№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СӨЗДІҢ СУ ТӨГІЛМЕС ЖОРҒАСЫ ЕДІ: АЙДАРХАН БИБАСАРҰЛЫ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

СӨЗДІҢ СУ ТӨГІЛМЕС ЖОРҒАСЫ ЕДІ: АЙДАРХАН БИБАСАРҰЛЫ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК


Бүкіл ғұмырында қолынан қаламы түспеген, сонысынан өзгеше рахат тапқан, жерлестерінің ойында «шежіре адам» атанып кеткен, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, ауданның «Құрметті азаматы» қарымды қаламгер Айдархан Бибасаровтың болмыс- бітімі, адами қасиеті, өзгеден ерек бір жұмбақ дүние болатын. Өзіне тән жұмсақ мінезі, жұмысқа деген қатаң талабы мен жауапкершілігі, досқа адалдығы, қоғамдық өзгерістерге деген көзқарасы, пайым-парасаты талайларға үлгі-өнеге еді. Бүгінде «шежіре қарттың» өмірден озғанына да жыл толып қалыпты. Кезінде тәрбиесін көріп, бірге қызмет етіп, ағадай сырлас-пікірлес болған Айдекеңнің өміріндегі ойда жүрген бірді-екілі естеліктері м­ді көппен бөліссем артық болмас деген ойдамын.


