№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қадірі бөлек қаламгер

Қадірі бөлек қаламгер



Қарт Қаратау мен сұлу Сырдың бойын алып жатқан Жаңақорған қашаннан қаламы жүйрік қайраткерлер мен асқар таудай абзал азаматтарымен мақтанатыны анық. Сол қасиетті мекеннің Қосүйеңкі аулында туылып, Сыр жұртшылығына есімі танылған қарымды қаламгер – Файзулла Сахиев. Ол – Халықаралық Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ауданның «Құрметті азаматы». Қазақ поэзиясына ақындық шалқар шабытпен қоса, журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгермен «Сыр сұхбат» алаңында тілдестік.

– Аға, әңгіменің әлқиссасын өміріңіздегі ең үлкен жетістігіңізден бастасақ...
– Бар байлығым – кітабым. Жетпіс жылдық ғұмырымда жеткен жетістігім де, жиған-терген дүнием де осы. Бүгінгі таңға дейін 16 еңбегім оқырманға жол тартты. Оның ішінде; «Жыр бесік», «Тоғыз перне», «Жүректегі жауһарлар» атты жыр жинақтары мен «Күлеміз бе, қайтеміз?» сын-сықақ кітабы, «Сырдағы елім-сыр маған», «Келешегі кемел аудан», «Қосүйеңкінің қос бәйтерегі», «Арман жалғасы», «Өмір-өзен», «Көңіл көзімен», «Айтыстың ақтаңгері», «Жырлайды жүрек», «Аузымда өлең деген алмасым бар» сынды рухани қазыналарым бар. Соңғысы өткен жылы 70 жылдық мерейтойымда «Арна» баспасынан жарық көрген «Сыр толқыны» атты кітабым.
– «Алпыс жаста тай жеген бөрідеймін, жетпіс жаста илеген терідеймін», – деген екен Шал ақын. Өткен жылы жетпіс жасқа толған мерейтойыңыз аудандық деңгейде ұлықталды. Жалпы, жетпіске жеткенде өмірден не түйдіңіз, өскелең ұрпаққа айтар өнегеңіз қандай?
– Өткен жылға өкпем жоқ. Табысты жыл болды. Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің ұйғарымымен 70 жылдық мерейтойым ауданның мәдени-көпшілік іс-шарасына бекітіліп, жоғары деңгейде аталып өтілді. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Өлеңім-өмірім» атты әдеби музыкалық кешіме Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Жазушылар Одағының облыстағы бөлімшесінің директоры, курстасым Бегімбай Ұзақбаев, ақын Әбілхан Әбіласанов, Құлан ақын қорының президенті Марат Көпешов келді. Аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы мен Зинабдин Шермағамбетов, Өмірсерік Тақырбасов бастаған зиялы қауым өкілдері ақжарма лебізін білдіріп, сый-сияпатын жасады. Одан бөлек, аудандық орталық кітапхана мен Қосүйеңкі, Кейден ауылында кездесулер ұйымдастырылып, соңы жас ақындар мүшайрасына жалғасты.
Ал, енді жетпіс жаста не түйдіңіз деген сауалға келсек. Өмір болған соң, ойға алған істің бәрі бола бермейді. Десе де, бүгініме шүкіршілік. Әрине, әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, өмірбаяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, тапқан зейнет, алған асу әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Бұл адами қасиетке қанша ғұмыр кешкенімен жеткен де бар, жетпеген де бар. Түйгенім, артымда қалар рухани азығым бар. Азды-көпті ел үшін еңбектеніп, қаламгерлік қабілеттен бөлек, ауданның әлеуметтік-экономикалық саласында қызмет еттік. Елге еткен елеулі еңбекті ескеріп, ауданның «Құрметті азаматы» атандым. Бұл да болса, өмірлік белестің бір жемісі.
– Жасынан сөз өнерін жанына серік еткен қаламгерлердің еңбек жолы аудандық баспасөзден басталып жатады. Ал сіздің тұңғыш туындыңыз қай газетке шықты?
– Табиғат жайлы жазған алғашқы туындым «Қазақстан пионеріне» және «Өскен өңір» аудандық газетінде жарық көрген болатын. Жастайымнан жауһар жыр мен қара сөзге құмар болып, мектепте оқып жүріп-ақ қолыма қалам алып, ақ параққа сырлы сезімдерді ақтарушы едік. Кейіннен арман қуып, Алматыда КазГу-дің журналистика факультетін тәмамдадық. Еңбек жолын аудандық «Коммунизм жолы» газетінде бастадық. Мырқы Исаевтың солдатымыз. Ұзақ Бақаевтың «Мырқым бір төбе, қырқым бір төбе» деп айтатыны бар еді. Марқұм Мырқының журналистік шеберлігін бәрі мойындаушы еді. Өзімде он жыл уақыт аудандық басылым редакторының орынбасары болып, қызмет еттім.
