себепті осынау ұлы тұлғаның шыққан топырағында оның есімі берілген діни оқу орындары, тағы басқалар жоқ? Неге көзі жанып тұрған ілім-білімге құштар жастар ұйымы осы бабаларының атында бірлестікте бас қосып, болашаққа ұлағатты жоспар түзіп, ізгі мұраттарға бағыт ұстанбайды?
Біздің Нұр-Мүбәрәк университеті жа­ны­нан жаңадан ғимарат салынуда. Біз осы ғимараттағы көрермендер залына Хусса­меддин бабаның есімін бергелі отырмыз. Бұл шаралар осындай ұлық есімді ұмытпау, жастар санасында жаңғырту бағытындағы жауапкерішіліктен туындап отыр, – деп сөзін түйіндеді.
Мұнан соң жиын модераторы аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков орта ғасырларда өмір сүрген өнеге иесінің қаншама құнды еңбектерінің Отанынан тыс жерде, шетел кітапханаларында көміліп жатқанын, осы қолжазбаларды көмбе арасынан аршып, туған халықпен қауыштыруға қажырлы еңбек етіп жүрген арабист ғалым Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Қазақ даласының жұлдыздары» атты еңбегіне тоқталып өтті.
Осы орайда Хуссамеддин бабаның еңбектерінің лингвистикалық негіздерін зерттеп жүрген Нұр-Мүбәрәк Ислам мәде­ниеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаевқа сөз кезегін берді.
– Мысыр елінде, – деді ол, – мыңжылдық тарихы бар Әл-Әзхар университетінің док­торы, профессор, қазірде ТМД елдерінің ішінде бірегей жоғары діни оқу орны – Нұр Мүбәрәк университетінің ректоры Абдулхаким – Мұхаммад мырза атап өткендей, Хусамеддин бабаны тану – рулық немесе қазақ қоғамына ғана тән міндеттілік емес, бұл әлемдік деңгейде қолға алынуы тиіс қасиетті парыз Ислам өркениетіне үлес қосқан ғалымдар көп. Бірақ, соның көбі бізге жетпеді. Неге? Еңбектің жетуі – сол ғалымның шынайы ықыласына байланысты. Ислам тарихына еңбек еткендерден шынайы жазылғандары ғана мәңгілік қалады екен.
Хуссамеддин бабаның соңында 7 еңбегі қалды. Оның ішінде, әрқайсысы 500-600 беттік екі еңбегін араб ғалымдары толығымен зерттеді. Мұнда қамтылған мұсылмандық құқық (исламдағы юриспруденция) діни мәтін, құқықтық үкім шығарудың әдіс-тәсілдерін атады. Шариғат талаптары, Құранға, Хадис­ке негізделді. Міне, осы орайда діни мәтінді дұрыс түсіне білмеудің салдарынан көп түйіткіл туындайды. Салдарынан шектен шығу көріністері, басқа ағымдардың пайда болуы етек алады. Хусаммеддиннің 8 томдығы осындай діни мәселелерді шешуде шынайы көмек. Бұл еңбектері оны энциклопедист-ғалым ретінде танытты. Ол сонымен бірге фиһх – құқық іліміне, араб лингвистикасына түсіндірме жасады. Араб тілінің грамматикасы, морфологиясына қатысты кітаптар жазды. Оның Исламның негіздері атты философиялық еңбегі қазір аударылып жатыр, таяу уақытта жарық көреді.
Мұнан кейін сөз алған Алматы Әбу-Ханифа ғылыми зерттеу орталығының директоры филология ғылымдарының докторы профессор Шамшәддин Керім Хуссамеддин – әс – Сығанақидың айналымдағы мұраларына тоқталды.Қолжазбалары әлем кітапханаларының барлығында кездеседі. Египет кітапханасындағы қолжазбаларын бұдан көп бұрын елшілік арқылы ұлттық кітапханаға алдырған едік. Ол кезде қазіргідей техникалық жетістік жоқ, бума-бума қағаз айналымға енбеді. Сол кездері біздің университет ғалымдары Сығанақи еңбектерін сала-салаға жіктеп, бірі ахида саласы бойынша, бірі - фикх, бірі - лингвистика саласы бойынша зерттеу жүргізді. Сөйтіп Хуссамеддин баба еңбектері бойынша ғалымдар Ұлттық кітапханада алғаш рет ғылыми конференция өткізді. Онда Сәйден Жолдасбаев Сығанақ қаласына археологиялық қазба жұмысы бойынша баяндама жасады.
Баба еңбектері Египетте, Мысырда, Сирияда, әсіресе Түркияда көп сақталған. Араб ғалымдары жарты ғасырдан бері ғұлама еңбектерін айналымға енгізіп, зерттеу жүргізуде. Оның еңбектерінің көбі – көшірмелер. Ол өзі бірде Бұқарада, бірде Бағдатта көшіп жүріп шәкірт тәрбиелеген, еңбектерін жазған. Оның өз қолымен жазылған шығармалары Дамаск кітапханасында болған екен. Оны араб ғалымы Пахриддин Сайд Мұхаммед деген кісі тапқан. Хуссамадин Сығанақиды әлемге танытқан кітабы "Нихая". Екі кітаптан тұратын бұл еңбегін Ташкент кітапханасынан тауып, айналымға ендірдік.
Қазақстанда бұл ғалым шариғат ғылымы жөнінде бірінші орында тұрған ғалым. Араб ғалымдары мойындаған аса ірі тұлға елімізде исламтану жөнінен бірінші орында тұрған ғалым деп орынды мақтан етеміз.
Келесі кезекте КМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Әбу Болатбек қажы Әбуов сөз алып, оны басқосуға сәттілік тілеп, елімізге Ислам егемендіктен соң ғана келді деп санайтын сыңаржақ көзқарасқа соққы беретін нақты ғылыми дәлел - қазақ топырағынан шыққан бірегей ғалым Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған, оны халыққа насихаттаған ұлы ұстаз – Хуссамеддин меддин бабамыз жөнінде тың мағлұмат берген алыс-жақын елдерден келген делегацияға шын көңілден ризашылығын жеткізді. Мұнан әрі Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, журналист Ержан Уайыс сөз алып, ұлы ғұлама дүниеге келген Сығанақтың тарихын тарқата баяндады. Осы жиынға арнайы келген ұлт қайраткері, академик Бірлес Алияров бүгінгі игі шараның баянды жалғасын табуына тілектестігін жеткізсе, ақын, ауданның "Құрметті азаматы" Файзулла Сахиев арнауын оқыды.
Конференцияға қатысушы ғалымдарға туған жерден естелік ретінде сый-сияпат тарту етілді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

21 мамыр 2019 ж. 1 069 0