Сонымен Айдекеңмен алғаш танысып- білісуім ауданның Шиеліден бөлінуімен тіке­лей байланысты еді. 1966 жылы ақпан айында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Жаңақорған ауданы Шиеліден бөлініп өз алдына шаңырақ көтерді. Ауданның келуі аудандық газетті бірге алып келді. Газетке облысқа танымал, қаламы жүйрік, сол кездегі облыстық газеттің редакторы Ұзақ Бағаевтың «Мырқым бір төбе, қырқың бір төбе» – дейтініндей фельетоншы Мырқы Исаевты редактор етіп отырғызды. Осы жылы онбір жылдықты бітірісімен газетте корректор болып қабылдандым. Содан «Коммунизм жолы» газетіндегі еңбек жолым осылай басталып кетті. Мектеп қабырғасынан енді шыққан балаға әрине алғаш жұмбақ істердің қиындықтары да болмай қалған жоқ. Міне сол кезде Айдархандай кәнігі, қаламы төселген, сақа журналистердің ақылына, қамқорлығына көп сүйенген едім. Бұл кезде редакцияда Әбділда Жаңабеков, Жақсылық Рахматуллаев, Қалжан Исмаилов, Үмітай Өміртаева, Төлеуғали Отарбаев секілді жас қаламгерлермен қатар еңбек етуге тура келді.
Айдекең болса, газеттің жауапты хат­шы­сы. Аптасына үш рет шығатын «Ком­ммунизм жолының» макетінен бастап баспаханада беттеліп, басуға қол қойыл­ғанға дейінгі жұмыстар хатшының мойнын­да болатын. Негізгі газеттің қазаны қай­найтын ортасы осы Айдекеңнің қолында. Күнделікті жоспарлау, макетке жүйесімен орналастыру, тақырыпты ұтымды қою, кезекті номерге кететін партияның кезек күтірмес хабарларын күту, оған қоса газет қызметкерлеріне берілген тапсырмалардың уақтылы, әрі сапалы орындалуын бақылап, талап ету осы хатшының құзырында. Қым-қуыт шаруаларға қоса аптаның басында өткізілетін газеттің жедел жиынында материалдарға шолу жасап, жетістіктермен кемшіліктері жан-жақты талқыланады. Не мәселеге назар аударып, қандай тақырып қамтылмай жүргеніне журналистердің назарын аударады. Ұжымның ішкі тәртібіне, газет қызметкерлерінің газет жанындағы «Сыр перзенті» әдеби бірлестігінің жұмысын үйлестіру секілді шараларға да үлкен мән беріп, ортақ істерге өзі де тікелей атсалысатын.
Айдекеңнің бойындағы ең тамаша қасиеттердің бірі-қияс қарап кісі баласына қиянат жасамайтындығы. Барынша кешірімді, қамқоршы еді. Жұмысын сүйетіні сондай, біздерге үнемі «Қаламның киесін сақтаңдар өтірік жазып, түймедейді түйедей етпеңдер»-дейтін. Әсіресе «журналист өтірік айтса жұрт күледі, ауыз өтірік айтса мұрт күледі» деген мақалды жиі айтатын. Сондағысы біздерге өтіріктен, жалақорлықтан, кісіге жасар қиянаттан қашық болыңдар дегені екен.Бұл да болса ағаның бойындағы адамдық, азаматтық қасиетінің биіктігінің белгісіндей еді. Айдекеңнің өмір жолы сол дәуірдегі идеологиямен тікелей байланысты. Аудандық партия комитетінде парткабинет меңгерушісі, газет редакторы болған жылдарында бюро мүшесі, аудандық Кеңестің депутаты ретінде талай тіршіліктердің басында болып, сайлаушылар аманатын орындауға атсалысты. Ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бір кісідей қызмет етті. Газетке жауапты хатшы, редактор болған жылдарында Жұмабай Әбілов, Пахмадин Айнахожаев, Құдайберген Ертасов, Оразалы Мұсабеков, Мағираш Тұрсынова, Оңалбай Садықов, Баян Үсейінова секілді жас журналистерге ағалық «Ақыл-кеңесін айтып, олардың өсіп-толысуына, шеберлігінің шыңдалуына жағдай жасады. Міне Айдекеңнің тәлімгер тәрбиелеудегі үлгісі осындай болатын.
Айдекеңнің тағы бір қасиеті жадында сақтай білуі. Содан болар көзі тірісінде «шежіре адам» атануы. Әңгімешіл, тыңдаушыны ешқашан жалықтырған емес. Тереңнен қозғап, өткен тарихтан сөз еткенде жорғадай желетіні бар. Сөзін мақал-мәтелмен, билердің ұрымтал сөздерімен қиюын қиыстырып әңгімелегенде аузың ашылады. Құдайдын құдыреті дерсің қазақ шежіресін талдағанда алдына жан салмайтын. Соның жемісі болар 1995 жылы «Қожамберді батыр және оның ұрпақтары» атты кітабышықты. Онда жазушы ХVI ғасырда елін, жерін басқыншы жаулардан қорғаған айтулы батыр, Сығанақ шаһарының ханы Ақназардың қолбастар батыры Қожамбердінің ерлігі, батырлығы жайында тебірене сөз етеді. Айдекеңнің қаламынан туған әңгіме, хикаяттарында туған топырақта өмір сүрген үлкенді-кішілі белгілі тұлғалар мен азаматтар жайында сыр толғайды.
Олардың қатарында Еңбек ерлері Орынбай Бидашов, Шоманбай Абжалов, Арап­бек Әбиев, Шәуленбек Дүйсебеков, Тойлыбек Бейсенбаев, Төребай Жолшы­бекұлы, Арыстанбек Асылбеков жай­лы жазылған деректі хиқаяттары дәлел. Айдекең жазушы, журналист ретінде туған елдің ерлері жөнінде кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болар өшпес мұралар қалдырған белгілі қаламгер.
Өмірінің соңында «Ащы да болса ашығы жақсы» деген тақырыппен аудандық газеттің бұрынғы редакторы Алмас Бегжігітовке «Жаңақорған тынысы» арқылы жазысқан хаттарында да қалың оқырмандарға үлкен ой салар өзекті мәселелерді қозғап, аудан жұртшылығына керемет ой тастады. Есейген шақтағы қоғамдағы өзгерістерге, бүгінгі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа, бос көпіру мен асыра мадақтың ұзаққа апармайтынына, мұндайға елдің қалай қарайтынына сұрау салып, одан құтылудың жолдарына жол сілтейді: «Ағадан ақыл» деген осы.
Жасыратыны жоқ, Айдарханның жазудағы тынысы зейнет демалысынан кейін ашыла түскен еді. Ондаған көркем шығармалардың авторы атанды. Тарихи деректі повесть пен хиқаят, әңгімелердің талайын оқушыға ұсынды. Осы арқылы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанды. Яғни Қазақстанға белгілі қаламгерлердің сапына қосылды. Елдің қайнаған тыныс- тіршілігін сипаттайтын, азаматтардың бірлігі мен еңбектегі ерлігін әңгімелеп, сонысымен адамдық болмыстың биіктігін көрсететін көркем дүниелердің иесі де өзі еді. Айдекеңнің қара сөздің емес, өлең өлкесінде де өзіндік стиль, қолтанбасы бар екенін көптің бірі білсе, бірі біле бермейді. Оның мысалы термеші, айтыскер ақын Есіркеп Қонқабаевпен болған жазбаша айтысы. Кеңестік дәуірдің кезінде шопандар тойы қарсаңында аудандық газет бетінде ақындардың жазба айтысы ұйымдастырылатын. Онда мал шаруашылығымен айналысатын совхоздардың ақындары газет бетінде өзара сөз қағыстыратын. Сондай бір айтысында Айдархан ағамыз Есіркеп ақынға былай деп жауап берген екен:
Мақтансам маған әбден жарасады,
Оған кім биылғы жыл таласады.
Сәулебек, Асқар, Дәулет, Орынбайлар,
Келер жылғы асудан тағы асады.
Радио үйінде ән салып тұр,
Қарайсың еңбегіне тамсанып бір.
Телевизор көрсетіп тау басынан,
Өзіңді жаңалықпен қарсы алып тұр, – десе, енді бірде қарсыласының кемшілігін бетіне айтып:
«Жайылманың» шөп болмай табанында,
Есаға құрып жүр-ау амалың да,
Су жоқтан бидайды мал жеп жатыр.
Бұл жағынан бар шығар хабарың да,
Табиғатқа табыну бейшаралық,
Қазіргі космостың заманында – деп бір түйрейді. Бұл да Айдекеңнің көп біле бер­мейтін шығармашылығының бір қыры еді.
Иә, жазушы-журналист, редактор Айдар­хан жайлы айтар әңгіме, жазар естеліктер аз емес. Десек те өмірден озған арлы-аза­мат жайлы жылдығында еске алып, жақсылығын айтқанның артықтығы бола қоймас. Өйткені тірінің міндеті – өнегесі мен өсиеті көп қаламгердің туындыларының мәңгілік екендігін ұмытпау. Олай болса, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, кезінде ауданның «Құрметті азаматы» атанған Айдархан ағамыздың есімін ұлықтап аудан орталығынан бір көшеге атын берсе, қаламгерге жасалған құрметтің үлкені дер едік.

Файзулла Сахиев,
Халықаралық Жазушылар
Одағының мүшесі,
ауданның «Құрметті азаматы».

01 мамыр 2019 ж. 1 456 0