– Білуімше, әкімдікте қызмет жасап жүрген кезіңізде басшылардан теперіш көріп, мазаңызды алған сәтте аудан әкімін сын садағының астына алып, мысал әңгімемен сойып түсіріпсіз...
– Иә, оның рас. Ел аузында біразға дейін айтылып жүрді. Аудан әкімін «Сары шымшықтың сайраны» деген мысал әңгімемен бір түйреп өткенім бар. Әрине, одан өзге бірнеше өлеңмен әкім-қараларды сын садағына іліп, әзіл-шыны аралас әңгіме өлең жазғанмын. Шыны керек, сөз егесін табады ғой кейде өлеңнен өзін тапқан кейіпкерлерім амандаспай, мені көрсе теріс айналып жүрген кездер болды. Бірақ, көп ұазамай бұлай жазуды доғардым. Ауыл болған соң, ағайынгершілік бар дегендей. Әйтсе де, әлі күнге әңгіменің әділін айтқанды жақсы көремін. Жағымпаздыққа жаным қас.
– Аға, бүгінгі көңіл көзіңіз нені байқап жүр? Қоғам өмірінде сізді толғандыратын ең өзекті екі мәселе қайсы?
– Біріншіден. Жасыратыны жоқ қазіргі қоғамда кітап оқитын буынның қатары азайып келеді. Телефонға телміріп, сөздік қоры жұтаңдау күй кешуде. Егер адам өзіне белгілі бір дүниені қажетсінсе, онда ол соған қарай ұмтылады. Құлдырау қай жерде басталады? Құлдырау сол қажеттілікті сезінбегенде басталады. Осы тұрғыдан келгенде, оқырман тарапында кітапқа деген құлшыныс пен қызығушылық аздау болып тұрғаны шындық. Бұрынғының адамдары бір-біріне кітап сыйлайтын. Ал, бүгінде...білмедім.
Екіншіден. Жақында сіздер аудандық басылым бетінде той мәдениетіне қатысты өзекті мәселелерді көтердіңіздер. Яғни, уақытылы басталуы, 24:00-де аяқталуы деген сынды. Сондай-ақ бүгінгі беташардың ахуалын баян еттіңіздер. Міне, мені де толғандыратыны осы. Жас келіннің бетін бір айдан кейін тойханада ашуды қолдамаймын. Жалпы, осы дәстүрге кеңінен тоқталайыншы. Беташар дегеніміз не? Әуелі, жас келінге тәлім-тәрбие беру, өлеңмен өнеге дарытып, ғибрат беру. Екінші, қадам басқан шаңырақтың жақын-жанашыр, туған-туысын таныстыру, ат тергеуге дайындық. Әрі жиендерге ерекше әзіл арнау арқылы келіннің есінде ұмытылмастай қалуға жол ашу. Қысқасы, келін кафеге келін болып түспейді, қарашаңыраққа келін болып түседі. Сондықтан ауыл тойын үйінің ауласында істегені абзал.
– Жетпістегі қария ретінде мынаны айтыңызшы. Қазіргі кезде елге сөзі өтетін аузы дуалы ақсақалдарды сирек кездестіреміз. Сіздің пікіріңізше зиялы қауым өкілдерінің сөзі тұздай салмақты ма?
– Әрине, оқығанның бәрі зиялы емес. Яғни, ғалым бола тұрып, арғы жағы залымдықты көксесе бұл болмайды. Елмен етене араласып, елдік мүдде жолында халықты ауызбіршілікке ұйытатын қасиетімен қастерлі болуы тиіс. Екіншіден тек шағын ортаның сөзін сөйлеп емес, барша алты алаштың бірлігінің бекем болуын ұстаным еткен тұлға – зиялы. Ұлттық зиялылар қатарына тек халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтықсыз қызмет ете алатын ортақ мүдде жолындағы адам ғана кіре алады. Өйткені, зиялы қауым – қоғамның, ұлттың ақыл-ойы, айнасы. Кейде қоғамда өзінің шаңырағындағы шағын мемлекетке ие бола алмай, елге әңгіме айтқысы келетін қариялар болады. Осы тұста, біреуге ақыл айтатын адам, алдымен өзінің мінін білуі тиіс. «Өзін кінәлі санай білген адам, екі адамға ақыл айта алады» деген бұрынғылар. Мәселен, мен білетін, Аманкелді Абдуллаев, Зинабдин Шермағамбетов бастаған ел ағалары нағыз зиялы.
– Соңғы сауал болсын. Немереге бай шығарсыз...
– Құдайға шүкір, Алланың берген 15 немере, 2 шөбере бар. Ұл – қыздарымның барлығы да аяқтанып, бір-бір үй болды. Сан салада қызмет жасауда. Үйдегі Дариха жеңгеңмен солардың тілеуін тілеп отырмыз.
– Рахмет аға, сұхбатыңызға.

Әбдісамат ӘБДІШ.

02 ақпан 2019 ж. 1 689 0