Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Мұзағаңның мерейі


Кейбір жандар күнделікті күйбең тірлігімен күн кешіп, өзінен тыс әлемнің құбылысына назар аудармайды. Тіпті, оның бар жоғы ойына да кіріп-шықпайды. Онсыз да оның дүниесі түгел. Ал енді кейбірі күнделікті бір қалыпты тірлігін тиянақты атқарумен қабат, өзінің өмір-тіршілігінен тыс болып жатқан құбылыс-жағдайларды назардан әсте шығармайды. Керек десеңіз, оның кейбір жағдайларын ақылына салып, ой елегінен өткізіп, сол мәселелерге өзінің араласып кеткенін де сезбей қалады. Онсыз оның жаны да тыншымайды. Міне, сондай «жаны тыншымайтын» азаматтың бірі – Мұзарап Махмұтұлы.
Ақсақалдың өз өлеңінде:
– О, тіршілік! Бірақ сәтте тоқтарыңды білсең сен,
Мүмкін сонда өз сабаңа түсер ме ең?
Алдау, арбау, өз-өзіңе күндестік,
Сол ортада тартысумен бірге өстік.
Ей, адамзат! Алла берген ғұмыр бұл,
Өзің салған, өзің жүрген жолың бұл.
Көріп тұрып, көрмеу деген сұмдық қой,
Біле тұрып, білмеу деген қорлық бұл, – дейтіні де сондықтан.
Мұзарап Махмұтұлы өзінің «Мақтай отырып, даттамасаң қайтеді» деген мақаласында (Халықаралық «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналы, №3-4, 2012) Амантай Кәкеннің Сәбит Мұқановтың 110 жылдығына орай «Түркістан» газетінде шыққан «Бар қазақтың жүрегіне жол тапқан» деген мақаласын орынды сынға алған. Өйткені, Амантай Кәкен Сәбит Мұқановты мақтаймын деп отырып, оның баяғыда айтып кеткен сөздерін тауып алып, қазақтың маңдай алды азаматтары Дінмұхамед Қонаевты, Мұхтар Әуезовты, Қаныш Сәтбаевты, Ғабит Мүсіреповты, Сәбит Мұқановтың тілімен қаралаған. Осыған ызасы келген автор өз мақаласының соңында: «Құрметті әдебиет сүйер қауым, қазақта «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін» деген ұлағатты сөз бар. Сол айтқандай, С.Мұқановтай еліне белгілі азаматты 110 жылдығына еске алғанда Ғабитпен айтыстырмай-ақ, Мұхтар мен Қанышты қайта-қайта қап-қара, сұп-сұр деп жамандатпай-ақ, келелі де мазмұнды шығармаларымен, замандас жолдастарымен қарым-қатынастағы жағымды жақтарымен жеткізуге болмас па еді?!» – деп орынды түйін жасаған. Амантай Кәкен ойланар болса, Мұзараптың ғылыми журналдағы осы мақаласын оқығаннан кейін өз бармағын өзі де тістелейтін болар.
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Оны дамытатын, көсегесін көгертетін, өрісін кеңейтетін қашанда өз ортасы болмақ. Сондықтан бұл жөнінде де Мұзарап Махмұтұлы назардан тыс қалдырған емес. Ол республикалық ұлттық қоғамдық-саяси «Ақиқат» журналында (№2, 2009 ж) ерте кезде-ақ жарияланған ана тілінің мәртебесін көтерудегі өз ортасының ықпал-әсері жайлы жазылған «Ұлттың рухын ардақта» деген проблемалық мақаласымен де көріне білді.
ХІХ ғасырдың ортасында өзінің діни білімдарлығымен, көріпкелділігімен, әулиелігімен есімі Сыр бойына ғана емес Орта Азияға, қала берді жақын мұсылман елдеріне аңыз боп тараған Айқожа ишан өмір сүрген. Ол ислам дінін насихаттау жолын берік ұстанғанымен, оның бойында Алла нәсіп еткен ақындық, тәуіпшілдік, палуандық қасиеттері болған. Бірақ ол бұл қасиеттерін кәсіп етпеген. Алланың ақ жолында болған. Ал, Мұзарап Махмұтұлына Айқожа Ишан бабасының ақындығы қонған.
«Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, сондықтан Мұзарап өзін толғандырған мәселелерді, дүние құбылыстарын, әлем толқындарын өзінің жүрек сезіміне орап көбіне жыр жолдарымен жеткізіп отырады.
Табиғат тылсым дүние құпиялы,
Бірде бар, бірде жоқ боп құлпырады.
Дариядай тасимын деп шалқымаңыз,
Толқыны көтеріліп белге ұрады.
Ей, досым! Бәріне де шүкір делік,
Жақсы да, жаманы да болар серік.
Масайрап, мастанбаудың жолын ізде,
Ойлап қой, бұл жалғаның бір-ақ күндік, – дейді ақын.
Мұзарап бұл өлеңінде тәубеге, шүкіршілікке шақырады. Бұл жалғанда пенде екеніңді есіңе салады.
Мұзағаң тірліктегі кемшілікке кеңшілікпен қарамайды. «Жемқор мен парақор» деген өлеңінде екеуінде өткір тілмен сойып салады.
Жемқор-мал, не жесе де тоймайтұғын,
Дорбаның түбін теспей қоймайтұғын.
Қарыны жарылардай шермисе де,
«Бере бер, жей берем» деп жалмайтұғын, – деп жемқорды дорбаның түбін тескенше жей беретін хауанға теңейді.
Ал, парақорды:
Парақор-өңез адам арды ойламас,
Қанталап екі көзі жанын қоймас.
Там-тұмдап әрең жинап беріп тұрсаң,
«Бұның не, осы-ақ па?» деп қарар қиғаш, – деп арды ойламай, екі көзі қанталап ала бергісі келетін парақордың бейнесін айнытпай суреттейді. Бұл екеуінің қасиетін автордан артық айта қою да қиын.
Мұзағаңның «Ғасырлар үні», «Адам тіршілікте», «Өзіңдей біл өзгені», «Ағалар», сондай-ақ «Өмір-өзен» циклді (топтама) өлеңдері оқыған жанның ойын толқытып, мына дүниеге бей-жай қарауға болмайтындығын көрсетеді. Сен де сол дүниенің бір бөлшегі екендігін ұққандайсың. Сені сондай ой-сезіміне бөлейтіндігі, бұл Мұзарап Махмұтұлының ақындық шеберлігі.
Оның өмір жолы ғибратты жол. Ол еңбек жолын 1965 жылы «Красная звезда» кеңшарында бас есепші болып бастайды. 1980-1990 жылдары «Алмалық» кеңшарының директоры болып абыройлы қызмет атқарды. Бұдан кейінгі жылдары аудан әкімінің экономика, қаржы және сауда саласы жөніндегі орынбасары болды. 1994-1999 жылдары «Жұлдыз», «Алмалық» кооперативі шаруашылығын басқарса, кейін аудандық ауылшаруашылық бөлімінің экономика жоспарлау жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1999-2008 жылдары «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің басшысы ретінде абыройлы қызмет етті.
Ауылдық, аудандық Кеңестің бірнеше рет депутаты болып сайланды. Бүгінде жігері қайтпаған азамат ретінде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Өмірден көргені көп, түйгені мол азамат өткен жолын қағазға түсіріп, 2014 жылы Алматының «Қазығұрт» баспасынан «Жүректің көзі – өмірдің айнасы» атты естеліктер кітабын шығарды.
Жалпы, Мұзағаңның мерейі қоғамда биік. Оны 2017 жылы 70 жылдық мерейтойында куә болдық. Абырой биігінде өзінің мінезімен көрінген ақсақал ерік-жігерін, күш-қайратын қоғам игілігіне жарата беретініне сенеміз...

Жұпар ШАЙМЕРДЕНОВА.
13 ақпан 2018 ж. 1 013 0