№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҰСТАЗ БЕДЕЛІНСІЗ БІЛІМ САПАЛЫ БОЛМАЙДЫ

ҰСТАЗ БЕДЕЛІНСІЗ БІЛІМ САПАЛЫ БОЛМАЙДЫ

  Абайдың: «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген философиялық ойын тереңірек талдасаңыз ұлылықтың басында ұстаз тұратынын түсінесіз, бір әріпті үйреткен адамға қырық жыл сәлем берудің парқын ұғасыз. Расында, ұстаздар қауымы кез-келген мемлекеттің қозғаушы күші, қайнар өзегі. Олай болса, ұстазды құрметтеу, қадірлеу өз-өзінді сыйлаумен пара-пар дүние. Бірақ, нарықтың ырғағына түсіп, сананы қаржы билеген заманда ұстазды құрметтеу кемшін тарта бастады.
Дәл осы мәселені Мемлекет басшысы Нүрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында дөп басып, ұстаз мәртебесіне басымдық берді. Әрі 2019 жылы арнайы Заң қабылданатынын айтты.

Енді, сәтін салса Мағжан Жұмабаев айтқандай, Алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздыкі болатын күн жақын. Осы ретте, білім саласының бүге-шігесіне дейін жақсы білетін білікті басшы Болат Ибрагимовты әңгімеге тартып, ұстаз қандай жағдайда мәртебелі болатынын білген едік.
– Соңғы жылдардағы әртүрлі жағдайлар ұстаздар құқығы мен міндетін айқындау қажеттілігін көрсетіп берді. Яғни, ақпарат құралдарынан оқушының да, ата-ананың да ұстазға өктемдік көрсеткен оқиғаларын көрдік. Бұл ұстаз беделіне нұсқан келтіретін жағдайлар.
Біз мұғалім беделінсіз білімнің сапалы болмайтынын ұмыта бастаған едік, Елбасы Жолдауында
«...жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту абзал», – деп ұстаздар қауымының қорғаны бола білді, – деп бастады әңгімесін ауданның бас ұстазы Болат Мақсұтұлы.
– «Педагог мәртебесі» Заңында қандай мәселелерге басымдық беру қажет?
– Мемлекет басшысы стратегиялық құжатында: «Мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер... Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», деп заңның бағыт-бағдарын анық көрсетіп берді.
Жолдауда мектепке дейінгі білім беру саласында біліктілік талаптары мен оқыту әдістемелері, тәрбиешілер мен балабақшадағы өзге де қызметкерлердің еңбек ақы төлеу жүйесі қайта қаралады делінді.
Білім саласына қатысты маңызды тұсы орта білім беру жүйесіндегі реформаларды тоқтатуды тапсырып, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі мен әдістемесін енгізуді міндеттеді. Бұл – осыған дейінгі реформалар қорытындыланды деген сөз...
– Президент қоғамдағы ортақ көріністерді дәл айтты. Дегенмен, нақты жүзеге асыру тетігі қандай?
– Менің ойымша, заң жобасы БАҚ беттерінде ашық талқыға түсуі тиіс. Ал, заң жобасын дайындауға мұғалімдер де тартылғаны абзал.
Енді сұрағыңызға келер болсақ, ұстаздың міндеті, ұстаздың құқығы, ұстаздың статусы көрсетілгені дұрыс. Сондай-ақ, директордың және оның орынбасарларының міндеті, педагогтың жұмысқа қабылдануы және шығару ережелері, жүктеменің көлемі (ең аз және ең көп), мұғалімдік санатты жоғарылату тәртібі, қайта даярлаудан өту нормалары ескерілген жөн деп санаймын.
– Әлемдік тәжірибеге қарағанда, мұғалімдер мемлекеттік қызметкермен теңестірілген екен. Мұндай қадам бізге қажет пе?
– Расында, бәсекеге қабілетті озық елдерде педагог мәртебесі айқындалған. Мәселен, Бельгия, Дания, Испания, Италия, Партугалия, Финляндия, Францияда мектеп мұғалімдері мемлекеттік қызметкердің статусына теңестірілген. Мұндай үрдіс АҚШ пен Канадада да қалыптасқан. Жапонияда ағарту саласы қызметкерлері туралы арнайы заң бойынша мұғалім мемлекеттік қызметкер деп белгіленген.
Осыдан-ақ, дамыған елдер өркендеудің жолын білім саласын заманға сай реформалаудан, оның ішінде, мұғалім мәртебесін ұлықтаудан тапқанын көресіз.
– Жолдауда ұстаздар жалақысы 30 пайызға көбейетіні айтылды. Ұстаз мәртебесін көтеруде мұндай қолдаудың ықпалы қаншалықты?
– ХХІ ғасырда адами капитал мемлекеттің қозғаушы күшіне айналды. Яғни, мемлекеттің, оның еңбекке жарамды азаматтарының бәсекеге қабілеттігін арттырудың қажетті ресурсы. Ал, адами капиталдың көрсеткіші – білімде.
Олай болса, жас ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында мұғалімнің дәрежесін көтеру қай кезде де маңызды іс. Себебі, әлеуметтік деңгейі төмен мұғалімдердің оқушыға сапалы білім беруіне мүмкіндігі аз. Үнемі алаңдаулы... ойы жинақы жүрмейді...
Жаңа бастама ұстаздар еңбегін бағалау деп ойлаймын...
Бастысы, олардың арасында біліктілікті көтеруде бәсеке қалыптасады...
– Білім бәсекесінде биыл қандай істер атқарылды?
– Биылғы оқу жылында ерекше тоқталатын үш жаңалық бар.
Біріншісі, Қазақстан бойынша Астана, Атырау қаласының мектептерінде ғана болған «Н1 – ТД75» маркалы интерактивті панелі біздің ауданға келді. Бұл заманауи құралдың артықшылығы көп. Мәселен, үш тілде жұмыс жасайтын тақтада оқушыға қажетті ақпараттар шоғырланған. Демек, оқушының үш тілді меңгеруіне септігі бар. Сондай-ақ, бір мезетте 10 оқушы жұмыс жасай алады. Бұл уақытты үнемдеуге, әрі оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Заманауи тақтаның жады кең. Тіпті, мұғалім өткен сабағын осы тақтаның жадына сақтап, кез-келген уақытта пайдалана алады. Тақтамен жұмыс жасайтын мұғалім де, оқушы да қосымша заттардан арылады. Яғни, сабақ өтуге қажетті маркер немесе сызғыш, циркуль сияқты оқу құралдарының қажеті жоқ.
Екіншісі, биыл роботтехника кабинеттерінің саны артты. Қазір №54, №125, №160, №163, №168, №169, №184, №208, №209, №229, №239 және №110 мектеп-лицейінде арнайы кабинеттер құрылып, оқушылар робот құрастырудың қыр-сырын үйренуде.
Үшіншісі, жаңартылған оқу бағдарламасының бір міндеті қағазбастылықты азайту. Мұндай жұмыстарды электронды журнал мен күнделіктен көріп отырмыз. Биылдан бастап ауданның барлық мектептері осы үрдіске көшті.
Жалпы, жобаның тиімді тұсы көп. Қалай десеңіз, ата-ана өзінің паролімен сайтқа кіру арқылы баласының үлгерімін және тәртібін кез-келген уақытта қадағалауға мүмкіндік алады. Электронды журналдың сапалы жүргізілуі үшін мектептерге 663 планшет және 403 роутер (wi-fi) берілді. .
– Интерактивті панелі қандай мектептерге берілді? Соған тоқтала кетсеңіз...
– Физика бағыты бойынша №163, №167, №168, №169, №194, №224, №242 және №110 мектеп-лицейіне орнатылды. Интерактивті панельдер №51, №55, №52, №125, №163, №192, №209 және №110 мектеп-лицейінің химия кабинетіне қойылды. Ал, биология бойынша №51, №53, №125, №169, №213, №245, №3 мектеп-интернатына берілді. Бұл мектептерде білім мазмұнын жаңарту бойынша оқыған мұғалімдер пәндері бойынша сапалы мәліметтермен жұмыс жасай алуына мол мүмкіндік болып тұр.
– Кез-келген бағдарламаның жемісті болуы ұстаздардың біліктілігіне байланысты. Бұған да мән берген боларсыздар?
– Әрине, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Сондықтан реформаның жемісті болуы – ұстаздың біліктілігіне байланысты. Осыны қаперге алып, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша өткен оқу жылында 1180 мұғалім курстан өтті, бұл мұғалімдердің 47 пайызын қамтиды. Демек бұл бағытта атқарар шаруамыз жетерлік. 2018-2019 оқу жылында мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары жалғасын табады. Қазіргі таңда деңгейлік бағдарламалар бойынша деңгейлік оқу курстарынан өткен мұғалімдер 24 пайызды құрайды.
2017-2018 оқу жылында жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілін кіріктіріп оқыту бойынша 46 педагог біліктілік арттыру курсында білімін жетілдірді. Оның ішінде, 4 педагог 10 айлық курс бойынша біліктілігін шыңдады. 2018 жылдың 15-тамызынан бастап А2 деңгейі бойынша аяқтаған 16 педагог біліктілігін арттыруды жалғастырды. Бүгінде 23 мұғалім пәндерге ағылшын тілін кіріктіріп оқыту бойынша 12 мектепте (8 сыныпқа физика, информатика, биология, химия пәні бойынша) сабақ бастады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
19 қараша 2018 ж. 2 169 0